2 мыңға жуық адам Байқоңырдан Қазақстанның басқа аймақтарына көше алмай отыр
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «ҚР мен РФ арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Уәлихан Қалижан осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қолда бар мәліметтерге қарағанда, 1995 жылдан бері Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтары өз үйлерін жекешелендіре алмай келеді екен. Сонымен бірге, Қазақстан аумағындағы Байқоңырда өзіміздің заңдарымыз жүзеге аспай отырғанына қатысты мысалдар да жеткілікті. Мәселен, Байқоңырдағы зейнет жасындағы 1 мың 900 адам және Қорғаныс министрлігінде, Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде әр жылдары қызметтер атқарған 91 адам да Қазақстанның басқа аймағына, өзге қалаларға көшкісі келеді екен. Бұл мақсатқа 1,5 млрд. теңгеге жуық қаражат қажет болатыны да көрсетіліпті. Дегенмен, әлі күнге бұндай проблемалар оң шешімін таппай отыр», деді У. Қалижан.
Депутат бұндай жағдайда елдің қарапайым азаматтарынан бастап, ұзақ жылдар отанға қызмет еткен әскери сала мамандарының құқықтары да тапталып отырғанын атап өтті.