2 күн ішінде іздеуде жүрген 17 қылмыскер ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ІІМ-і қол жеткізген келісіміне сәйкес, тергеуден, анықтау мен соттан жасырынып жүрген қылмыскерлерді, хабарсыз жоғалып кеткен азаматтарды іздестіру, кім екені белгісіз мәйіттерді анықтау жұмыстарын жандандыру мақсатында ағымдағы жылдың 11-12 наурызы күндері ҚР ІІМ Көліктегі ІІД қызмет көрсету аумағында «Іздестіру» жедел-алдын алу шарасы өтті.
Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
«Жедел-алдын алу шарасы барысында хабарсыз кеткен 3 азаматтың тұрғылықты мекен-жайы анықталды, іздеуде жүрген 17 қылмыскер ұсталды. Оның 4-еуіне ТМД елдерінің ішкі істер органдары іздеу салған», - деді ҚР ІІМ КІІД криминальдық полиция басқармасының бастығы Дәулет Мақсұтов.
Оның айтуынша, ТМД елдерінде ҚР аумағында қылмыс жасаған 2 қылмыскер анықталып, ұсталған. Оның біреуі Қырғызстан азаматы. Сонымен қатар 2 мәйіттің жеке мәліметтері анықталды.
Мәселен, жедел-алдын алу шарасы барысында Ақтөбе станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері 2000 жылдан бері мемлекетаралық іздестірілуде жүрген 57 жастағы азаматты ұстады.
Барлық хабарсыз жоғалып кеткен азаматтар мен ұсталған қылмыскерлер туралы ақпарат іздеуге бастамашы болған органдарға хабарланды. Ішінара кейбіреулеріне бұлтартпау шарасы қолданылды.