2 ақпан. Тұлғалар туған күн
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1933-2015) әйгілі қазақ хирургі, медицина ғылымдарының докторы, академик Мұхтар Әлиұлы ӘЛИЕВ дүниеге келген.
Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Төменарық стансасында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген (1957), емдеуші-дәрігер. Медицина ғылымдарының кандидаты (1966), докторы (1974). Профессор (1976 жылдан). ҚазКСР ҒА (1988), Халықаралық шығармашылық академиясының (1992), Халықаралық ақпараттандыру академиясының (1995), Нью-Йорк ғылым академиясының (1996), ГФР Медициналық білім беру академиясының (1996) академигі. ҚР хирургтері ғылыми мектебінің жетекшісі. 800 ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде 58 монография, ғылыми-танымдық және оқу кітапшалары бар. ҚР мен КСРО патенттері мен алдын ала патенттерінің 151 өнер табысы авторлық куәлігіне иегер. 30 ғылыми еңбектер жинағының бас редакторы. 1950 жылдан – Шымкент облысы Тимур ауылы 7 жылдық мектебінің оқытушысы. 1951 жылдан – Алматы мемлекеттік медицина институтының студенті. 1957 жылдан – Шымкент облысы «Тимур» кеңшарында учаскелік аурухана хирургі және бас дәрігері. 1958 жылдан – Алматы мемлекеттік медицина институтында клиникалық ординатор. 1960 жылдан – Республикалық кпиникалық ауруханасының хирург-дәрігері. 1961 жылдан – Онкология және радиология ҚазҒЗИ кіші ғылыми қызметкері. 1963 жылдан – Алматы екінші қалалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі; Алматы мемлекеттік медицина институтының аспиранты. 1969 жылдан – Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институты кафедрасының меңгерушісі, доцент. 1976 жылдан 1980 жылдар аралығында – Алматы мемлекеттік медицина институты хирургия кафедрасының меңгерушісі. 1978 жылдан 1982 жылға дейін – ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі. 1980 жылдан 1985 жылға дейін Ә.Н. Сызғанов атындағы Клиникалық және эксперименталды ҚазҒЗИ директоры. 1982 жылдан 1987 жылға дейін – ҚазКСР денсаулық сақтау министрі. 1997 жылдан – Ә.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының директоры. 2001 жылдан бері – Ә.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының құрметті директоры. 11-ші, 12-ші шақырылған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1983, 1985). «КСРО-Франция» Достық қоғамдастығы Қазақ бөлімінің төрағасы (1978). Бүкіл одақтық хирургтер қоғамының басқарма мүшесі (1978-1982). ҚазКСР ҒА төралқасының мүшесі (1988, 1989). Халықаралық гастроинтестианалды хирургтер клубының (1996), Н.И. Пирогов атындағы хирургтер ассоциациясының (1996) мүшесі. ПБИТС-мен күресу және алдын алу республикалық қоғамдық комитеттің құрметті терағасы, ұйымдастырушысы (1989). «Қазақстан хирургиясы» (1995), «Клиницист» (1995), «Қазақстан медицина журналы» (1998). ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1988), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1999), «Мамандық-Өмір» Халықаралық сыйлықтың (2004), «Платина Тарлан» сыйлықтарының лауреаты (2005). «Абылай хан» алтын медалімен (1998), «XXI ғасырдың 500 негізін салушылар» (Кембридж, Англия, 2001), «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Астана» (1998), «XXI ғасырдың 2000 көрнекті интеллектуалдары» медальдарымен; «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» белгісімен (2001) марапатталған. «Стратегиялық менеджмент үшін» алтын медалі мен лауреат атағын алған (Франция, 2002). Алтын жұлдыз – айрықша белгісінің табыс етілуімен «Халық Қаһарманы» (1995), «Жыл адамы» (2001), «Әлемнің көрнекті интеллектуалдары», «Медицина облысында көрнекті кәсіби жетістіктері», «Әлем азаматы», «Әлем елшісі», «Көрнекті көшбасшы» (2003) атақтарына ие. Хирургияны дамытудағы көрнекті үлесі үшін құрметті халықаралық дипломның дипломанты (2002). Балтимор қаласының Құрметті азаматы және Кентукки штатының Құрметті полковнигі, АҚШ (1988).
