2 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 2 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

2 тамыз, СЕНБІ Ресейде әуе десанты әскері күні. 1930 жылы 2 тамыз күні Мәскеу әскери округының әскери-әуе күштерінің жаттығуларында Воронеж түбіне парашютпен 12 адамнан тұратын десантшылар бөлімі қонған. Бұл парашютті десантшылар бөлімінің қауқарын, болашағын байқауға мүмкіндік берген. Осы күннен бастап десантшылар күні аталып өтіледі. Әзербайжанда ұлттық кино күні. Республикалық кинематография қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 2 тамызда тойланады, ол Әезрбайжан Республикасының президенті Гейдар Алиевтің 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Өкімімен белгіленген. Македония Республикасының мемлекеттік мейрамы - Республика күні. Түркия қол астында болған Македонияның 104 жыл бұрынғы (1903) ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты 1998 жылдан бастап атап өтіледі. Македония Еуропаның оңтүстігінде, Балқан түбегінде орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 30 ауданға бөлінеді. Астанасы - Скопье қаласы. Ресми тілі - македон тілі. Ақша бірлігі - денар. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент. Атқарушы органы - Үкімет. Қазақстан Республикасы мен Македония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы маусымның 1-інде орнатылды. Қытайда ғашықтар мерекесі - Ци Си. Қытайдың дәстүрлі мерекелерінің бірі. Ол Ай күнтізбесі бойынша 7-ші айдың 7-ші күніне аталып өтіледі. Қазіргі қытай жастары оны ғашықтар күні ретінде тойлайды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 81 жыл бұрын (1933) Ақ теңіз бен Онега көлін жалғастыратын Беломор-Балтық арнасының құрылысы салтанатты түрде ашылды. Жалпы ұзындығы 227 шақырым, оның 190 шақырымы өзен-көл арналары арқылы өтеді. Қалған 37 шақырымы қолмен қазылған. Арнада 19 шлюз, 15 бөгет, 49 дамба, 12 су ағытқыш, т.б. гидротехникалық құрылыстар бар. Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстігін су жолы қатынасымен қамтамасыз етіп, Санкт-Петербор мен Архангельск қалалары аралығын Скандинавия түбегін айналып жүретін су жолына қарағанда 4000 шақырымға қысқартты. Арна құрылысына саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, т.б. қатысқан. 19 жыл бұрын (1995) Абай атындағы халықаралық қор Алматыдағы Достық үйінде А.Құнанбаевтың «Өлең - сөздің патшасы» деген өлеңдер жинағының тұсаукесерін өткізді. 19 жыл бұрын (1995) Мысыр астанасы Каирде Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті. 9 жыл бұрын (2005) Павлодарда Баянауыл ауданының тарихы туралы кітаптың таныстырылымы болды.Оны Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жас ғалымдары Мақсат Алпысбес, Ернар Кейкин, Еламан Қасен және Темірғали Аршабек жазды. Ол жерден елімізге белгілі Қазақстан ғылымының негізін қалаушы, академик Қаныш Сәтбаев, ғалым-энциклопедист Әлекей Марғұлан, бір топ ғалымдар, тарихшылар, археологтар, этнографтар шыққан. Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің тұңғыш өлеңін жазды, ал болашақ әдебиетші және философ Мәшһүр Жүсіп Көпеев көзқарастарын өзгертті, Жаяу Мұса керемет өлеңдерін шығарды. Кітап қазақ тілінде жарық көрген. 480 беттік түрлі-түсті суреттермен көмкерілген томнан оқырман өзіне керекті географиялық, этнографиялық, археологиялық және тарихи мәліметтер алады. Кітаптың авторлары Павлодар облысының жастарына өздері тұрып жатқан өңірдің, елінің тарихын білуді ұсынады. 7 жыл бұрын (2007) Сеулде Қазақстан халқы Ассамблеясының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталмыш шараға көрнекті қоғам және саясат қайраткерлері, елдің академиялық және іскер топтарының өкілдері қатысты. Шара аясында «Н.Ә.Назарбаев - этникааралық және ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы», «Н.Ә.Назарбаев. Бейбітшілік пен келісім саясаты» атты кәріс тіліндегі екі кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Шара еліміздің эстрада майталмандары «Ұлытау» тобы және «Наз» би ансамблінің ән шашуымен аяқталды. 404 жыл бұрын (1610) теңіз саяхатшысы Г.Гудзон Солтүтік жолмен Тынық мұхитына шыққанына сенімді болып,Гудзон шығанағын ашты. 190 жыл бұрын (1824) Нью-Йоркте Бесінші авеню ашылды, кейін ол сәнді дүкендер орналасқан жерге айналды. 127 жыл бұрын (1887) АҚШ-та Роуэлл Ходж тікенекті сымды патенттеді. 80 жыл бұрын (1934) Гинденбург рейхспрезидентінің өлімінен кейін Адольф Гитлер Германияның фюрері болып жарияланды. 74 жыл бұрын (1940) Молдавия КСР-і құрылды. ЕСІМДЕР 109 жыл бұрын (1905-1983) суретші МОРОЗОВ Сергей Александрович дүниеге келді. Семей қаласында туған. Мәскеуде Жоғары әдеби курстарын бітірген. Журналист болып қызмет атқарған. Оның Т.Бигелдиновтың өмірбаяны туралы кітабы, «Первые русские фотографы-художники», «Советская художественная фотография», «Творческие фотографии» атты монографиялары жарық көрді. Морозовтың жұмыстарында Қазақстанның тарихы, тарихи ескерткіштер туралы фотоматериалдар жиналған. 89 жыл бұрын (1925-1944) Кеңес Одағының Батыры ВЕЛИЧКО Валерий Федорович дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туған. 7-ші сынып бітіргеннен кейін кеңшарда слесарь болып жұмыс істеген. 1944 жылдың тамызынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысқан. Латвияның Добел қаласы үшін болған шайқаста қаза тапты. Қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталған. 