2 наурыз. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 2 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 46-сессиясының пленарлық мәжілісінде еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданды. Шешім дауысқа салынбай, бірауыздан мақұлданды. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ға мүшелікке қабылданғаннан кейін, бірден Тынық мұхиты және Азия аймақтары Экономикалық және әлеуметтік комиссияның мүшелігіне өтті.
1999 жылы Қазақстан Гидрометеорология қызметіне «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (РМК) мәртебесі берілді. 1922 жылдың қаңтарында негізі қаланған «Қазгидромет» 190 елдің қызметтерімен бірге Бүкіләлемдік метеорология ұйымының құрамына кіреді.
2001 жылы Алматыда жастар саясатын бюджеттік қаржыландыруды оңтайландыру және қалалық жастар бағдарламаларын жүзеге асыру үшін жағдай жасау мақсатында Жастар саясатын дамытудың мемлекеттік қоры құрылды.
2005 жылы Ақтөбе облыстық өлкетану мұражайына Абат-Байтақ кесенесінің маңынан табылған алтыннан жасалған бірегей заттар (ыдыс, зергерлік бұйымдар, ат әбзелдерінің бөлшектері) берілді.
2010 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Халықаралық мәдениеттер жақындасуы жылының салтанатты ашылу рәсімі болды.
2010 жылы ҚР Ұлттық банкі номиналы 100 теңгелік «Барыс» монетасын айналымға шығарды. Монетаның бет жағының орталық бөлігіндегі ою-өрнектің аясында Қазақстанның Елтаңбасы бейнеленген.
2010 жылы Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл аудандарының, Тараз қаласының әкімшілік шекаралары өзгертіліп, Байзақ ауданының 344,65 гектар, Жамбыл ауданының 5 609,1 гектарлық бөлігі Тараз қаласының әкімшілік шекарасына енгізілді.
2011 жылы Астанада Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Абыл, Дәулеткерей, Дина және басқа да көптеген қазақ халық композиторларының күйлерін тыңдауға және көшіруге болатын жаңа мамандандырылған веб-сайт ашылды. Қазақ халқы үшін күй – түрлі дәуірлердің өзіндік музыкалық ескерткіштері, көшпенділер өркениетінің көпғасырлық музыкалық мәдениетінің құнды қазынасы.
2011 жылы «Би олимпі» VIII халықаралық хореографиялық байқауының «Халық биі» номинациясында Алматы хореографиялық А. Селезнев атындағы училищесінің екінші курс студенті Риза Қанатқызы алтын медальға ие болды. Байқау Берлинде өтті, оған әлемнің 24 елінен 1000-нан астам өкіл қатысты.
2012 жылы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы посткеңестік кеңістікте және Шығыс Еуропада алғаш болып халықаралық нарыққа шығуға және Қазақстандағы медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін JCI халықаралық аккредитациясын алды. Joint Commission International (JCI) - медициналық мекемелерде қызмет көрсету мен емделушілердің қауіпсіздігінің сапасын арттыру мәселесімен айналысатын халықаралық ұйым.
2015 жылы Қазақстан Бенилюкс мемлекеттерімен реадмиссия туралы келісімге қол қойды. Құжат заңдылық кеңістігі мен құқықтық тәртіпті орнату бойынша күштерді бірлестіруге жаңа мүмкіндіктер береді. Бенилюкс – Бельгия, Нидерланд және Люксембург арасында құрылған, Батыс Еуропадағы саяси, экономикалық және кедендік одақ ретіндегі үкіметаралық ұйым.
2018 жылы Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығымен Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтті. Шара аясында Еуразия елдерінде пәтуа берудің ортақ базасын қалыптастыру мәселелері талқыланып, «Мұсылман уммасының тұлғалық келбеті» құжаты қабылданды. Еуразия мұсылман ғұламалары форумына Орталық Азия мен Еуропаның 21 елінен 35-тен астам делегат қатысты. Олардың арасында бас мүфтилер, дін қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, теологте, өңірлердегі бас имамдар болды.
2021 жылы «Ұлытау» этно-рок тобы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен DJOOKY Music Awards халықаралық музыкалық байқауында рок/металл номинациясында жеңімпаз атанды. Топ күйші Махамбет Өтемісұлының «Жұмыр қылыш» шығармасын орындады. Байқауға 13 музыкалық бағыт бойынша 83 елден мыңдаған музыкант қатысты.
DJOOKY Music Awards – әлемдегі ең үлкен онлайн музыкалық шара. Байқаудың мақсаты – ғаламдық таланттарды анықтау және насихаттау үшін желінің күшін пайдалану арқылы музыка индустриясын демократияландыру.
2021 жылы америкалық зерттеу орталығының Heritage Foundation ұйымының Экономикалық еркіндік индексі 2020 жылғы рейтингіде Қазақстан 180 елдің ішінде 39-орынды иеленді.
Heritage Foundation Қазақстан 2020 жылғы рейтингідегі позициясын жақсарту бойынша айтарлықтай оң динамикасы бар 10 елдің қатарына енгенін атап өтеді. Фискалдық тұрақтылық, меншік құқығын қорғау, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі, мемлекеттік шығыстардың тиімділігі, кәсіпкерлік еркіндігі, сауда еркіндігі, сот жүйесінің тиімділігі сияқты көрсеткіштерде оң динамика аталып өтті.
2022 жылы Қазақстанда Үкімет жанынан Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб құрылды. Жедел штаб Ресей Федерациясына санкциялар пакетін енгізуге және олардың Қазақстан экономикасына ықпалына байланысты экономика мен бизнесте туындайтын проблемалық мәселелерді қарастырып, шешетін болады.
2024 жылы Utebayev University ғалымдары сілтілі ортада натрий форматын алудың зертханалық әдісін іске асырды. Бұл реагент қыс мезгілінде жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын мұзданудың алдын алу үшін және ұшақтардың қанаттары мен корпусын мұздан қорғау үшін қолданылады.
2025 жылы қазақстандық альпинистер командасы Африканың ең биік шыңы Килиманджаро тауына (5895 м) шықты. Қазақстандық экспедицияны әлемдегі барлық 14 сегіз мыңдық шыңды оттегісіз бағындырған есімі аңызға айналған альпинист Мақсұт Жұмаев басқарды.