20 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 20 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.
None

Қазақстанның ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні

Бұл күні ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін тойлау дәстүрі кеңестік дәуірден бері сақталып келеді. 1988 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен қарашаның үшінші жексенбісі Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу қызметкерлерінің күні болып белгіленді.

Қазақстан тәуелсіз мемлекет бола отырып, дәстүрді сақтап, заңнамалық деңгейде 1998 жылы қарашаның үшінші жексенбісін мерекелеу күні деп бекітті. Бұл күні Украина мен Беларусьтің ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекені қазақстандықтармен бірге атап өтуде.

Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні

2005 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының (A/RES/60/5) қарарымен қарашаның үшінші жексенбісі Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні (ЖЖҚ) болып жарияланды.

Бұл күннің мақсаты – жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу және олардың отбасыларына көңіл айту, сондай-ақ үкіметтер мен жауапты ұйымдарға барлық азаматтар үшін жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін тағы бір рет еске салу.

Дүниежүзілік балалар күні

1954 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы «Дүниежүзілік балалар күнін» барлық елдерде мерекелеуді ұсынды. 1959 жылы осы күні Балалар құқығы декларациясы, ал 1989 жылы Балалар құқығы конвенциясы қабылданды.

Педиатр күні

Педиатр күні 1954 жылдан бері Дүниежүзілік балалар күнімен бірге мерекеленіп келеді. 1954 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы барлық мүше елдерге бейбіт бауырластық күні ретінде, сондай-ақ бүкіл әлемдегі балалардың есен-саулығы мен олардың өзара түсіністігін қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік балалар күнін мерекелеуді енгізуді ұсынды. БҰҰ мүше елдердің үкіметтеріне бұл күнді өз қалаулары бойынша кез келген датада атап өтуді ұсынды. Ал, 1959 жылдың 20 қарашасы күні Ассамблея Бала құқықтары жөніндегі декларацияны және 1989 жылы дәл осы күні Балалар құқықтары туралы конвенцияны қабылдады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1923 жылы «Советская степь» газеті жарыққа шықты. Газет күн сайын шығып тұратын. Бас редакторы Л. Хейфец болды. Қазақ өлкелік комитетінің қаулысымен 1932 жылы атауы «Казахстанская правда» болып өзгертілді. Осы атаумен газеттің алғашқы саны 21 қаңтарда жарық көрді.

1998 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан халықаралық ғарыш стансасының алғашқы модулі «Заря» функционалды жүк блогы ұшырылды.

2009 жылы «Астана-Бурабай» автомагистраль құрылысы аяқталды. Ұзындығы 224 шақырым болатын еліміздегі алғашқы үлкен жылдамдықты Астана-Бурабай автомагистралінің құрылысы 2006 жылы басталған болатын. Алты жолақты жаңа жол техникалық санаты 1-А параметрлеріне сәйкес келеді. Жолдың есепті жылдамдығы сағатына 150 шақырымды құрайды. Нысандағы жұмыстарға 1,4 мың дана техника және 3,5 мың адам жұмылдырылды.

2012 жылы Қарағандыда Украина құрметті консулдығы ашылды. Осыған орай ұйымдастырылған шарада консулдық функцияларды орындау туралы шартқа қол қойылып, консулдық патент және экзекватура –қабылдаушы мемлекеттің Үкіметі консулды мойындайтынын куәландыратын ресми құжат табыс етілді.

2012 жылы Астанадағы К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының концерт залында ТМД және түркітілдес елдері композиторларының халықаралық «Camerata tempo» камералық музыка фестивалі ашылды. Фестивальге Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, АҚШ, Бельгия, Грузия, Түркия, Ұлыбритания, Франция елдерінің оркестрлары қатысты.

2012 жылы Қазақстанда «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» құрылды.

2012 жылы режиссер Дарежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі Португалияда өткен Lisbon & Estoril Film Festival фестивалінің қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Фильм негізгі конкурстық бағдарламаға қатысты.

2013 жылы Лондонда Қазақстан елшілігінің жаңа ғимараты ашылды.

2014 жылы ҚР Ұлттық музейінде қазақ археология мектебінің негізін қалаушылардың бірі, белгілі ғалым Кемел Ақышевке арналған «Ұлы даланың кемеңгер ғалымы» көрмесі ашылды. Ғалымның атағы Есік қорғанын ашу арқылы кеңге жайылды. Қорғаннан табылған «Алтын адам» тәуелсіз Қазақстанның символдарының біріне айналды.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Республикасымен дипломатиялық қатынастар орнатты. Бірлескен коммюникеге Қазақстан мен Сан-Томе және Принсипидің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері – Қайрат Әбдірахманов және Карлос Филомено Агостиньо дас Ниевес қол қойды. Сан-Томе және Принсипи – Батыс Африкада орналасқан арал мемлекет. Халқы – 200 мыңнан астам. Жоғарғы заң шығарушы органы – бір палаталы Ұлттық жиналыс. Басқару формасы – президенттік республика.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Білім саясаты комитетінің қатысушысы болуға шақырту алды. Бұл – білім мен экономикадағы алдыңғы қатарлы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған ел ретінде Қазақстанға деген жоғары сенімнің, мейлінше тығыз ынтымақтастыққа ұмтылудың белгісі.

2018 жылы қазақстандық әнші Данелия Төлешова «Junior Eurovision» ән байқауына қатысушылармен бірге Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың қабылдауында болып, оған кәдесый – үйді тіл-көзден сақтайтын тұмар сыйлады.

2019 жылы Алматыда Денис Тен атындағы шәкіртақы тағайындалып, Қазақстан-Британ техникалық университетінің үздік үш студенті марапатталды. Атаулы стипендия оқудан басқа спортпен шұғылданатын үздік оқушыларға беріледі. Оны ҚБТУ ректораты құрды, мұнда атақты қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы магистратурада оқыған.

2020 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театры ғимаратының алдында халық әртістері Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов пен Хадиша Бөкееваға арналған ескерткіш орнатылды. «Шығармашылық әңгіме» мүсіндік композициясының авторы – сәулетші, мүсінші Гүлфия Мелдеш.


Соңғы жаңалықтар