2 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 2 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

77 жыл бұрын (1948) актер, режиссер, профессор, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Қадырұлы ЖАМАНҚҰЛОВ (әл-Тарази) дүниеге келді.

Жамбыл облысының Байзақ ауданында туған. Алматы өнер институтының (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) актерлік факультетін бітірген.
Еңбек жолы: Актерлік өнер жолын студенттік кезінен Қазақ драма театрында бастады. 1993-2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік кеңесінің төрағасы болды. Қазақ драма театры сахнасында Бейсенбай (Қ. Мұқашев «Дала дастаны»), Арыстан (Қ. Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында»), Бақтығұл (Қ. Ысқақов «Таңғы жаңғырық»), Мырзахмет (Т. Ахтанов «Жоғалған дос»), Демесін (Д. Исабеков «Кішкентай ауыл»), Көтібар, Сырым (М. Әуезов «Айман-Шолпан», «Қарагөз»), Жалмұхан (Ғ. Мүсірепов «Ақан Сері-Ақтоқты»), Абылай хан (Ә. Кекілбаев «Абылай хан», М. Байсеркенов «Абылайдың ақырғы күндері»), Әбутәліп (Ш. Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн») рөлдерін сомдады. Бұл рөлдерде ұлттық және әлемдік театр мектептерінің дәстүрін терең меңгерген, диапазоны кең актер екенін танытты.
Еліміздің кино өнерінің дамуына да елеулі үлес қосып, Чекист («Отқа оранған Орал»), Тәңірберген («Қан мен тер»), Әбілқайыр («Жаушы»), Оразмерген («Ақырғы аманат»), Болат («Тарғыл қауын»), Әзімхан («Қаралы сұлу»), Қайырхан («Отырардың күйреуі»), Құнанбай («Жас Абай») бейнелерін өзіне тән ерекше шеберлікпен сомдап шықты. «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан рөлі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Режиссер ретінде К.Гоццидің «Тұрандот ханшайым», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл», Қ. Шахимарданның «Томирис» пьесаларын сахнаға шығарып, бүгінгі заманның отандық театр өнерінің деңгейін көтеруге үлес қосты. Ол 1974-1979 жылдары педагогикалық қызметпен шұғылданып, Қазақ драма театры жанындағы студияда, Алматы мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. 1979 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік шеберлік бойынша сабақ беріп, жеке курс жүргізеді.
70 жыл бұрын (1955) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қырғызстанның және Ресей көркемсурет академиясының толық мүшесі, Масарик атындағы Көркемсурет академиясының мүшесі Ерболат ТӨЛЕПБАЙ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Ленгер ауданындағы Қасқасу ауылында туған. 1973 жылы Қазақ ұлттық педагогика институтының көркем-графикалық факультетін бітірді.
«Маңғыстау күнделігі» (1978), «Суретшінің жастық шағы» (1980), «Санагүл», «Жазғы жайлаудан оралуы (екеуі де 1981), 1941 жылдың хабары», «Түрксіб» (екеуі де 1982), «Жазушы Ш. Айтматов» (1983), «Сүгір» (1986), «Дүйсен және Мария», «Жібек жолы», «Екеуі» (1990) т. б. кескіндемелік еңбектері өткен өмір мен бүгінгі күннің рухани өзара байланысын ғажайып ұлттық дүниетаным тұрғысынан танытады.
1974 жылдан бұрынғы Кеңес одағы және халықаралық көрмелерге, соның қатарында АҚШ, Бельгия, Германия, Италия, Қытай, Үндістан, Франция т. б. елдерде үйымдастырылған көрмелерге өз картиналарымен ұдайы қатысып келеді. Кескіндемешінің туындылары Қазақстан Мемлекеттік өнер музейінде және Ресей музейлерінде, ТМД, Азия, Америка мен Еуропадағы жекеменшік коллекциялар қорында сақтаулы.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (2004).
62 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қорғаныс істері жөніндегі әскери атташесі Талғат Мамыртайұлы ҚОЙБАҚОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Шу ауданы Танa ауылында туған, генерал-майор. 1985 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 2011 жылы ҚР ҚК Әскери академиясын (2002), РФ Бас штаб Әскери академиясын бітірген.
Еңбек жолы: 1989-2000 жылдары Оңтүстік әскерлер тобы 20624 әскери бөлімі барлау взводының, Түркістан ӘО 83328 әскери бөлімі тәртіп взводының, Республикалық Ұланның рота командирі, батальон командирінің орынбасары, жеке батальон, салтанат батальоны, полк командирі, әскери қызметінің бастығы болған. 2000-2001 жылдары мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары, жеке гвардиялық десант-шабуыл бригадасының командирі, мотоатқыштар дивизиясының командирі, ҚР ҚМ ШБК жедел жоспарлау департаменті басқармасы бастығының орынбасары, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскери қолбасшысының орынбасары — Штаб бастығы, «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы, бірінші орынбасары, РФ ҚК Бас штаб академиясының тыңдаушысы болды. 2001 жылдан ҚР ҚМ әскери дайындық және әскери кызмет департаментінің бастығы қызметін атқарды. 2012-2016 жылдары ҚР Қарулы күштерінің «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы. 2016-2017 жылдары ҚР Қарулы күштерінің Жаяу әскері бас қолбасшысының орынбасары. 2017-2020 жылдары ҚР Қарулы күштерінің Жаяу әскері бас қолбасшысының бірінші орынбасары — бас штаб бастығы болды. 2020-2023 жылдары ҚР Қарулы күштерінің Жаяу әскері бас қолбасшысы қызметін атқарған.
Қазіргі қызметін 2020 жылдың қарашасынан атқарып келеді.
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және медальдармен марапатталған.
51 жыл бұрын (1974) — «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бағдат Оразалдыұлы АЗБАЕВ дүниеге келді.

