20 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 20 қыркүйек тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

20 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Фото: ҚазАқпарат

ЕСІМДЕР

61 жыл бұрын (1961) Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Тұрсынұлы ЖҰМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді, заңгер (1985).

Алматы прокуратурасының және ҚР Бас прокуратурасының органдарында қызмет етті (1985-1997); «Қазақстан темір жолы» РМК бас директорының орынбасары (1997-1998); Ақмола облысы әділет басқармасы бастығының бірінші орынбасары (1998-1999); Астана қалалық сотының судьясы (1999-2002); Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы (2002-2006); Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы (2006-2010); Қарағанды облыстық соты апелляциялық сот алқасының төрағасы (2010-2011); Жоғарғы Сотының жанындағы соттар қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент басшысы (2011-2012); ҚР Жоғарғы сотының судьясы (2012-2020) болды. Қазіргі қызметінде – 2020 жылдың сәуір айынын бастап.

«Құрмет» (2011) орденімен марапатталған.

58 жыл бұрын (1965) театр және кино актері, тележүргізуші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Ғани Әбдуалиұлы ҚҰЛЖАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында туған. Қызылорда қалалық музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік театр және кино институтын бітірген. 1990-2007 жылдары М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарды.

2007 жылдан 2013 жылға дейін жас көрермен театрының бас директоры, 2013 жылдан бастап Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі болды.

М. Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектаклінде Айбар, М. Байджиевтің «Қалындық пен күйеуінде» - күйеу, У. Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» - Гортензио, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» - Арыстан, Е. Замятиннің «Еділ патшасында» - Вегила, Ғ. Мүсіреповтің «Махаббат туралы аңызында» - Қодар, Иран Ғайыптың «Шынғыс ханында» - Сүбітай, «Абылай ханында» - Әбілмансұр, Қ. Аширдың «Қабыл - Адам Ата перзентінде» - Абыл, Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» - Құмар, Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» - Эрих Кламрот, У. Шекспирдің «Гамлетінде» - Король Клавдий, Д. Исабековтің «Әпкесінде» - Омар, Шахимарданның «Қазақтарында» - Қасымсұлтан, Ш. Айтматовтың «Ақ кемесінде» - Оразқұл, Ә. Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Тәңірберген рөлдерін ойнап, «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм», Ресей киностудяларында киноға түскен.

«Тоғысқан тағдырлар», «Қара шегіртке», «Дневной дозор», «Ләйләнің зары», «Жас ұлан» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған.

45 жыл бұрын (1978) «QazExpoCongress» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дінмұхамед Болатұлы ӘБСАТТАРОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын (2001); Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін (2005) тәмамдаған. «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ экономикалық жоспарлау бөлімінің экономисі (2001-2002); Қызылорда облысы Жалағаш ауданы әкімінің кеңесшісі (2002-2003); Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім меңгерушісі (2003-2004); Қызылорда облысы әкімі аппаратының инспекторы (2004-2006); Қызылорда облысы әкімінің көмекшісі (2004-2006); Қызылорда облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы (2006-2010); Көлік және коммуникация министрлігінің Қызылорда облыстық Автомобиль жолдары комитеті департаменті директорының орынбасары (2006-2011); Оңтүстік Қазақстан облысы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы (2011-2012); «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП басқарушы директоры - басқарма мүшесі (2012-2013); Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры (2013-2014); Өңірлік даму департаментінің басқарушы директоры - директоры, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының өңірлік мәселелер жөніндегі кеңесшісі, АӨК және тамақ өнеркәсібі комитеті хатшылығы хатшысының орынбасары, АӨК және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары, «Атамекен» ҚР ҰКП ШОБ дамыту департаментінің басқарушы директоры - директоры (2014-2017); Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры (2017-2018); «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының өңірлік мәселелер жөніндегі кеңесшісі (2018); «Атамекен» ҚР ҰКП Сауда департаментінің басқарушы директоры-директоры (2018-2019); Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры (2019-2020); «Қорғас» ХШЫО Басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасы (2020-2021) болды.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың сәуір айынан атқарып келеді.

48 жыл бұрын (1975) ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Бибігүл Амангелдіқызы АСЫЛОВА дүниеге келген.

Ақмола облысында туған. 1996 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (нархоз) тәмамдаған. 1996-1997 жылдары Көкшетау облыстық қаржы басқармасының 1-санаттағы маманы, жетекші маманы; 1997-1998 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасының жетекші, бас маманы; 1998-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Бюджет департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы, Білім және ғылым бөлімінің жетекші, бас экономисті; 2001-2002 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдарды қаржыландыру департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы Білім және ғылым бөлімінің бастығы; 2002 жылы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдарды қаржыландыру департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы бастығының орынбасары; 2002-2004 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саладағы шығындарды жоспарлау департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасының бастығы; 2004-2007 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Экономика және қаржы департаментінің директоры; 2007-2009 жылдары ҚР Статистика агенттігі Ішкі әкімшілік департаментінің директоры; 2009-2010 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры; 2010 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саланың дамуы департаментінің директоры; 2010-2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Әлеуметтік саланың бюджеттік бағдарламаларын жоспарлау, орындалуын талдау және іске асырылуын бағалау департаментінің директоры; 2013-2014 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік сала бағдарламаларын бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры; 2014-2016 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры; 2016-2022 жылдары ҚР Білім және ғылым вице-министрі болды. Қазіргі қызметінде 2022 жылғы сәуірінен бері.

«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған. Құрмет грамоталары, мерейтойлық медальдары және Алғыс хаттары бар.

