20 қарашада жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақшы болған қылмыстық топ ұсталды
Арнайы операция нәтижесінде 7 адам ұсталды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 179-бабының 2-бөлігі және 272-бабының 1-бөлігі бойынша тергеу басталды. Ұсталғандардың тұрғылықты жері бойынша заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Прокуратура санкциясымен олардың жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттарына, тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне қару мен тұтандырғыш қоспаларды қолдану арқылы шабуыл жасауға дайындалғандары құжатталған.
Топтың әрбір мүшесінің рөлі нақты бөлінген, қылмыстық жоспарлар жасырын шараларын сақтай отырып, тұрақты кездесулер барысында талқыланды.
Топ мүшелері «бөтелке лақтырғыш» деп аталатын жабдықтар жасап, олардың көмегімен «Молотов коктейльдерін» лақтыра отырып құқық қорғау органдары қызметкерлерін физикалық жоюды жоспарлаған.
Жасырын орындар ұйымдастырып, оған қылмыс жасауға арналған құралдар – Калашников автоматы, ойық ұңғылы «Меркель» мылтығы, екі тегіс ұңғылы кесілген мылтық, оқ-дәрілер, «Молотов коктейльдеріне» арналған сұйықтықтығы бөтелкелер, «бөтелке лақтырғыштар», бензин құйылған канистралар, рациялар сақтаған.
Күдіктілер ҚР ҚПҚ 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы ҚПҚ 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.