2 күн ішінде көлігін мас күйінде басқарған 348 жүргізуші ұсталды

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Жол-көлік оқиғасын қысқарту және олардың салдарын төмендету мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігі қазанның 21-27 аралығында «Қауіпсіз жол» жалпыреспубликалық алдын алу шарасын өткізуде. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінен хабарлады.

2 күн ішінде көлігін мас күйінде басқарған 348 жүргізуші ұсталды

Шара өткізілген алғашқы 2 күннің ішінде 15223 жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның ішінде 348 азамат көлігін мас күйінде басқарса, 164 жүргізуші көлігін құжатсыз басқарған. Сонымен қатар жылдамдық режімін арттырудың 3029 фактісі тіркелсе, 484 жүргізуші жол ережесін өрескел бұзып, қозғалыстың қарсы бетіне шығып кеткен. Бұдан бөлек 1312 жүргізуші апатты жағдай туындатса, 387 азамат жаяу жүргіншіге жол бермеген. Қауіпсіздік белбеуін тақпаудың 2201, көлік құралын басқару барысында ұялы телефонмен сөйлесудің 1084 фактісі тіркелсе, 554 жүргізуші мемлекеттік техникалық тексерусіз көлігін басқарған.

Сондай-ақ аталған шара қолға алынған күннен бері 1152 жүргінші жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жүрек-қан тамырлары ауруларынан болған өлім жөнінен бірінші, жол-көлік оқиғаларынан болған өлім жөнінен екінші орын алатыны атап өткен болатын. Мемлекет басшысының алға тартқан деректеріне қарағанда, өткен жылы жол бойында 2145 адам, биылдың өзінде 2273 адам қаза болды. Осыған орай ҚР Президенті көлікті алкогольді ішімдік ішіп алып жүргізгендер үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырған еді.