2 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Бүкіләлемдік сулы-сазды жерлер күні
1971 жылғы 2-ақпанда Рамсар қаласында (Иран) Сулы-сазды жерлер конвенциясына қол қойылды. 1997 жылы дәл осы күні Бүкіләлемдік сулы-сазды жерлер күні жарияланды. Бұл оқиға әр түрлі елдердегі қоғам назарын жер шарының тұрақты дамуын қолдауға пайдалы сулы-сазды жерлердің құндылығына аударуға шақырады.
Ревматоидты артрит туралы ақпаратты тарату күні
Жыл сайын атап өтіледі, 2013 жылы Rheumatoid Patient Foundation қоры – ревматоидты артритпен ауыратын науқастардың өмір сүру сапасын жақсартумен айналысатын коммерциялық емес ұйымы бекітті. Ревматоидты артрит туралы ақпаратты тарату күні осы ауру туралы жұртшылықтың хабардар болуына және ревматоидты артритті зерттеу қажеттілігіне назар аударуға, осы диагноз қойылған адамдардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсарту жолдарын іздеу үшін бекітілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1913 жылы Орынборда араб қарпімен қазақ тілінде «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылымның 264 саны шыққан (1918 жылғы қыркүйектің 26-ына дейін). Деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілген. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде жарық көрді. 1915 жылдан аптасына екі рет шығатын болды. Бастырушысы — «Азамат» серіктігі. Газетте 20 ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған мақалалар жарияланып тұрды. «Қазақ» газетінің редакторы — Ахмет Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі Міржақып Дулатов болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды. Басылымда А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, М. Дулатов, М. Шоқай, М. Тынышбайұлы, Ш. Құдайбердіұлы, Ғ. Қараш, Р. Мәрсеков, Ж. Тілеулин, Ғ. Мұсағалиев, М. Жұмабаев, Х. Болғанбаев, Х. Ғаббасов, Ж. Ақпаев, Ж. Сейдалин, С. Торайғыров, А. Мәметов, С. Дөнентайұлы, Х. Досмұхамедұлы т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды.
1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Еуропа Одағы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
2005 жылы Астанада халықаралық әуежайдың жаңа ғимараты ашылды. Ғимарат бес деңгейдегі жолаушылар үшін екі негізгі қабаттан және қазақтың киіз үйі тәрізді күмбез ішіндегі үш қабаттан тұрады. Олар алты телескоптық траптармен жабдықталған. Жаңа әуежайдың өткізу мүмкіндігі қауырт шақта тәулігіне 750 жолаушыға дейін болса, жүк терминалы тәулігіне 600 тоннаға дейін өткізе алады.
2008 жылы Прагада әйгілі қазақ жазушысы және әдебиеттанушы Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы жарық көрді. 2007 жылдан бері Чехия астанасында тұратын жазушының кітабы қазақ тілінде жазылған және оны прагалық «Арт-Фокус» баспа үйі басып шығарған. Автор бұл романда қазақ мемлекетінің тарихындағы, оның болашағы мен халық тағдырындағы маңызды мәселелер туралы өз ойымен бөліскен.
2012 жылы Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің тұрақты қадағалау органы – Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) қызмет ете бастады.
2015 жылы Алматыда «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндерінің аумағындағы шаңғы трассасы әлемдік рейтингте «үздік үштікке» кірді.
2017 жылы шаңғышы Иван Люфт, Дмитрий Рейхерд (могул), Юлия Галышева (могул), Галина Вишневская мен Алина Райкова (биатлон), Жанбота Алдабергенова және Бағлан Іңкәрбек (фристайлшылар дуэті) Алматыда өткен қысқы Универсиада–2017-де алтын медаль жеңіп алды.
2018 жылы Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC), Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA), Халықаралық бокс федерациясының (IBF) және Халықаралық бокс ұйымының (IBO) нұсқасы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин «Бокс аңыздары» сыйлығының «Жыл боксшысы» аталымында жеңімпаз болды.
2022 жылы ЭКСПО 2020 Дубайдағы Дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасының ұлттық павильонында ұсынылған «Әлем суреті» арт-жобасы Гиннестің рекордтар кітабының сертификатымен марапатталды. Қазақстан павильонының сахнасында сертификатты салтанатты табыстау рәсімі өтті.
Арт-жобаның мақсаты – планетамызда тұратын адамдарды ұлттық павильон аумағында орналасқан бір өнер туындысына біріктіру. Кескіндеме бейбітшілік, бірлік, келісім және достық сияқты құндылықтарды бейнелейді.