20 қаңтар. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 20 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Әзербайжанда ұлттық аза тұту күні

1990 жылы сағат 00:20-да КСРО-ның басқа облыстарынан келген кеңес әскерлері Әзербайжан КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының келісімінсіз Баку қаласына басып кіріп, сол арқылы КСРО және Әзербайжан КСР конституцияларын, сондай-ақ республиканың егемендігі туралы Конституциялық заңын бұзды.

Әскерилердің негізсіз және шектен тыс күш қолдану салдарынан жүзден астам бейбіт тұрғын қаза тапты, олардың көбі әзербайжандар. Қайғылы оқиғаның мән-жайы мен себептерін тексеру жөніндегі республикалық комиссияның мәліметінше, 131 адам қаза тауып, тағы 744 адам жарақат алған. Бұл дата Әзербайжан тарихына «Қара қаңтар» деген атпен енді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1919 жылы қазіргі Алматыда Жетісу жыршы-ақындарының слеті өтті. Оған халық ақыны Жамбыл Жабаев та қатысты.

1932 жылы Қазақ Өлкелік Комитетінің ІІІ Пленумының Қаулысымен «Советская степь» газеті «Казахстанская правда» болып өзгерді.

1984 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Қазақ КСР-інің халық жазушысы» құрметті атағы бекітілді. Құрметті атақты алғашқылардың бірі болып Ғабит Мүсірепов, Дмитрий Снегин, Тұрсынхан Әбдірахманова иеленді. 1999 жылдан бастап «Қазақстанның халық жазушысы» атағын беру тоқтатылды.

1994 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Галс» телехабар таратудың алғашқы ғарыштық қондырғысы ұшырылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстанның мамандандырылған коммерциялық жинақ банкі Халық банкі болып қайта құрылды.

1996 жылы Қазақстанның екі палаталы Парламенті – заңнамалық қызметтерді атқаратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілетті органы өз жұмысын бастады.

2009 жылы «Қазпошта» АҚ Екінші Ұлттық халық санағына арналған пошта конвертін айналымға шығарды. «Kazpost» таңбалы конвертте Екінші ұлттық халық санағының белгісі мен «Елтаңба» стандартты пошта маркасы басылған. Көлемі – 220х110 мм, саны – 1 миллион дана.

2010 жылы Ақордада ядролық қаруды таратпау жөнінде ҚР Президенті жанынан құрылған Комиссияның алғашқы отырысы өтті. Мәжіліс барысында ядролық қаруды таратпау, Қазақстанның осы саладағы халықаралық серіктестіктері мен Вашингтонда өтетін саммитке қатысатын Қазақстан делегациясының дайындығы талқыланды.

2010 жылы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Болат Сембиновтың басшылығымен қазақстандық делегацияның Брюссельге сапары барысында «НАТО+Қазақстан» форматында отырыс өтті. Онда НАТО-мен Қазақстан әріптестігінің жеке іс-қимыл жоспарының (ӘЖІЖ) екінші циклі мақұлданып, қабылданды.

2016 жылы Алматыда Мұрат Мұтырғановтың цирк студиясы ашылды. ҚР Тұңғыш Президенті Қорының арқасында аз қамтылған отбасылардың балалары цирк студиясында тегін білім алады.

2018 жылы Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы Абай мен Жюль Верннің құрметіне «Абай-Верн» стипендия бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарламаны Франция үкіметі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен бірлесіп қаржыландырады. Бағдарлама жыл сайын 100 стипендия тағайындайды.

2018 жылы әлемдегі ірі кітапханалардың бірі – Нью-Йорк кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының салтанатты ашылуы өтті.

2019 жылы Мәскеудегі Третьяков галереясында «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің арнайы көрсетілімі болды. Тарихи жобаның авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қатысуымен түсірілген. Сценариін жазушы Смағұл Елубай Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша дайындаған. «Алмас қылышты» түсіруге екі жыл уақыт кеткен.

2019 жылы Қазақстан алғаш рет Германияда өткен ауқымды халықаралық ауылшаруашылық көрмесіне қатысты. Оған әлемнің 65 елінен 1 700 компания қатысты.

Еліміз отандық 10 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімін таныстырды. Олар жақсы дайындықпен барып, Берлинде өнімнің түр-түрін көрсетті. Жент, құрт және халуадан бастап, танымал қазақстандық шоколадқа дейін. Тәттіден бөлек түйе сүті мен балық әкелінді. Бірақ, көпшілік бие сүтінен жасалған шоколадқа таңданды. Қант пен трансмай қосылмаған өнімді шетелдіктер бірегей деп танып, рахаттана дәмін татты.

2023 жылы елордадағы «QAZAQSTAN» орталық концерт залында «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі әлемге әйгілі виолончелист Александр Хюльсхоффтің (Германия) қатысуымен «Виолончель және оркестр» атты классикалық музыка кеші өтті.

2024 жылы Мәскеуде «Қантар» оқиғасы туралы деректі фильм көрсетілді. 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар Қазақстанның жаңа тарихының жылнамасында ерекше орын алды. «Олардың саяси үдерістің векторы мен динамикасына әсер ету ауқымын асыра бағалау қиын. Қантар елдегі өзгерістердің катализаторы болды. «Сондықтан сол күндердегі оқиғаларды объективті, бейтарап түсінудің маңызы зор», - деді фильмді ресейлік қонақтарға таныстырған Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар