20 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 20 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік статистика күні
2010 жылы БҰҰ Статистика комиссиясының 41-сессиясында Дүниежүзілік статистика күнін құру туралы шешім қабылданды. 2010 жылғы 3 маусымда БҰҰ Бас Ассамблеясы 2010 жылғы 20 қазанды алғашқы дүниежүзілік статистика күні деп ресми жариялаған қарарды қабылдады.
Халықаралық авиадиспетчер күні
Амстердамда 1961 жылғы 20 қазанда авиация диспетчерлері қауымдастықтарының Халықаралық федерациясы құрылды. Бұл оқиға әуе көлігін дамыту тарихындағы елеулі кезеңге айналып, сөйтіп жаңа кәсіби мейрамның өмірге келуіне негіз болды. Содан бері жыл сайын 20 қазанда Халықаралық авиадиспетчер күні атап өтіледі.
Халықаралық бас аспаздар күні
Мереке 2004 жылдан аталып өтеді. Осы жылы Дүниежүзілік ас-үй қоғамдастығы қауымдастығының бастамасы бойынша қабылданған. Аталған қауымдастыққа аспаз өнеріне маманданған әлемдегі 8 миллионнан астам адам мүше.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1933 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің негізі қаланды. Білім ордасының ашылу салтанаты 1934 жылы 15 қаңтарда өтті. Алғашқы кезде университет құрамында физика-математика және биология факультеттері ғана болды. Бүгінгі таңда республиканың беделді оқу орындарының бірі.
1995 жылы ҚР Президентінің Әкімшілігі құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Әкімшілік құрылымына ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлім енгізілді.
1995 жылы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.
1997 жылы ҚР Президентінің Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасы мәртебесіне ие болады.
2009 жылы Астанада «Қазақ елі» монументі салтанаты түрде ашылды. Тұғыр граниттің төрт қабырғасына көлемі 3,7×6,9 метрлік қоладан құйылған бедербейнелер (барельеф) жасалған. Алғашқысы «Халық және Президент» деп аталады. Монументтің оң жағындағы келесі бедербейне «Қаһармандық» деп аталады. Ал монументтің батыс жақ бетінде орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы көрсетілген. Монументтің шығыс жағындағы соңғы бедербейне «Болашақ» деп аталады.
2011 жылы Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары аясында екі ел арасында теңіздегі сауда кеме қатынасы туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Аталған шарт — екі елдің теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастығының негізгі құжаты.
2014 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Маврикий Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Милан Джая Нямраджсингх Митарбхан екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынастар туралы бірлескен коммюникеге қол қойды. Маврикий республикасы — Үнді теңізінің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан аралдық мемлекет. Астанасы — Порт-Луи қаласы. Аумағы — 2,04 мың шаршы гектар.
2015 жылы Астанада Кувейт мемлекетінің Қазақстандағы жаңа Елшілігінің ғимараты ашылды. Ол елорданың Шарль де Голль көшесі, 6 үй көш мекенжайында орналасқан. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1993 жылдың 11 қаңтарында орнатылған. Бұған ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 1997 жылдың 31 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Кувейт мемлекетіне жасаған сапары негіз болған.
2017 жылы Ақтөбе қаласында ҚР тұңғыш әділет министрі, белгілі заңгер, ғалым, саяси қайраткер Нағашбай Шайкеновке ескерткіш қойылды.
Н. Шайкенов 1947 жылғы 6 наурызда РФ Орынбор облысында туған. 1992 жылы Қазақстанға жұмысқа шақырылған. ҚР Президентінің кеңесшісі, әділет министрі, Премьер-Министр орынбасары болған.
2021 жылы Павлодардың оңтүстігінде Байдала ауылындағы археологиялық жұмыстар барысында үлкен ғылыми құндылығы бар IX–X ғасырлардағы қорғандар табылды. Топырақтың ерекше химиялық құрамына байланысты ағаштан жасалған бұйымдар, жібек киімдер, сондай-ақ былғары мен металдардан жасалған түрлі заттар жақсы сақталған.
2021 жылы Орал қаласындағы Орал халықаралық әуежайына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімі берілді.
Орал өңірінің (қазіргі Батыс Қазақстан облысы) тумасы Мәншүк Мәметова Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қызыл Армия қатарында пулеметші болып қызмет етті. Ол өзінің соңғы шайқасында 70-тен астам жау жауынгерін өлтіріп, 1943 жылдың күзінде қайтыс болды. Ол қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
2022 жылы Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Алматы облысы бүкіл Қазақстан үшін орасан зор туристік әлеуетті тиімді іске асырудың үлгісі бола алады және болуы тиіс екенін атап өтті.
«Туризм Алматы облысында ауыл шаруашылығының тұрақты өсуіне ықпал ете алады. „Таңбалы тас“ шатқалында Tengri Ultra марафоны мен Қапшағай су қоймасында Oceanman жүзуі сынды халықаралық жарыстардың өткізілуі өңірдің туристік әлеуетін арттырып келеді. Қазіргі уақытта бұл су қоймасы ауыз сумен қамтамасыз ету, суару, балық аулау, демалыс көзі ретінде пайдаланылады. Үкімет Қапшағай су қоймасының еліміздің негізгі туристік орындарының бірі мәртебесін бекітуі керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның геология саласының ардагерлерін қабылдады. Мемлекет басшысы еліміздің геология саласының еңбек сіңірген қайраткерлері — Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукеевпен, «Meridian Petroleum» ЖШС президенті Балтабек Қуандықовпен, Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының директоры Батыр Жолтаевпен және «Минералды ресурстар академиясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Болат Ужкеновпен кездесті. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық сала жер қойнауын пайдаланудың барлық саласын үдемелі дамытудың негізі және ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті.
2023 жылы Республика күніне орай Қазақстанның көк туы Афинаның ең биік нүктесі — Ликавитос тауында көтерілді.
2024 жылы Ақтөбе облысында жол жөндеу және құрылыс жұмыстарын бақылайтын цифрлық платформа іске қосылды. Облыста жол жөндеу мен құрылыстың бүкіл процесін бақылауға мүмкіндік беретін BIRGE PROJECT бірегей электронды бақылау жүйесі ұсынылды. Бұл біртұтас платформа жобаны әзірлеуден бастап іске қосуға дейінгі барлық жөндеу процесін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл сайттың өзіне кірмей-ақ жөндеу процесін нақты уақыттағы онлайн бақылауды қамтиды. Бұл дегеніміз, монитордан республикалық маңызы бар немесе қалалық трасса болсын, мердігердің жолды жөндеп жатқанын тікелей бақылай аласыз.