20 маусым. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 20 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік босқындар күні
Дәл осы күні 1969 жылы бекітілген Африкалық босқындар күні бірнеше елде атап өтілетін. Кейіннен БҰҰ-ның 2000 жылғы 4 желтоқсандағы шешімі бойынша Дүниежүзілік босқындар күні 2001 жылдан бастап Африка босқындарының күнімен қатар атап өтілетін болды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1930 жылы «Жоғарғы Марианна» көмір қабаты бойынша бірінші рет Қарағанды шахтасының құрылысы басталды.
1991 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР Ұлттық мемлекеттік банкінің жарғысы туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес, Ұлттық мемлекеттік банк республиканың меншігіне өтіп, Орталық банк болып құрылды.
1992 жылы ҚР Түркі мәдениеті және өнері мәселелері жөніндегі бірлескен комитет (ТҮРКСОЙ) мүшесі атанды.
1992 жылы Алматыдан Үрімжіге алғашқы халықаралық темір жол қатынасы ашылып, бірінші жолаушылар пойызы аттанды.
2003 жылы еліміздегі жер реформасының маңызды актісі — Қазақстан Республикасының жаңа Жер кодексі қабылданды.
2012 жылы Ұлттық медициналық холдингтің Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында алғаш рет Қазақстан мен Орталық Азияда сан артериясы арқылы қолқа қақпақшасын ауыстыру бойынша ота жасалды. Жаңа әдіс әлдеқайда қауіпсіз, тілу мен жүректің тоқтауын қажет етпейді, сонымен қатар оңалу уақытын едәуір азайтады.
2013 жылы Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағатынан Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Орал» газеттерінің алғашқы шыққан сандары табылды.
2014 жылы «KazEOSat-2» қазақстандық жер серігі орбитадан алғаш рет телеметрикалық ақпарат берді.
2016 жылы Атырау облысында 2015 жылы әскери жаттығу кезінде әріптестерін құтқарып, өзі қаза тапқан Бақытжан Қалыбайға ескерткіш тақта орнатылды. Тақта сарбаздың туған ауылы Мақат ауданындағы Бәйгетөбе ауылындағы мектепте ашылды.
2017 жылы режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Йорктегі кинофестивальде үздік көркем фильм атанды. Фильмнің продюсері Әлия Назарбаева «Кинодағы еуразиялық әйелдер» наградасын алса, Алтынай Нөгербек үздік актриса деп танылды.
2018 жылы Нью-Йорктегі Ұлттық өнер клубының галереясында Американың талғампаз жұртшылығына Қастеев атындағы өнер мұражайының ХХ ғасырға тиесілі жауһар туындылары ұсынылды. Көрмеге 1930-1970 жылдардағы қазақстандық өнер туындыларының үздік үлгілері ұсынылды. Көрмеге қойылған әрбір шедевр Қазақстан мәдени мұрасының зор байлығын бейнелеп, қазақ халқының өмір салтынан хабар береді.
2019 жылы Польша президенті Анджей Дуда Варшавада қазақстандық Тасыбай Әбдікәрімовті «Virtus et Fraternitas» медалімен марапаттады. Медаль польшалықтарға күрделі кезеңдерде көмектескен азаматтарға беріледі. Т.Әбдікәрімов оның алғашқы иегері атанды. «Virtus et Fraternitas» медалімен «ХХ ғасырда тоталитарлық жүйе құрбандары» болған поляктарға көмек қолын созған азаматтар марапатталады. Оны Польша Республикасының президенті алғыс ретінде «адамдық қасиетті қорғауда жанқиярлық қайсарлығы мен адамдығы» үшін табыс етеді.
2020 жылы танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген таураушанға (рододендрон) тәжірибе жүргізетін «Babīte» тәлімбағынан латвиялық сертификат алды. Латвияда таураушанның жаңа сортына әншінің есімі берілді. Әзірге бұл түп әлем бойынша жалғыз, сондықтан ол «Babīte» таураушандар саябағының басты аллеясына отырғызылған және сорттың кімге арналғаны туралы арнайы тақтайша қойылған.
2023 жылы Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия стратегиялық серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогты нығайтуға және сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды.
2024 жылы Қазақстанның GForce жарнама агенттігі Кандағы жарнама фестивалінде беделді «Алтын арыстан» сыйлығын алды. Бұл Қазақстан үшін мұндай бірінші жетістік болды. Канн арыстандары марапаттары дәстүрлі медиа, цифрлық технологиялар, PR, дизайн, шығармашылық эффектілер және т. б. қоса алғанда, әртүрлі номинациялар бойынша ұсынылады. «Алтын арыстан» — жарнама және шығармашылық индустрия әлеміндегі ең беделді марапаттардың бірі.
2024 жылы Маңғыстау облысындағы Сайын Шапағатов ауылында тәулігіне 4500 текше метр суды тұщытатын тұщыландыру қондырғысы іске қосылды.
2025 жылы Александр Бублик әлемнің ең үздік теннисшісін жеңді. Қазақстандық теннисші (ATP рейтингінде 45-ші орында) Германияның Галле қаласында өткен беделді турнирдің ширек финалына шығып, әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнерді жеңді. Бублик италиялық теннисшіні 3-6, 6-3, 6-4 есебімен жеңді. Қазақстандықтың келесі қарсыласы чех теннисшісі Томаш Мачач (ATP рейтингінде 23-ші орында) болады.
2025 жылы Шымкентте Қала күнінде ел тарихында алғаш рет 62 000 адам бір уақытта Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын орындады, ал 500 дрон аспанда Әнұран жолдарын құрап, керемет жарық инсталляция жасады. Бұл рекордты Қазақстан рекордтар кітабы «KinES-2025» ресми түрде «Аспанда 500 дронмен визуализацияланған Мемлекеттік Әнұранның ең үлкен синхрондалған орындалуы» санатында мойындады және ұлттық жетістіктер тізіліміне енгізілді.
2025 жылы NVIDIA H200 негізіндегі суперкомпьютер Алматыға келді, ал қызметкерлер оны «Қазақтелеком» деректер орталығына орнатты. Жаңа компьютер техногендік апаттар мен тәуекелдерді алдын ала модельдеуге, алдағы жылдарға қалалық көлік қозғалысын есептеуге, дәрігерлерге тезірек диагноз қоюға, қазақ сөйлеуін, мәдениетін, тарихын және қазіргі заманғы контекстті түсінетін үлкен деректер жиынтығына негізделген үлкен тілдік модельдерді оқытуға және шетелдік серверлерге сүйенбей-ақ меншікті жасанды интеллект өнімдерін іске қосуға мүмкіндік береді.