8 9 жыл бұрын (1934-2004) экономика ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі Қаратай Тұрысұлы ТҰРЫСОВ дүниеге келген.
Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. Мәскеу геология-барлау институтын, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын бітірген. 1974-1978 жылдары – Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы. 1980-1981 жылдары – Қазақ КСР Өнеркәсіпте жұмыс істеудің қауіпсіздігін бақылау мен кен бақылау жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1981-1984 жылдары – Қазақ КСР Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы. 1984-1986 жылдары – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Экономикалық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының төрағасы, Қазақ КСР Премьер-Министрінің орынбасары. 1991-1993 жылдары – Қазақстан Республикасы Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрі. 1993-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы. 1995-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрағасы болған. Экономика мәселелеріне арналған бірнеше кітаптың авторы. 2-ші дәрежелі «Барыс» және екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған.
8 5 жыл бұрын (1938) жазушы, қоғам қайраткері Марал ЫСҚАҚБАЙ дүниеге келді.
Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
1971-1977 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, республикалық «Қазақкітап» бірлестігінде бас редактор болып істеген. 1977-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде жауапты қызмет атқарған. 1985-1988 жылдары – «Мектеп», «Жазушы» баспаларының директоры. 1991-1997 жылдары – Қазақстан Республикасы Авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік агенттігінің төрағасы. Жазушының «Қырық қыз», «Сұлутөрдің бөктері», «Ұят туралы аңыз», «Жойқын төбе», «Шілде басталғанда», «Көңіл жұбанышы», «Менің көршілерім», «Пенде ғұмыр», «Ғашық боп көрмеген келіншек» атты прозалық, «Шығарма шырайы - шындық», «Мүйізді Өтеген», «Баба ұраны» атты сыни-зерттеу кітаптары жарық көрген. Жазушының әңгіме, хикаяттары бойынша «Қырық қыздың ауылы», «Қияндағы қыстау» сияқты телеқойылымдар, «Тамшы» көркем фильмі түсірілген. Қазақтың 1100 әнін құрастырып, «Қазақша Караоке» деген атпен CD-ға жаздырған. Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасымен марапатталған.
8 3 жыл бұрын (1940) ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар МАҒАУИН дүниеге келді.
Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасы, «Жалын» журналы бас редакторларының орынбасары, Әдебиет институты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аға ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, «Жазушы» баспасының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған. «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгімелер жинақтарының, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдардың, «Аласапыран» роман-дилогияның, «Қобыз сарыны» атты монографияның, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерінің, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарының, хрестоматия және басқа да оқу құралдарының авторы. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақтарының антологиясын құрастырған. Көптеген шығармалары басқа елдердің тілдеріне аударылған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.
6 7 жыл бұрын (1956) – Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Оразалыұлы ШӘКІРОВ дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтын, КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының адъюнктурасын бітірген.
1978-1987 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының адъюнкты, инспекторы, аға инспекторы, ғылыми қызметкері. 1987-1989 жылдары – КСРО Ішкі істер министрлігі сыртқы байланыс бөлімінің, 1989-1992 жылдары – КСРО Ішкі істер министрлігі Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты бөлімінің бастығы. 1992-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Келісімшарт-құқық басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1995-1996 жылдары – Қазақстан Республикасының Корей Республикасындағы Уақытша Сенімді Өкілі, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі. 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 1998-2004 жылдары – Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2004-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кеден комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2007-2019 жылдары Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болған. Қазіргі қызметіне 2023 жылдың қаңтарынан бастап кірісті.
КСРО-ның ІІІ дәрежелі «За безупречную службу» медалімен, Қазақстан Республикасының «Астана», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Халықаралық әскери достастықты дамытқаны үшін» медальдарымен, Ресей Федерациясының «За укрепление таможенного содружества» медалімен, Қырғызстан Республикасының «За укрепление таможенного сотрудничества» медалімен марапатталған.
5 6 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасының Біріккен ұлттар ұйымындағы тұрақты өкілі Ақан Ақасұлы РАХМЕТУЛЛИН дүниеге келді.