1997 жылы Қазақ аграрлық университетін, орман шаруашылығы инженері мамандығы, 2010 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1997-2001 жылдары «Автотехнологиялық қызмет көрсету» ЖШС механигі болды. 2001-2013 жылдары «Зеленстрой» МКК, «Астана-Зеленстрой» АҚ-да жұмыс істеді, «Астана орманы» кәсіпорнының басшысы болды. 2013-2014 жылдары ҚР Қоршаған орта министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы, 2014-2016 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және тірі әлем комитетінің төрағасы, 2016-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2019-2024 жылдары «Астана Тазалық» ЖШС жетекшісі қызметінде болды.
2024 жылдың шілде айынан қазіргі қызметін атқарып келеді.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.
102 жыл бұрын (1923-1986) жазушы, қазақ әдебиетінде шырғалаң оқиғалы детектив жанрының негізін қалаушы Кемел ТОҚАЕВ дүниеге келген.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1948-1984 жылдары Жамбыл облыстық газетінде қызметкер, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде жауапты хатшы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде редактор, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ведомстволарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарған.
Соғыс тақырыбы мен қазақтың құқық қорғау органдары қызметкерлері өміріне арналған «Тасқын», «Болашақ туралы ойлар», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Таңбалы алтын», «Жұлдызды жорық» атты повестер жинақтары, «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романдары жарық көрген. Сонымен қатар «Қыс қарлығашы», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Шоқ Жұлдыз» шығармаларының авторы.
Детектив жанрында «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалар жазған. Бірқатар шығармалары шетел тілдеріне аударылған.
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
99 жыл бұрын (1926-1983) кинорежиссер, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла ҚАРСАҚБАЕВ дүниеге келген.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген.
1947-1983 жылдары «Қазақфильм» студиясында режиссер болып «Ана мен бала», «Егер біздің бәріміз де…», «Қанатты сыйлық», «Ботагөз» атты көркем фильмдерді түсіруге қатысты. Тарихи тақырыпқа «Қилы кезең», «Даладағы қуғын» секілді фильмдерді, «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Менің ағам», «Қатарыңнан қалма», «Оу, ковбойлар», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шақтың кермек дәмі» көркем фильмдерін, сонымен қатар «Қазақ халқының қолөнері», «Торғай шеті», «Черкасск қорғаны», «Ақтөбе», т. б. деректі фильмдер қойған.
81 жыл бұрын (1944) баскетболшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Мүсірбекұлы ЖАРМҰХАМЕДОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Шыршық ауданы Табақсау ауылында туған. 1970-1974 және 1976-1980 жылдары КСРО-ның, 1972 жылы Мюнхендегі (Германия), 1980 жылы Мәскеудегі (КСРО) Олимпиада ойындарының, 1967, 1971 және 1979 жылдары Еуропа чемпионы.
Мектеп бітірген соң Шыршық қаласында зауытта істеп жүргенде оң қолының екі саусағынан айрылған. Зауыттың дене тәрбиесі инструкторы ұзын бойлы жігітті көріп, (оның бойы 208 см болған) баскетбол секциясына шақырған, содан ол жаттықтырушысы Роман Салетдиновтің ұйғарымымен 1963 жылы Ташкенттегі физкультура институтына түсіп, 1967 жылы физкультура оқытушысы мамандығын алып шыққан. КСРО-ның бірінші лигасындағы СКА спорт клубында және Өзбекстан құрама командасында өнер көрсетіп, тәжірибе жинақтаған. Атақты жаттықтырушы Александр Гомельский ЦСКА спорт клубына қайта-қайта шақырып, оған өзі ауысуға келісім бермегендіктен, 1968 жылы Мехико Олимпиадасына құрамаға алмай қойған. Мәскеуге барғысы келмей, 1969 жылы Алматы қаласының «Локомотив» командасына шақырту алып, жарты жылдай өнер көрсетіп, Ригада болатын кәсіподақтың Спартакиадасына Қазақстан атынан өнер көрсетуге Өзбекстан жағы рұқсат бермеген. Сол жылы 1969 жылдың 26 қарашасында КСРО қорғаныс министрі маршал Соколовскийдің қолымен хат келіп, Әлжанды еріксіз Мәскеудің, ол кезде құрама команданың базасы болған атақты ЦСКА командасына алып кеткен. Осы командада бақандай он бір жыл шабуылшы болып ойнаған. Осы команда құрамында және КСРО құрамасында тоғыз рет ел чемпионы, үш рет Еуропа чемпионы және 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанған. Ең есте қалар сәттерінің бірі Мюнхен Олимпиадасында америкалықтармен финалда ойнап жатқанда, ойын бітуге үш секунд қалғанда С. Белов есепті 51:50 жеткізіп, КСРО құрамасы Олимпиада чемпионы атанған. Сол жұлдызды команданың капитаны даңқты қазақ өз елінің тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.