2 наурыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 2 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
50 жыл бұрын (1976) Шығыс Қазақстан облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Әскерханқызы МУСИНОВА дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Медведка ауылында туған. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды «Дүниежүзі тарихы» мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын Жезқазған қаласының ІІБ жеке күзет батальонының сержанты болып бастады. 2009-2010 жылдары Өскемен қаласы әкімдігінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, 2010-2011 жылдары аталған әкімдікте әлеуметтік-саяси жағдайды талдау бөлімінің меңгерушісі, 2011-2013 жылдары Өскемен қаласы әкімінің әлеуметтік блок бойынша бас инспекторы болды. 2013-2014 жылдары қала әкімінің кеңесшісі, 2014-2020 жылдары Өскемен қаласы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы лауазымын атқарған. 2020-2021 жылдары Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып еңбек етті.
40 жыл бұрын (1986) Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Дәурен Оденұлы ТЕМІРБЕКОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Шеффилд университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің маманы болып бастаған. 2007-2009 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде жұмыс істеді. 2009-2015 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің орталық аппаратында түрлі лауазым атқарды. 2017-2022 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Бюджеттік кредиттеу, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінде басшылық лауазымда болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы қыркүйектен бастап атқарып келеді.
88 жыл бұрын (1938-2007) Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік және Жастар сыйлықтарының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор Райымбек Ноғайбайұлы СЕЙІТМЕТ дүниеге келді.

Түркістан қаласында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын бітірген. 1970-1971 жылдары Мәскеудегі Мемлекеттік театр өнері институты жанындағы жоғары режиссерлер курсында оқыған.
1959-1960 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының актері, 1960-1980 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, директоры, 1980-1982 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Өнер істері басқармасының бастығы, 1982-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарды. 1995 жылдан өмірінің соңына дейін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Өнер» кафедрасын басқарған.
Сахналық өнер жолында Әубәкір (Қ. Байсейітов, Қ. Шаңғытбаев «Беу, қыздар-ай»), Арыстан, Сұңғат (Қ. Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті»), Қозы (Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Әбіш (М. Әуезов, Л. Соболев «Абай»). Шоқан (С. Мұқанов «Шоқан Уәлиханов»), Жайнақ (Ш. Айтматов «Ана - Жер-ана»), Кочкарев (Н. Гоголь «Үйлену»), Люченцио, Кассио (У. Шекспир «Асауға тұсау», «Отелло») секілді әр алуан рөлдерді ойнауда орындаушылық шеберлігімен көзге түсті.
Ол режиссерлік қызметпен де шұғылданып, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Б. Майлиннің «Неке қияр», Ә. Таразидің «Жолы болғыш жігіт», Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында Әуезовтің «Алуа», Т. Әбдіктің «Біз үшеу едік», Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты», Ш. Мұртазаның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», О.Сүлейменов пен Б. Мұқайдың «Заманақыр» және басқа туындыларды қойған.
53 жыл бұрын (1973-225) танымал экономист, қаржыгер, Қазақстанның мемлекет қайраткері Қамбарбек Амангелдіұлы МҮБАРАКОВ дүниеге келді.

Қызылорда политехникалық институтын «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы экономика және менеджмент», Қызылорда гуманитарлық университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Жаңақорған ауданы Өзгент ауылында жұмысшы болып бастаған. 1997-2001 жылдары Қызылорда қаласы бойынша салық комитетіндегі жауапты лауазымдар атқарды. 2001-2009 жылдары Шиелі ауданы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, Жаңақорған ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы, Қызылорда облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, 2009-2011 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2018 жылдары Қызылорда облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы, 2019-2022 жылдары Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2022-2023 жылдары Қызылорда облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы, 2023-2025 жылдары Қызылорда облысының Экономика және қаржы басқармасының басшысы лауазымын атқарды.