2 қарашада Қазақстанның кей өңірлерінде жол жағдайы күрделенуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы мен Шығыс Қазақстан бағытында сапарға шығатын жүргізушілерді ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтыққа шақырды. Бұл туралы ҚазАвтоЖол компаниясы мәлім етті.
Бүгін Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, кей жерлерде қар күтіледі.
Осыған байланысты республикалық автожолдардың жекелеген бөліктерінде көріну қашықтығы төмендеп, жол беті тайғақ болуы мүмкін.
— Жүргізушілерге ауа райын ескеріп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, жол жағдайына қарай жылдамдықты таңдауды және оқыс маневр жасамауды ұсынамыз, — деп ескертті компаниядан.
Еске сала кетейік, Қазгидромет 2 қарашада ауа райының қауіпті құбылыстарына байланысты ескерту жариялаған болатын.