2 кезеңмен өтеді — Ауыл шаруашылығы санағы қай айларда жүргізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңмен жүргізіледі. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев айтты.

— Негізгі санақ кезеңдері басталғанға дейін 2025 жылғы 1-30 маусым аралығында еліміздің 70 қаласында жеке қосалқы шаруашылықтарын алдын ала аралау жүргізілетін болады. Листинг деп аталатын бұл кезеңде санақ қызметкерлері сауалнамадан өтуге жататын үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылайды. Бұл жұмыс таңдалған мекенжай бойынша тұрғындардың шынымен тұратынын және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетінін растау үшін жүргізіледі, — деді ол ОКҚ алаңында.
Сондай-ақ спикер санақтың қашан аяқталатынын атап өтті.
— Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды. Ішінде ол онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді. Алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бүгінде сайт санақ жұмысымен танысу үшін жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары — барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деді Мақсат Тұрлыбаев.
Еске салсақ, биыл елімізде араға 18 жыл салып ауыл шаруашылығы санағы өтеді.
Бұған дейін санақ кезінде дерек беруден бас тартқандарға қандай жаза барын жазған едік.