20 мыңнан астам өлексе жиналды: киіктер неден қырылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл көктемде еліміздің біраз өңірінде киіктің қырылғаны жайында белгілі болды. Жануарлардың өлексесін жинау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

20 мыңнан астам өлексе жиналды: киіктер неден қырылып жатыр
Коллаж: Kazinform/nationalgeographic.kz/qarmaqshy-tany.kz/zhalagash-zharshysy.kz

Жануар жеті облыстың аумағында қырылған

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, киіктен қауіпті ауру анықталмаған. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағында киіктердің өлекселерін жинау және жою жұмыстары атқарылып жатыр. Бағалы саналатын олардың мүйіздері де өлексесімен бірге жойылады.

- Аталған жұмыстар өңірлерде бірлескен ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритм аясында іске асып жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 сәуірге дейін 20 980 киіктің өлексесі жиналып, жойылды. Сондай-ақ аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында ветеринариялық қызметтер тарапынан өлекселерден сынамалар алынды. Нәтижесінде, бұл сынамаларда аса қауіпті ауруларға қатысты теріс нәтиже көрсетті. Министрлік тарапынан осы бағытта тиісті бақылау мен үйлестіру жұмыстары тұрақты түрде атқарылып жатыр, - делінген ведомство ақпаратында.

Экология министрлігі мамандары ақбөкеннің қырылуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр. Соның ішінде табиғи себептерді атап өтуге болады. Климаттық жағдайлардың күрт өзгеруі, қыс мезгілінде қардың қалың түсуі, көктемгі кезеңдегі күн райының күрт жылынуы секілді өзгерістер аңға өз әсерін тигізеді.

- Ғылыми ұйымдар мамандарының деректері бойынша, (Зоология институты) қалыпты жағдайда киіктердің күйлеу кезеңінде жыл сайынғы табиғи өлімі жалпы санының шамамен 20 пайызына дейін жетуі ықтимал, ал аталықтары 50 пайызға дейін өлуі мүмкін. Киік мекен ететін аумақтарда мұндай табиғи құбылыстар жиі кездеседі. Бүгінгі күнге дейін жүргізілген ветеринариялық зерттеулер нәтижесінде киіктер арасында пастереллез ауруы тіркелмеді, - деп нақтылады министрлік.

Атап айтқанда, 2025 жылғы көктемгі кезеңде көптеген киік өлексесі Ұлытау облысының Жезқазған және Қаражал қалалары маңында, сондай-ақ бір бөлігі су айдындарында табылғаны тіркелді. Экология министрлігі аталған жағдайларға ең алдымен климаттық фактолар әсер еткенін алға тартты. Бұл тұрғыда 2024-2025 жылғы қыс мезгілінің ерекше қарлы болуы әсер еткен. Қыс мезгілінде қардың қалың түсуіне орай азық қорынының азаюы киіктердің әлсіреуіне әкеліп соқты.

- Биылғы сәуір айының 1-9 аралығында киіктің табиғи өлімі бойынша 39 факті анықталып, 9 078 киік өлексесі табылды, - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Өлексені жою жұмыстарын кімдер жүзеге асырады?

Жақында әлеуметтік желіде Батыр Сейкенов есімді табиғат қорғаушы Ұлытауда киік өлекселерін жою жұмыстарына орманшылар мен аңшылық шаруашылығы мамандары, Экология министрлігіне қарасты мемқызметшілер жұмылдырылғаны туралы видеосын жариялаған еді. Оның сөзіне қарағанда, ақбөкендердің өлексесі басқа да облыстардың аумағында шашылып жатыр.

Осы мәселеге орай Kazinform агенттігі Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолдады. Экология министрлігінің хабарлауынша, Ұлытау облысында, сондай-ақ басқа да өңірлерде киік өлекселерін жинау мен оларды жою жұмыстарын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық және ведомстволық бөлімшелері, ветеринариялық қызметтер, әкімдіктер, полиция және ТЖМ қызметкерлері бірлесіп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмі аясында жүзеге асырып жатыр.

- Tik Tok әлеуметтік желісін пайдаланушы Батыр Сейкеновтің «Ұлытау облысында киіктердің өлексесін жинауға және жоюға Экология министрлігінің мемлекеттік қызметкерлері, орманшылар мен аңшылық шаруашылығы мамандарын айырым белгісіз, киім үлгісінсіз жұмылдырылып жатыр» делінген ақпараты шындыққа жанаспайды. Ұлытау облысының аумағында киік өлекселері көп табылуына байланысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ведомстволық бөлімшелерінен қосымша күш жұмылдырылды. Жұмылдырылған барлық маман өздерінің құзіреттері аясында белгіленген тәртіппен және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыс істейді, - деп нақтылады министрліктен.

Ведомство мәліметінше, қазіргі кезде өлекселерді жинау жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.

Ақбөкен
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қазақстан аумағында киіктердің жалпы саны қанша? 

Қазақстанда киіктердің санын анықтау мақсатында жыл сайын көктемгі әуе санағы жүргізіледі. 2024 жылғы санақ жұмыстарына сәйкес, Қазақстанда киіктердің саны 2,8 млн болды. Ал биылғы төлін қосқанда, шамамен 4,1 млн-ға жетіп қалуы мүмкін.

Жақында Ұлттық құрылтайда Президент киік санын реттеу мәселесін қайта зерделеуді тапсырған еді

Таяуда Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік санын реттеуге қатысты пікір айтты.

— Біз киік санын реттеуге байланысты ғалымдар, сарапшылармен кездестік. Тағы бір кездесуді күтіп отырмыз. Ғылыми тұрғыда бәрін зерттеп, бүкіл жағдайды ескеріп, шешім қабылдауы керек, — деді министр.

Осы орайда, Экология министрлігі қандай ұсыныстар дайындап жатқанын хабарлады.

- Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда көтерген киік санын реттеу мәселесі экожүйенің тұрақтылығы мен ауыл шаруашылығы мүдделерін тең ұстау тұрғысынан ерекше мәнге ие. Экология және табиғи ресурстар министрлігі қазіргі таңда бұл мәселені терең ғылыми зерттеулерге сүйене отырып қайта зерделеп жатыр. Киік популяциясының өсу қарқыны, олардың табиғи ареалы мен ауыл шаруашылығына ықпалы жан-жақты бағаланады. Министрлік сараланған және аймақтық ерекшеліктерді ескеретін тәсілді ұсынбақ. Бұл ретте қоғамдық тыңдаулар, фермерлер мен ғалымдардың пікірі назарға алынып, ғылыми институттармен бірлескен жұмыс күшейтіліп отыр. Киіктерді заңсыз аулаумен күрес, олардың қозғалысын бақылау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ құқықтық негізді жаңарту да ұсыныстар қатарына енгізілген. Мақсат – киіктердің санын тек шектеу емес, табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып, қоғам мен табиғат мүддесін үйлестіру, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында 14 мыңға жуық киіктің өлексесі жойылғаны мәлім болды.

Соңғы жаңалықтар