35 жыл бұрын (1988) Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасы Марат Талғатұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін бітірген. Еңбек жолын Лондон қаласында (Ұлыбритания) «Digiet Limited» IT компаниясында бизнес-сарапшы болын бастаған (2009). Кейінірек, «Digiet Limited» IT компаниясының коммерциялық директоры (2010-2012); ҚР Экономикалық даму және сауда; Экономика және бюджеттік жоспарлау; Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі (2012-2014) және ҚР ҰЭМ тарифтік және институционалдық саясатты қалыптастыру департаменті директорының орынбасары (2014-2016) лауазымында қызмет еткен. 2016-2017 жылдары «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры болған. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы, QazTech Ventures» АҚ басқарма төрағасы (2017-2019), «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры – басқарма мүшесі (2019-2020); Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары (2020-2022) болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарымен марапатталған.

34 жыл бұрын (1989) «Қазатомпром» ҰАК» АҚ Құқықтық сүйемелдеу және корпоративтік басқару жөніндегі бас директорыЕрмек Сәкенұлы ҚУАНТЫРОВ дүниеге келді.

Томск мемлекеттік университеті, халықаралық қатынастар бакалавры (2006-2010); Қазақ гуманитарлық заң университеті, құқық бакалавры (2010-2012); Колумбия университеті, Құқық мектебі, құқық магистрі (LL.M.) (2013-2014).

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Халықаралық ынтымақтастық және өзара іс-қимыл басқармасының менеджері (2010-2011); Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық экономикалық интеграция департаментінің сарапшысы (2011-2014); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаментінің сарапшысы (2014-2015); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің сарапшысы (2015-2016); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаментінің бас сарапшысы (2016-2017); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директорының орынбасары (2017-2019); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаменті директор орынбасарының м.а., директор орынбасары (2019-2020); «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директоры (2020); ҚР Әділет министрлігі Заңға тәуелді актілер департаментінің директоры (2020-2021); ҚР Ұлттық экономика вице-министрі (2021-2022); 2022 жылғы наурыздан қыркүйекке дейін Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры лауазымында жұмыс істеді.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың шілдесінен бері атқарып келеді.

Сондай-ақ, осы күні дүниеге келген тұлғалар:

132 жыл бұрын (1891-1938) қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі, қоғам қайраткері Жұмақан Маусымбайұлы КҮДЕРИН дүниеге келді.

Семей облысының Аягөз қаласында туған. 1918 жылы Лепсі қаласында Кеңестердің І съезінде делегат және Жер комиссары болып сайланған. 1920 жылы «Қытайға кеткен қазақтарды қайтару» комиссиясында жұмыс істеп, оның тікелей араласуымен Қытайдан 6 мың жанұя еліне қайта оралды. 1921 жылы Жетісу өңірін жайлаған тырысқақ індетіне қарсы емдеу жұмыстарына қатысты. 1924-1930 жылдары Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінде оқыған. Осы университетте оқып жүріп, Түркістанның табиғи ресурстары мен осы өңірді аудандарға бөлуді зерттеумен айналысқан экспедицияға қатысты. Ол «Қытайдағы босқындар өмірі», «Қазақтардың ата-тегі туралы материалдар» атты этнографиялық еңбектердің, «Ботаника», «Қой мен оның жүні», «Кендір» секілді биологиялық еңбектердің авторы. Ең құнды еңбектерінің бірі - «Орта Азиядағы жыландар түрі» мен «Өсімдіктану» оқулығының араб және латын әрпімен тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көруі. 1930 жылы ғалым тұтқындалып, Ресейдің Воронеж қаласына жер аударылды. 1935 жылы тұтқыннан босаған ол Алматыға оралып, ҚазКСР Жер Халық комитетінің Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, «Каучуконос» тресінде нұсқаушы агроном болды. 1937 жылғы мамырдың 22-інде қайтадан тұтқынға алынып, 1938 жылғы наурыздың 7-сінде ату жазасына кесілді. 1990 жылы маусымда ақталды. Алматыда бір көше Күдерин есімімен аталады.

100 жыл бұрын (1923-2014) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, халықаралық Бейбітшілік сыйлығының лауреаты Сайым Балуанұлы БАЛМҰҚАНОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік медицина университеті) бітірген. 1946-1953 жылдары - Хирургия институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1953-1960 жылдары - Алматы медицина институты рентгенология және радиология кафедрасының меңгерушісі. 1960-1962 жылдары - Өлкелік патологиялық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 1962-1995 жылдары Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1996 жылдан осы институттың құрметті директоры атанған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері онкология және радиология, сәулемен емдеу мәселелеріне арналған. Қатерлі ісікті анықтау, одан сақтану әдістерін жетілдіру, уытты ісіктерді хирургиялық жолмен және жаңадан шыққан радиомодификаторларды пайдаланып, сәулемен емдеу әдістерін тапты. Осының нәтижесінде әйелдер кеудесіндегі қатерлі ісік ауруынан айығып кету көрсеткіші, басқа органдарға түскен қатерлі ісіктің айығып кету көрсеткішіне қарағанда 1,5 есе жоғары болады. Республикада клиникалық онкология және радиологияның жаңа бағыттарын қалыптастырып, оларды одан әрі дамытты.

1954-1960 жылдары орын алған Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың жергілікті тұрғындар денсаулығына әсерін зерттеуге қатысты. Бірақ бұл мәліметтер 1990 жылдан кейін ғана жарық көре бастады.

«Мегавольттік сәулемен емдеу», «Природные фенолы - перспективный класс противоопухолевых и радиопотенцирующих соединений», «Злокачественные опухоли костей. Вопросы теории и прогнозирования», «Ядерный полигон моими глазами», «The radiation situation and Population health status in some towns of Semipalatinsk Province» атты ғылыми еңбектердің авторы.

Соңғы жаңалықтар