20 мамыр. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 20 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасының мемлекет және саясат қайраткері, «Ембімұнайгаз» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Қырымбек Елеуұлы КӨШЕРБАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Қазалы қаласында туған. 1978 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша, 1991 жылы КПСС Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген, саясаттанушы. Саяси ғылымдар докторы (халықаралық қатынастар). 50-ден астам ғылыми еңбек пен мақалалардың авторы.
Еңбек жолы: 1978 жылы Қызылорда қаласындағы «Главриссовхозстрой» ЖМК-112 инженері, өндірісті дайындау тобының бастығы, 1979 жылы Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс - Қызылорда облысы күріштік инженерлік жүйесі штабының бастығы, 1981 жылы Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті екпінді құрылыстардағы комсомол ұйымдары секторының меңгерушісі, 1982 жылдан Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің жауапты ұйымдастырушысы (Алматы қаласы), 1983 жылы Қазақстан ЛКЖО Қызылорда қалалық комитетінің бірінші хатшысы, 1986 жылы Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары (Алматы қаласы), 1987-1988 жылдары Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс атқарған. 1991 жылы КПСС Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіргеннен кейін Қазақ ССР Президенті Аппаратының Мәдениет және ұлтаралық қатынастар референтурасының референті қызметінде болды. 1991 жылы ҚР Премьер-Министрі орынбасарының көмекшісі, 1994 жылы Алматы қаласындағы Калинин ауданының әкімі, 1995 жылы ҚР Министрлер Кабинеті Аппараты басшысының орынбасары - ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 1995 жылы ҚР Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары - аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі, 1996 жылы ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы - Баспасөз қызметінің жетекшісі, 1997 жылы - ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі, 1999 жылы ҚР- Денсаулық сақтау, білім және спорт министрі, 1999 жылы ҚР Білім және ғылым министрі, 2000 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі, 2003 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі, Финляндия мен Армениядағы төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы лауазымын атқарды. 2006-2011 жылдары Маңғыстау облысының әкімі, 2012 жылы ҚР Президентінің кеңесшісі, 2012 жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, 2013-2019 жылдары Қызылорда облысының әкімі, 2019 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі, 2019-2022 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы. Қызметін атқарды.
61 жыл бұрын (1964) Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы СӘБИТОВА дүниеге келді.

Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Еленовка ауылында дүниеге келдi. 1982 жылы Көкшетау кiтапханашылар техникумын, 1994 жылы Алтай мемлекеттiк институтының Омбы қаласындағы филиалын бітірген. Бiлiмi бойынша клуб қызметкерi және хор ұжымының жетекшiсi, мәдениет ұйымдастырушы.
Еңбек қызметiн 1982 жылы Көкшетау ауданының мәдениет бөлiмiнде әдiскер ретiнде бастады. 1985-1994 жылдары Көкшетау аудының Мәдениет үйiнде директор лауазымын атқарды. 2003 жылы Красный Яр ауылы тұрғындарының қолдауымен Көкшетау қалалық маслиханының депутаты болып сайланып, әлеуметтiк мәселелермен айналысты, «Көкше» аудандық Мәдениет үйінің директоры болды. 2006-2021 жылдары «Көкшетау қаласының мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi» ММ басшысы болып жұмыс атқарған.
2021 жылғы ақпаннан – қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астанның 10 жылдығы» (2008), «Қазақстан маслихаттарына 20 жыл» (2014) медальдарымен, «Мәдениет саласының үздiгi» (2012), «Золотая звезда«Балалар үшiн» (2014) төсбелгiлерiмен марапатталды.
58 жыл бұрын (1967) «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Ермекұлы САУРАНБАЕВ дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. 1991 жылы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетін, 2001 жылы ЭНИ-Аджип мұнай өнеркәсібінің оқу орталығын бітірген. Мұнайды басқару магистрі.
Еңбек жолын 1991 жылы Алматы қаласында «Еңбек» ЖШС-ның директоры лауазымынан бастады. 1997-1998 жылдары ҚР Кәсіпкерлер конгресінің атқарушы директоры, 1998-2000 жылдары «Қазақстан Темір Жолы» РМК «Жолаушылар тасымалы» ЕМК директоры, 2000-2001 жылдары «АМӨЗ» ААҚ бірінші вице-президенті, 2001-2002 жылдары «Қазақойл» ННК ЖАҚ «АМӨЗ» ААҚ қайта құру жобасын басқару жөніндегі топ басшысы, бас менеджер, 2002-2004 жылдары «ҚазМұнайгаз» ҰК ЖАҚ инжинирингілік және сервистік жобалар департаментінің директоры, 2004-2007 жылдары «ТеңізСервис» ЖШС бас директорының орынбасары лауазымын атқарған. 2007-2010 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарушы директоры, 2010-2011 жылдары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның Басқарма бастығы орынбасарының көмекшісі, 2011 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның басқарушы директоры, 2011-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, 2014-2016 жылдары ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болды. 2015 жылы «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі ұйымдастыру комитетінің басшысы. 2017-2018 жылдары Шымкент қаласының әкімі, 2019-2021 жылдры ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Қазіргі қызметінде – 2021 жылдың сәуірінен.
«Құрмет» (2007), «Парасат» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
49 жыл бұрын (1976) Абай облысы Курчатов қаласының әкімі Болат Таңсықбайұлы ӘБДІРӘЛИЕВ дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: «Қазфосфат» ЖШС темір жол бөлімшесінде вагон төгу құрылғысына қызмет көрсету операторы (1996); Аға зауыт диспетчері, цех бастығының орынбасары (2003-2006); жеткізуші, «Жамбылгипс» АҚ зауытының техникалық директоры (2006-2008); «DO KNISG» YUKF TOO жетекші маманы («China Petroleum Engineering and Construction Group» еншілес ұйымы) (2009-2011); «SAPAR-Consulting» ЖШС директорының орынбасары (2011-2016); квазимемлекеттік сектордағы басшы лауазымдарда жұмыс істеу (2016-10.2022); Абай аудандық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы (2022-2023).
2023 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.