2 есімі, 3 фамилиясы бар Түркістан тұрғынының құжаттары реттеліп жатыр
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 2 есімі, 3 фамилиясы бар тұрғынның құжаттары ретке келтіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Келес ауданының 63 жастағы тұрғыны Нұржамал Анарханқызы бұған дейін КСРО құжатымен жүрген. Зейнет жасына жеткен соң, КСРО кезіндегі құжатын ауыстыруға ниеттенген. Алайда егде жастағы тұрғынның осы уақытқа дейінгі құжаттарында аты-жөні, тегі 2-3 түрлі болғаны жұмыстардың уақытылы жүзеге асуына кедергі келтірген.
«ЖСН берілу үшін, оның туу туралы куәлігі тексеріледі. Ал, аталған тұрғынның туу туралы куәлігінің актілік жазбасында аты-жөні мүлде басқаша көрсетілген. Осыдан соң неке қию туралы куәлікті тексергенде онда да басқа деректер жазылған. Тұрғын ешқандай мекемеге көмек сұрап бармай, ескі құжатпен жүре берген» - дейді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Бүгінде тәртіп сақшылары Нұржамал Анарханқызын құжаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов те бұл мәселені бірден жеке бақылауына алған. 63 жастағы тұрғынның жинақталған құжаттары ҚР Көші-қон комитетіне жолданып, бір күнде ЖСН құжаттары берілген.
Құжаттарының дұрыстала бастағанын көрген зейнет жасындағы ананың да көңілі қуанышқа кенеліп отыр.
«Апамыздың тегі үш түрлі – Анарханова, Әмірханова, Пірімқұлова болды және ол Нұржамал, Нәртай есімді екі есіммен жүрген. Полиция қызметкерлері бір күнде ЖСН алып ерді. Енді алдағы бір айда төлқұжат аламыз. Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовке және қызметкерлеріне алғыс айтамын» - дейді келіні Ақерке.