20 ақпан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 20 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

54 жыл бұрын (1971) Тараз қаласының әкімі Бақытжан Әмірбекұлы ОРЫНБЕКОВ дүниеге келді.

М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» және «тау-кен ісі» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы Жамбыл қаласындағы «Заман» фирмасында бөлім бастығы болып бастаған.
Әр жылдары «Делдал» жеке кәсіпорны директорының орынбасары, «Жамбыл-Құпарлылық» АҚ-ның механигі, «Шығыс Таңы» Сауда-өндірістік компаниясы» ЖШС-нің бас директоры, «Тараз көлік жолы» ЖШС-нің президенті, Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс басқармаларының басшысы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС-де және «Волковгеология» АҚ-да түрлі басқарушы лауазымдарда еңбек еткен.
2016-2017 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары, 2017-2018 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары, 2018-2021 жылдары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен өндіру компаниясы» АҚ-да департамент директоры, басқарушы директор - жобалық кеңсесінің басшысы, жобаларды басқару жөніндегі бас директор - басқарма мүшесі қызметтерін атқарған.
2022 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 15 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
50 жыл бұрын (1975) ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Оразханұлы ОРАЗХАН дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. 1997 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2008 жылы Алматы экономика және статистика академиясын бітірген.
Еңбек жолын Қарағанды облысы Саран қаласының прокуратурасынан бастады. 1997-2003 жылдары Саран қаласы прокурорының көмекшісі, Қарағанды облыстық прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің аға прокуроры, орынбасары Балқаш қаласының прокуроры болды. 2003-2009 жылдары Қарағанды облысы бойынша Соттар Әкімшісінің орынбасары, 2009-2012 жылдары Қарағанды облысының Әділет департаменті басшысының орынбасары, 2012-2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысы, 2016-2018 жылдары Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы, 2019-2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары, 2022-2023 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарды.
49 жыл бұрын (1976) «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Рүстем Айдарбекұлы БИҒАРИ дүниеге келді.

Көкшетау қаласында туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін, Бостон университетін «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. PhD докторы.
Еңбек жолы: 1999-2003 жылдары Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасында жұмыс істеген, 2003-2006 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қызметкері, 2006-2009 жылдары Президент Әкімшілігінің ақпарат секторының меңгерушісі, «электрондық үкіметті» қалыптастыру және дамыту бағдарламаларын, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге қатысты, 2009-2018 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2018-2021 жылдары ҚР Білім және ғылым вице-министрі.
2022 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
47 жыл бұрын (1978) Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының әкімі Әлия Биғазықызы МҰХАНБЕТЖАНОВА дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы,Орал қаласында туған. 1998 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік аграрлық университетін «Агрохимия және топырақтану» мамандығы бойынша, 2005 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы:1999-2002 жылдары Зеленов ауданы Кожевниковский орта мектебінің мұғалімі, 2002-2005 жылдары Батыс Қазақстан облысы Зеленов аудандық жерге орналастыру бөлімінің жетекші маманы, 2005-2006 жылдары Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары жөніндегі бас маманы, 2006-2008 жылдары Зеленов ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы, 2008-2014 жылдары Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы, 2014-2020 жылдары Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы, 2020-2023 жылдары Шыңғырлау ауданының әкімі қызметтерін атқарды.
2023 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.
126 жыл бұрын (1899-1938) Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы ЖАНДОСОВ дүниеге келген.

Алматы облысының Қарасай ауданында туған. Верный ерлер гимназиясын бітірген. Қазақстанда кеңестік билік орнағаннан кейін Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыстық бөлімін басқарды.
1919-1921 жылдары Түркістан Коммунистік партиясының мұсылман коммунистері секциясы облыстық бюросының төрағасы болып, Жетісу облыстық революциялық-әскери комитетін және облыстық «Қосшы» одағына басшылық жасады. 1921-1923 жылдары Түркістан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы болды. 1923-1924 жылдары Мәскеудегі Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясында білім алды. 1924-1928 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне басшылық жасады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 10 жылдығына орай, 1926 жылы Жетісудағы Қарқара көтерілісіне қатысқандарды мәңгі есте қалдыру мақсатында көтерілісшілер жиынын өткізіп, кейін «Ереуілтөбе» атанып кеткен жерге ескерткіш орнатпақ болып, тас үйіп, белгі қалдыруға қоғам қайраткері Ыдырыс Көшкінов, т.б. азаматтармен бірге қолдау көрсетіп, ат салысты.
Жетісудағы алғашқы ақындар айтысын ұйымдастырды. Қоғам қайраткері ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарды, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1928-1937 жылдары Қазақ АКСР ағарту халкомы, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының директорлығымен қатар Республикалық кітапхананың директоры, БК(б)П Кеген аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ұлтаралық қатынастарды реттеуге көп еңбек сіңірді. КОКП съездерінің және КСРО Кеңестері съездерінің делегаты, БК(б)П Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі және бюро мүшесі, Түркістан Орталық атқару комитеті төралқасының және Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан Орталық атқару комитетінің және оның төралқасының мүшесі, Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы болды.
1937 жылы тамызда партиядан шығарылды да, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы наурызда атылды.
Кенен Әзірбаев тұтқынға алынған Жандосовпен өзінің қоштасқан сәті туралы «Оразжан» әнін шығарды. 1999 жылы Алматыда қоғам қайраткерінің ұлы Анри (Әли) Жандосовтың құрастыруымен «Қайран Ораз» атты кітап жарық көрсе, немересі – бірнеше жинақтың авторы, ақын Гүлнар Жандосова Алматыда Ораз Жандосов атындағы гуманитарлық лицей құрды. Елімізде Жандосовтың есімі елді мекендерге беріліп, Алматы қаласында оған ескерткіш орнатылды. Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылында қоғам қайраткері атындағы өлкетану мұражайы жұмыс істейді.