2 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

Өнердегі үзіліс күні
Жыл сайын қыркүйектің бірінші жұмасында тойланады. Атаулы күннің бастамашысы - Art is Moving коммерциялық емес ұйымы, ол күнделікті күйзелісті жеңу тәсілі ретінде арт-терапияны насихаттайды. Алғаш рет 2011 жылы атап өтілді
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Карелия жерінде алпыс жылға жуық уақыт жат елде жерленген қазақ халқының ірі тұлғасы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері, XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің айтулы өкілі Міржақып Дулатовтың сүйегін Торғай облысы, Жангелдин ауданындағы өзінің есімімен аталатын ауылға әкеліп жерлеу үшін арнаулы делегация арнайы сапарға аттанды.
1994 жылы Алматыда Райымбек батыр кесенесінің салтанатты ашылу рәсімі болды.
1995 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен жазушы Морис Давидович Симашко «Қазақстанның халық жазушысы» атағын алды. Симашко Морис Давидович (1924-2000) - Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері.
Одесса педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жазушы шығармаларының басты тақырыбы - Қазақстан, Ресей, Орталық Азия және Таяу Шығыстың тарихы мен ежелгі мәдениеті болды. Көркем аударма саласында І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын, тағы басқалардың шығармаларын орыс тіліне тәржімалады.
2007 жылы Қазақстанда алғаш рет күрді тілінің оқулығы жарық көрді. Авторы - «Барбанг» күрдтер қауымдастығының президенті Князь Мирзоев. Қазақстанда күрд ұлтының 50 мыңға жуық өкілі тұрады.
Күрд ұлты өкілдерінің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында. Аталған жерлерде күрд ұлтының мәдениет орталықтары және күрд тілінде оқытатын мектептер ашылған. Республикамыздың Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында ұлттық-мәдениет орталықтары жұмыс істейді, орыс тілінде ай сайынғы «Курде Зана» газеті шығады.
«Барбанг» Қазақстандағы күрдтер қауымдастығы - Қазақстан халқы Ассамблеясына бірінші болып кірген қоғамдық ұйым.
2011 жылы Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы штаб-пәтерінің орталық залдарының бірі австриялық Хофбург сарайында Қазақстандағы Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толуына арналған фотокөрме ашылды.
Көрмеде Семей полигонының құрылу тарихы, «Семей-Невада» ядролық қаруға қарсы қозғалысы және тәуелсіз Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану мен оны таратпау ісіне қосқан үлесі фотосуреттер тілімен баяндалған.
2011 жылы Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Гватемала Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнату жөнінде бірлескен коммюникеге қол қойылды. Құжатқа Ресейдегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков пен оның гватемалдық әріптесі Артуро Дуарте қол қойды.
2015 жылы Астана уақытымен сағат 10.37-де Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-18М» зымыран-тасымалдағышы ұшырылды, оның бортында Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов болды.
Айдын Айымбетов бортқа өзімен бірге Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің туларын алып ұшты.
2015 жылы Батыс Сахараға БҰҰ миссиясымен бірінші болып аттанған ҚР Қарулы күштерінің офицері, капитан Темірлан Мүсәпіров Қазақстанға оралды. Ол Африка елінде тура бір жыл қызмет етіп, әскери байқаушы міндеттерін атқарды.
2019 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты - жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау болып табылады.
2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, еліміздің алдағы дамуына қатысты бағыттарын айқындап көрсетті.
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын, еркіндіктері мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дамыған және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, халықты әлеуметтік қамту саласын жаңғырту, сондай-ақ өңірлердің әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларын ұсынды.
2019 жылы BaigeNews.kz (https://baigenews.kz/ ) қазақстандық ақпарат агенттігі құрылды. Бұл еліміздегі барлық оқиғалар, қазақстандық өмірдің позитивті жақтары мен проблемалары туралы баяндайтын сайт.
2020 жылы АҚШ Сауда палатасы Қазақстан мен Америка Құрама штаттарының арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесінің (USKZBC) ашылуы туралы ресми түрде жариялады.
Іскерлік кеңестің мақсаты – АҚШ Сауда палатасының кеңейтілген платформасы арқылы екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан ары тереңдету. Кеңес төрағасының міндеті Қазақстан экономикасының ірі инвесторы Chevron компаниясына жүктелді.