2 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 2 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

72 жыл бұрын (1952) Қазақстан Республикасы Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Дулат Рашитұлы ҚҰСДӘУЛЕТОВ дүниеге келді.

Ақмола облысы Макин ауданының Еркіндік ауылында туған. 1992 жылы Мәскеу заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 1975 жылы Целиноград қаласында бастады. 1975-1994 жылдары Целиноград қаласы облыстық әкiмдiгiнiң аппаратында әртүрлi қызметте жұмыс істеді. 1996-2000 жылдары Ақмола облысы прокуратура органдарында қызмет атқарды. 2000-2001 жылдары ҚР Бас прокуратурасында әр түрлі лауазымдарда болды. 2001-2005 жылдары ҚР Бас прокуратурасының мемлекеттiк органдары қызметiндегi заңдылықты қадағалау департаменті бастығының орынбасары, 2005-2013 жылдары ҚР Әділет министрінің орынбасары лауазымын атқарған. 2013-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі.

Қазіргі қызметін 2019 жылғы қыркүйектен бері атқарады.

«Құрмет» орденімен, «Прокуратура озаты» 2-санатты төс белгісімен, «Қазақстан темір жолына 100 жыл», «Астананың 10 жылдығы», медальдарымен марапатталған.

52 жыл бұрын (1972) Centras Group құрылтайшысы, «Қазақстан қор биржасы» АҚ және «Эйр Астана» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Елдар Советұлы ӘБДІРАЗАҚОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында дүниеге келген. 1995 жылы Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша үздік бітіріп , оқуын университеттің магистратурасында жалғастырды. 1996 жылы «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша ғылым магистрі академиялық дәрежесін алды. 2010 жылы Гарвард бизнес-мектебінің (АҚШ) басшыларына арналған бағдарламаны табысты аяқтады.

Еңбек жолы: 1995-1998 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ халықаралық басқармасында 1-санатты маманнан басқарма бастығының орынбасарына дейінгі қызмет сатысынан өтті - «Казкоммерцбанк» АҚ Халықаралық капитал рыноктары басқармасының бастығы, Инвестициялық банкинг департаментінің директоры болып қызмет еткен. 1998-2002 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды. 2002-2004 жылдары «Казкоммерц Секьюритиз» ААҚ бас директоры, 2004-2007 жылдары «Сентрас Секьюритиз» АҚ бас директоры, 2004-2007 жылдары «Сентрас Капитал» ЖШС бас директоры болып жұмыс атқарған. 2019-2021 жылдары «ForteBank» АҚ тәуелсіз директоры, 2021 жылы «ForteBank» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. «ForteBank» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

47 жыл бұрын (1977) қазақ драма театры, кино, телевидение, дауыс беру және дубляж актері, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат САТЫБАЛДЫ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Мерке ауданы Тұрар Рысқұлов ауылында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылдың маусым айында Қостанай облыстық қазақ драма театрында әртіс болып бастады. 2001-2018 жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып қызмет атқарды. 2013-2018 жылдары «Қазығұртфильм» ЖШС кадр және шығармашылық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры болды. 2018-2022 жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры лауазымын атқарды.

2022-2023 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, 2023-2024 жылдары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті қызметін атқарды.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

41 жыл бұрын (1983) Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Серікболұлы ЫДЫРЫСОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2005 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы жол жұмысшысы болып бастады. 2005-2006 жылдары «Қазақавтожол» ЖШС техникалық-өндірістік бөлімінің жетекші маманы, 2006-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің құрылымында қызмет етті. 2014-2016 жылдары «Қазавтожол» АҚ Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары, 2016-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымында басшылық лауазымдарда болды. 2019-2022 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары – ҚР бас мемлекеттік құрылыс инспекторының орынбасары, 2022 жылы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы – ҚР бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болды, 2022-2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған (2019).

183 жыл бұрын (1841-1889) қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогі, жазушы, этнограф, фольклоршы Ыбырай АЛТЫНСАРИН (шын аты - Ибраһим) дүниеге келді.

Туып-өскен жері – Қостанай облысының Қостанай ауданы Арқарағай ауылы. Осы өңірде Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді.

Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсырмасы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868-1874), Торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) лауазымын атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады. Оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елдің көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсынады. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қолөнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауылшаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады.

Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді. Мектеп оқуында, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д. Ушинскийдің ойларына жүгінді. Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде К.Д. Ушинскийдің «Балалар дүниесін», Л.Н. Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И. Тихомировтің «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды. Ыбырайдың пікірінше, мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды.

1879 жылы оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактикалық оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. Ыбырай жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, техниканы игеруге шақырады («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»). Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждағаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады («Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап. Надандықтың белгісі - Еш ақылға жарымас»). Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді («Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу»).

Жастарды өнер-білім, техниканы игеруге үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады («Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді»). Ыбырай сондай-ақ К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, И. Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Қазақстан Үкіметінің 1989 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен Ыбырай Алтынсаринның 150 жылдығына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педогогикалық еңбектер жарық көрді. Арқалық қаласында Ыбырай мұражайы ашылды.

Соңғы жаңалықтар