64 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары болған СУДЬИН Александр Сергеевич дүниеге келді. Қарағанды облысы Балқаш қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. «Сельэнергияпроект» Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу жобалау институты Қазақ бөлімінің инженері, аға инженері, комсомол және партия органдарында, Алматы қалалық әкімшілігі үйлестіру-кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты ұйымдастыру-бақылау басқармасының мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының аумақтық даму бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі, мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары 3-дәрежелі «Барыс» орденімен, медальдармен марапатталған. 62 жыл бұрын (1952) Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы ҚАСЫМБЕКОВ Махмұд Базарқұлұлы дүниеге келді. 1952 жылы 2 тамызда Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, математика пәнінің мұғалімі, экономист, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор. Еңбек жолын 1969 жылы Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте бастады. 1974 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының математика факультетін, 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономикалық факультетін, 1990 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1973-1976 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты комсомол комитеті хатшысының орынбасары, кейіннен хатшысы болып істеді. 1976-1983 жылдары Фрунзе аудандық, Алматы қалалық және облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы, республика комсомолы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1983-1990 жылдары Алматы облыстық және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде еңбек етті. 1990 жылдан - Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппараты, кейіннен Мемлекет басшысының Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі. 1996 жылдың наурызынан - Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің меңгерушісі, ал кейіннен бастығы қызметін атқаруда. М.Б.Қасымбеков 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялаған, ол 25-ке тарта кітаптардың авторы, телавторы және құрастырушысы болып табылады. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», ІІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет» ордендерімен, 7 медальмен марапатталған. 60 жыл бұрын (1954-2000) белгілі әнші, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі ЕРӘЛИЕВА Мәдина Есмалайқызы дүниеге келді. Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Қызылорда педагогикалық училищесінің музыка бөлімін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыкалық факультетін бітірген. 1978-1984 жылдары Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болды. Нәзік те сыршыл үн, өзіндік мәнерімен халықтың сүйікті әншісіне айналды. Оның орындауындағы «Айқарагөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр», тағы басқа көптеген әндері мен «Кірмеші жиі түсіме», «Сағым жылдар» сияқты қазіргі қазақ композиторларының әндері М.Ерәлиеваның өзіне тән ғана әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, нақышты бояуымен халық жадында қалды. Ол халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосты. 45 жыл бұрын (1969) қазіргі бессайыс пен су астында бағдарлаудан еңбек сіңірген спорт шебері, суға жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазіргі бессайыстан үш дүркін Азия чемпионы ШУМИЛОВА Людмила Григорьевна дүниеге келді. Алматы облысында туған. Жаттықтырушысы - В.Василев. Спортшы 1984-1993 жылдары аралығында КСРО мен ТМД кубогы мен біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Л.Шумилова ХХ ғасырдағы әлемнің ең мықты бессайысшыларының бірі. Қазақстан Республикасының 25 рет рекордын жаңартқан. 19 елде өткен қазіргі бессайыс пен су астында жүзуден ашық біріншіліктерге қатысып, бірнеше дүркін чемпион болды. Қазіргі бессайыстан Афинада өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. «Құрмет» орденімен марапатталған. 42 жыл бұрын (1972) ҚР Ақпарат және байланыс агенттігінің төрағасы ЖҰМАҒАЛИЕВ Асқар Қуанышұлы дүниеге келді. Орынбор облысында туған. Свердловтағы Суворов училищесін, Харьков ракета әскерлерінің жоғары командалық-инженерлік училищесін, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Лозаннадағы Швейцария Федералды технология институтының электронды басқару бойынша шебер дәрежесі бар (Ecole Polytechnique Federale de Lausanne - EPFL). «Жарық» ЖШС бас директоры; Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінде Байланыс саласындағы мемлекеттік қадағалау басқармасының бастығы, Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі құрылған сәттен бастап төраға орынбасары, 2004 жылдың қыркүйегі мен 2005 жылдың қаңтары аралығында төраға міндетін атқарды. 2005 жылдың мамырынан Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының бірінші орынбасары. 2006 жылдың 27 қаңтарында Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды. 2006 жылдың 11 қазаннан 2010 жылдың наурызына дейін «Қазақтелеком» АҚ Басқармасының төрағасы. 2010 жылғы 12 наурыздан 2012 жылғы 20 қаңтарға дейін ҚР Байланыс және ақпарат министрі қызметін атқарды. 2012 жылғы 20 қаңтарда ҚР Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалды. 2014 жылдың наурызынан қазіргі қызметінде. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» , «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. 2005 жылы «Құрметті байланысшы» атағы берілді, Ю.А.Гагарин медалінің иегері. 2009 ж. «Құрмет» орденімен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар