20 наурыздан бастап Өзбекстанда Temu бұғатталады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM - Өзбекстан заңнамасының талаптарына сәйкес, 20 наурыздан бастап Temu платформасын пайдалану белгіленген тәртіпте шектеледі, деп хабарлайды Kazinform Өзбекстан Салық комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 20 наурыздан бастап Өзбекстанда Temu бұғатталады
Foto: Nicolas Tucat

Электрондық коммерция операторлары, атап айтқанда, электрондық коммерция платформасының операторлары ретінде тек заңды тұлғалар – Өзбекстан резиденттері ғана жұмыс істей алатыны атап өтілген.

«Еліміздің азаматтарына қызмет көрсететін шетелдік электрондық сауда платформаларының қызметін зерттеу барысында кейбір электрондық сауда платформалары тарапынан Өзбекстан Республикасы электронды сауда, бөлшек сауда, жарнама, жеке деректерді қорғау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы заңнама талаптарын сақтамайтыны анықталды», - делінген хабарламада.

Түсініспеушіліктерді болдырмау үшін комитет бүгіннен бастап Temu платформасына тапсырыс бермеуді сұрады.

«Бұл жағдайда, егер тапсырыс бұған дейін жасалған болса, платформада қайтаруды ұйымдастыру ұсынылады», - делінген хабарламада.

Перспективалық жобалар жөніндегі ұлттық агенттік және Салық комитеті Өзбекстан аумағында локализацияламаған немесе елде Салық комитетінің электронды қызметтерін көрсететін шетелдік компаниялар мен маркетплейстердің тізіміне енбеген шетелдік электрондық сауда платформаларының қызметтерін пайдаланбауға, сақтық шараларын қолдануға, мұндай субъектілерге жеке және өзге де мәліметтерді бермеуге шақырды.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін.