20-ға жуық ақтөбелік азамат «Инновациялық форум» телешоуына қатысуға өтінім берді
АҚТӨБЕ. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында «Инновациялық форсаж» телешоуының арнайы автобусы болды. Ақтөбеліктермен кездесу «Нұр Отан» ХДП-ның ғимаратында өтті.
Белгілі болғандай, автобус байқауға қатысу талаптарын түсіндіру және байқауды насихаттау мақсатында Қазақстан қалаларын аралап жүр. Инновациялық бизнес-жоспарлардың республикалық байқауы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «Технологиялық дамыту бойынша ұлттық агенттігі» АҚ-ның тұрғындардың инновациялық белсенділігін арттыру шарасының аясында өтуде. Байқауды «Инновациялық форсаж» атауымен реалити-шоу түріндегі телевизиялық нұсқада өткізу жоспарлануда.
Шоу республикадағы рейтингісі жоғары арналардың бірінен көрсетіледі. Байқау жеңімпазы 7,5 млн. теңге көлеміндегі грант иегері атанады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, инновациялық бизнес-жоспарлардың республикалық байқауы жас ғалымдардың, талантты өнертапқыштардың, болашақ бизнесмендердің өршіл талаптарын сынау алаңына айналады.
Шоудың бас кейіпкері - бірегей инновациялық идеяның авторы. Ұйымдастырушылардың барлық күштері оның өз жобасын іске асыруына бағытталады. Бұл мақсаттарда жобаның бүкіл уақытында қатысушыларға үздік мамандар, кеңесшілер және кәсіби бизнес-жаттықтырушылар көмектеседі. Байқаудың барлық қатысушылары инновациялық кәсіпкерліктің құпияларын ашатын мамандандырылған тренингтерден өтеді. Байқауға 20-ға жуық ақтөбелік азамат қатысу ниетін білдірді.