2 қаңтарда елдегі қай жолдарда қозғалыс тәртібі өзгерді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.
Ұлттық компанияның мәліметінше, 2026 жылғы 2 қаңтар сағат 09:00-де республикалық маңызы бар «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 159-238-шақырым аралығындағы учаскесінде (Кенен ауылынан Қайнар ауылына дейін) көліктің барлық түрі үшін қозғалыс ашылды.
Ал 08:00-дегі жағдай бойынша автокөліктің барлық түрі үшін жылдамдық режимі 80 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа өзгертілген жол учаскелері:
Ақмола облысы
* республикалық маңызы бар KAZ02 «Астана – Көкшетау (айналма жолымен) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 18-232-шақырым аралығы;
* KAZ01 «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 30-92-шақырым аралығы, Жібек Жолы кенті – Анар станциясы учаскесі.
Қарағанды облысы
* республикалық маңызы бар KAZ01 «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 92–164 шақырым аралығы, Анар станциясы – Теміртау қаласы учаскесі.
Сондай-ақ тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде қыс аяқталғанша сақталады.
Ал «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы жолайрықтың көпір құрылымының шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жолайрығы учаскесі жабылды. Атап айтқанда, Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша жабық.
Еске салайық, синоптиктер 2 қаңтарда елдің барлық аумағында ауа райына байланысты ескерту жасаған еді.