2 қараша. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 2 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Журналистерге қарсы қылмыстардың жазасыз қалуына қарсы халықаралық күрес күні
БҰҰ-ның халықаралық күндері жүйесінде аталып өтеді. 2013 жылдың 27 қарашасы күні БҰҰ-ның «Журналистердің қауіпсіздігі және жазасыз қалу проблемасы» тақырыбындағы қарары бірауыздан мақұлданды. Онда 2 қараша Журналистерге қарсы қылмыстардың жазасыз қалуына қарсы халықаралық күрес күні ретінде белгіленген.
Дүниежүзілік ерлер күні
Бұл күнді тойлау идеясы 2000 жылы айтылған. Бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қолдады. Содан бері Дүниежүзілік ерлер күні қарашаның бірінші сенбісінде көптеген елдерде аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1989 жылы алғашқы Республикалық дүнген құрылтайшылық конференциясы өтті. Онда Алматыда Дүнген мәдени орталығын құру туралы шешім қабылданды. Орталықтың алғашқы төрағалары болып Бакир Яхияевич Баяхунов пен Ильяс Набиевич Вансванов тағайындалды.
1999 жылы Семей университетіне ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі беріліп, университет ғимаратының алдына ескерткіш орнатылды.
2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы ашылды. Мұражайдың басты мақсаты - қуғын-сүргін құрбандары болған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өмірбаяндарын, суреттерін жинастыру.
2005 жылы ҚР отын-энергетика кешенін қарқынды әрі тұрақты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға көмектесу мақсатында заңды тұлғалардың тәуелсіз ерікті, коммерциялық емес бірлестігі — «KAZENERGY» қауымдастығы құрылды.
2006 жылы Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік кеңесіне (ЭӘК) мүше болып сайланды. 54 мүше мемлекеттен тұратын ЭӘК БҰҰ-ның 14 мамандандырылған мекемесінің, 10 функционалдық және 5 өңірлік комиссиясының жұмысын үйлестіреді, БҰҰ жүйесінің ұйымдарына және мүше-мемлекеттерге ұсыныс береді. БҰҰ Жарғысына сәйкес ЭӘК халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге көмектесу үшін, адамдардың еңбекпен толық қамтылуына, экономикалық және әлеуметтік прогреске жауап береді.
2011 жылы «Локомотив кұрастыру зауыты» АҚ-да қазақстандық 100-інші локомотив құрастырылды. 0100 жол нөмірі бар тепловоз Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды.
2012 жылы ҚР Президенті мен Монако князі II Альбердің келіссөздері нәтижесінде екі елдің мүдделеріне сай келетін бірлескен декларация қабылданды.
2015 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесінің жалауы Астанаға жетті. Қазақстанға айтулы шараның символын Миланда өткен ЭКСПО-2015 көрмесіндегі Қазақстан павильонының бас комиссары Әнуарбек Мусин әкелді. ЭКСПО жалауы ЭКСПО-2015 өткен Милан қаласынан Қазақстанға салтанатты түрде табысталған болатын.
2015 жылы Лондонда Ұлыбритания және ҚР Білім және ғылым министрліктері басшылығының қатысуымен британдық және қазақстандық университеттердің (UK - KazakhstanUniversitiesForum) бірінші форумы өткізілді. Форум басшылары face-to-face форматында халықаралық білім беру бағдарламаларын іске асыру саласында ынтымақтастық болашағын талқылаған 35 қазақстандық және 32 британдық ЖОО үшін тәжірибе алмасудың бірегей алаңына айналды.
2016 жылы тараздық шахматшы Мадина Дәулетбаева ресми түрде әйелдер гроссмейстері атанды.
2016 жылы Қарағандыда Жұлдыздар аллеясында ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Сыздықовтың атымен аталған белгі пайда болды. Болат Сыздықовтың құрметіне қойылған атаулы белгі аллеядағы жетінші белгі болды. Б. Сыздықов әр жылдары «Гүлдер», «Арай», «А-Студио» тобының ансамбльінде ойнаған. 1992 жылы «Мюзикола» дуэтін құрды. Мемлекет басшысының 2012 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен Б. Сыздықовқа «ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағы берілді.
2018 жылы ҚР Ұлттық банкі күмістен жасалған номиналы 5000 және 500 теңгені құрайтын «Теңгеге 25 жыл» коллекциялық тиындарын айналымға шығарды.
2018 жылы Астанада латын графикасындағы жаңа басылымның - «Тіл-қазына» республикалық ақпараттық-танымдық газетінің тұсаукесер рәсімі өтті.
2019 жылы Қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова Қазақстанның туризм елшісі атанды. Жас дарын енді ресми түрде туристерді елімізге тартуға үлес қосатын болады. Данэлияны Туризм елшісі ретінде сайлау рәсімі Жастар жылына орай елордада ұйымдастырылған «ZhasStar» фестивалі кезінде өтті.
2020 жылы Берлинде «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуы өтті. Шара аясында Германиядағы қазақ қоғамдастығының мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
2021 жылы Алматы қаласының Медеу ауданында, Шевченко көшесінің оңтүстігінде, Қонаев көшесінің шығысында республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениетін, өнерін, ғылымы мен білімін дамытуға барынша күш салған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист-ғалым Нұртас Оңдасыновтың ескерткіші ашылды.
2021 жылы Сәтбаев қаласында «Ұлы Дала» тарихи парк-мұражайы ашылды, оның аумағында Сарыарқаның тарихи көрікті жерлерінің макеттері - Алашахан, Жошыхан, Домбауыл жауынгері, Орда ханы, Аяқкамыр, Болған ана кесенесі орнатылды. Сондай-ақ, саябақта Ұлытау тауларының миниатюралары, Теректі петроглифтері, белгілі төрт бидің барельефі - «Төрт босаға»ұсынылған.
2023 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитіне қатысу үшін Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Өзбекстан және Түрікменстанның басшылары Астанаға келді.