Алматыда туған. 1991 жылы Алматы энергетикалық институтын бітірді. Дипломатиялық қызметін 1993 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасының референті, содан кейін атташесі болып бастады. 1994-1996 жылдар аралығында Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы болды. Қазақстанға оралғаннан кейін және ҚР СІМ Бас консулдық басқармасының үшінші, екінші хатшысы лауазымдарында жұмыс істегеннен кейін 1999 жылы ҚР СІМ Дипломатиялық Академиясының бірінші жиынының тыңдаушысы болып, оны үздік бітірген. Дипакадемияны аяқтағаннан кейін екінші, бірінші хатшы, одан кейін Алматыдағы ҚР СІМ өкілдігінің кеңесшісі лауазымында жұмыс істеді, онда Қазақстанның халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік етті. 2002 жылғы желтоқсанда бірінші хатшы лауазымында Қазақстанның БҰҰ жанындағы Нью-Йорктегі Тұрақты өкілдігіне жіберілген. Онда БҰҰ Бас Ассамблеясының үшінші комитеті, БҰҰ түрлі органдарына сайлау мәселелерін жүргізген. 2004 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін Қазақстан СІМ орталық аппаратында жұмысын жалғастырып, онда халықаралық гуманитарлық-экономикалық ынтымақтастық департаментінің кеңесші лауазымынан бастап директордың орынбасарына дейінгі мансаптық өсу кезеңдерінен өтті. 2007-2011 жылдары Венада Кеңесші-Уәкіл, Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде ұйымның екінші өлшемінің (экология және экономика мәселелері бойынша) жұмысын үйлестірді. 2011-2015 жылдары Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілінің орынбасары қызметін атқарды. Исламабадқа қызметке тағайындалғанға дейін 2015 жылғы желтоқсаннан бастап ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры (2015-2019). Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2019-2021). ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары (04.2022-10.2022)
2022 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.55 жыл бұрын (1968) Қызылорда облыстық сотының төрағасы Әділхади Жұмабайұлы ШИҒАМБАЕВдүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген, заңгер (1994).
Еңбек жолы: ҚХА МТС Қызылорда облыстық базасының қызметкері (1985); Әуезов ауданы прокуратурасының стажер, аға тергеушісі (1985-1994); Алматы қаласы прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі (1994-1996); құқық қорғау органының қызметкері (1996-1998); Ақтау қалалық сотының судьясы, төрағасы (1998-2007); Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы (2007-2012); Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы (2012-2017); Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы (2017-2022 жж.).
2022 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.
46 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сейітжаппарұлы СӘРСЕНОВ дүниеге келді.
Шымкент облысында туған. Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын бітірген, «Ақпарат өңдеу және басқарудың автоматтандырылған жүйесі» мамандығы бойынша инженер.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеген, Қазақстан Республикасы радиожиілік спектрін пайдалануды бақылау мәселесімен айналысты, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Қаржылық жүйелерді ақпараттандыру орталығы» РМК ақпаратты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2003 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2008 жылдың сәуір айынан 2009 жылдың қазан айына дейін «Қазақтелеком» АҚ электрондық қызметтер бойынша Басқарушы директоры лауазымын атқарды. 2009 жылдың қазан айынан 2010 жылдың 30 наурызына дейін ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есеп жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2010 жылдың сәуір айынан 2012 жылдың қаңтар айына дейін ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі лауазымын атқарды. 2012-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі қызметінде болды. Сонымен қатар ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (09.04.2014-13.08.2014); ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы (08.2014 бастап) лауазымдарын атқарды. 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі болған; «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы (2017-2020).
2020 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған.
43 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы ОТАРБАЕВ дүниеге келді.
Жамбыл облысы, Ақжар ауылында туған. Еңбек жолын 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде стажер-зерттеуші болып бастаған. 2003-2016 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде аспирант, «Диалог» Еуразия-Қазақстан» журналының жауапты хатшысы, бас редакторы, бас үйлестірушісі, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қаламгер» журналының бас үйлестірушісі. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі болып қызметтер атқарған. 2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігінің Үшінші хатшысы. 2018-2020 жылдары – Түркістан облысы әкімінің орынбасары.
2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.