20 қаңтар. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 20 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

66 жыл бұрын (1959) генерал-майор, заң ғылымдарының докторы Қозы-Көрпеш Жапарханұлы КӘРБОЗОВ дүниеге келді.

Қозы-Көрпеш Жапарханұлы КӘРБОЗОВ
Фото: finpol.kz

Жамбыл облысы Шу қаласында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін (1981) заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша; КСРО Прокуратура институтының Харьков филиалын (1985); Мәскеу КСРО прокуратурасы басшы кадрларының біліктілігін жетілдіру институтын (1989); әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген (2003).

Еңбек жолы: 1981-1982 жылдары Жамбыл облысы, Шу ауданы Атқарушы комитетінің жауапты хатшысы, 1982-1988 жылдары Мойынқұм ауданы прокурорының көмекшісі, 1986-1988 жылдары Жамбыл облысы прокуратурасы Тергеу басқармасының прокуроры, 1988-1989 жылдары ҚР прокуратурасы Тергеу басқармасының прокуроры, 1989-1994 жылдары Қызылорда облыстық прокуратура тергеу бөлімінің бастығы, облыс прокурорының орынбасары болып қызмет атқарған.

1994 жылы ҚР Бас Прокуратурасы сот актілерінің заңдылығын қадағалау жөніндегі басқарма бастығы,1994-1995 жылдары ҚР Бас Прокуратурасы жанындағы мемлекеттік биліктің жоғары эшелондарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы прокурор, 1995-1997 жылдары Ішкі істер министрлігі органдарында, Мемлекеттік тергеу комитеті мен анықтаудың жедел қызметтерін қадағалау жөніндегі басқарма, салық қызметі, Қаржы министрлігі және Қазақстан Республикасы Кеден комитеті, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті Бас басқармасының бастығы, 1997-1998 жылдары Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті Департаментінің бастығы, 1998-2000 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы лауазымын атқарған.

2000-2003 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тергеу департаментінің бастығы, 2003-2007 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары, 2003-2007 жылдары ҚР Қаржы министрінің орынбасары – Кедендік бақылау комитетінің төрағасы, 2007-2011 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Шекаралық бақылау комитетінің вице-министр-төрағасы қызметін атқарған. 2013 жылдан бері ҚР Қорғаныс министрлігі жанындағы Әскери-стратегиялық зерттеу орталығының президенті. «KMG-Security» ЖШС бас директоры (Басқарма төрағасы).

I және II дәрежелі «Даңқ» ордендерімен (2004,2009), медальдармен марапатталған.

62 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Асқаржан Қапезұлы КЕНЖЕҒАРИН дүниеге келген.

Асқаржан Қапезұлы КЕНЖЕҒАРИН
Фото: sud.gov.kz

Жоғары заңгерлік білімі бар.

Еңбек жолын заңгер мамандығы бойынша 1989 жылы Шұбартау аудандық нотариаттық кеңсесінің нотариусы лауазымынан бастаған. 1992-1996 жылдары Семей облысы Аягөз халық сотының атқарушылық және әкімшілік істер жөніндегі судьясы, 1996-1998 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Шұбартау аудандық сотының төрағасы, 1998-2015 жылдары ШҚО сотының судьясы болып қызмет атқарған. 2015-2017 жылдары Астана қаласы соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болды.

2017 жылдан бастап қазіргі қызметінде.

54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Бүркітқызы АҚҚҰЖИНА дүниеге келді.

Бибігүл Бүркітқызы АҚҚҰЖИНА
Фото: Gov.kz

Қостанай облысы Урицкий ауданы Қара-Оба ауылында дүниеге келген. А.Батұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: Қостанай мемлекеттік университетінің психология оқытушысы (1997-2000); Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша мемлекеттік қызмет басқармасының жетекші және бас маманы (2000-2002); Қостанай облысы әкімдігінің облыстық ішкі саясат басқармасының талдау және мониторинг бөлімінің басшысы (2002-2009); Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары (2009-2016); Қостанай қаласы әкімінің орынбасары (2016-2017); «Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі (2017-2021); «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары (2021-2022); «АМАНАТ» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы (2022-2023).

2023 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі қызметінде.

41 жыл бұрын (1984) Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ президенті Сергей Леонидович ПРОКОПЬЕВ дүниеге келді.

Сергей Леонидович ПРОКОПЬЕВ
Фото: Gov.kz

Жамбыл облысында туған. 2006 жылы Инновациялық Еуразиялық университетін «Қара және түсті металдар» мамандығы бойынша тәмамдады, Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет Ресей академиясында МВА біліктілігі бойынша білімін арттырды (2012 жыл). ЕҮ бизнес академиясында білім алған.

Еңбек жолын Ақсу ферроқорытпа зауыты №1 балқыту цехының көрікшісі болып бастаған. Кейін аға шебер болып жұмыс істеді, №1 балқыту цехын басқарды, өндірістік-техникалық басқармаға жетекшілік етті, ал 2014 жылы Ақсу ферроқорытпа зауытының өндірісі жөніндегі техникалық директорының орынбасары, 2014-2021 жылдары Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры болып қызмет етті. 2021-2022 жылдары «Қазхром» ТҰК» АҚ өндіріс жөніндегі вице-президенті лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.

«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған (2015).

25 жыл бұрын (2000) әртіс, әнші Мирас ЖҮГІНІСОВ дүниеге келді.

Мирас ЖҮГІНІСОВ
Фото: instagram.com/zhugunussov.mj/

Орал қаласында дүниеге келген.

Туған ағаларымен бірге «Ағайынды Жүгінісовтер» триосы ретінде өнер көрсетті. Рүстем, Мұхаммедәли және Мирас – халықаралық байқаулардың жүлдегерлері әрі жеңімпаздары. Мирас Грузиядағы «Жібек жолының жұлдыздары-2018» фестиваліне қатысқан.

2021 жылдың 13 қарашасында «Шыда» әніне бейнебаян шықты. Сол уақыттан бастап ол көпшіліктің сүйікті әншісіне айналды. 2022 жылдың 15 ақпанында Мирастың дуэт болып шырқаған «Роман» әні жарыққа шықты.

Мирастың сондай-ақ көпшілікке танымал «Зымыран» (2021); «Сен туралы» (2021); «Кызғанамын» (2021); «Ойлай берем» (2022); «Мама» (2022) әндері бар.

Соңғы жаңалықтар