20 СӘУІР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

Израиль Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні
Израиль - Батыс Азияда, Жерорта теңізінің Шығыс жағалауында орналасқан мемлекет. Астанасы - Тель-Авив қаласы. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы орган - бір палаталы парламент. Ресми тілі - иврит және араб тілдері. Ақша бірлігі - шекель. Қазақстан Республикасы мен Израиль Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 10-ында орнатылды.
Қытай тілі күні
2010 жылы ЮНЕСКО бекіткен. Ол қытай жазуының негізін салушы, мифтік Хуан Ди императоры тұсында тарихшы болған Цан Цзеге арналған. Цан Цзе пиктограммалар жиынтығын ойлап тапқан, олар кейіннен иероглифтерге айналған.
Қытайдың жазба тілі әлемдегі көне әрі күрделі тілдердің бірі. Қытай тілінде шамамен 80 мыі иеорглиф бар, күнделікті өмірде қытайлықтар 2000-3000 иероглиф қолданады. Қытай тілі ҚХР, Тайвань, Сингапурда мемлекеттік тіл болып саналады. Әлемде бұл тілде 1,3 млрд. астам адам сөйлейді. Соның арқасында ол БҰҰ 6 ресми тілдерінің біріне айналды
Халықаралық хатшылар күні
АҚШ-та 1952 жылдан бастап Халықаралық хатшылар күні аталып өтеді. Бұл күн АҚШ-та дәстүрге айналған Әкімшілік кәсіпқой қызметкерлерінің аптасы аясында өтеді. Мейрам сәуірдің соңғы толық аптасының сейсенбісінде тойланады. Қазір бұл мейрамды тек қана хатшылар ғана емес, сонымен қатар директор көмекшісі, офис-менеджерлері мен ассистенттер де, жалпы кеңсе жұмыстарымен байланысты қызметкерлер тойлайды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
87 жыл бұрын (1930) ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) «үштігінің» шешімімен Алаш қозғалысының Мұхамеджан Тынышбаев бастаған 20-дан астам мүшесі жазаланды. Осы топпен бірге істі болған Мұхтар Әуезов, Уәлихан Омаров, Біләл Сүлеев, Әлімхан Ермеков алдын ала тергеу кезінде түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылды.
80 жыл бұрын (1937) Қарағанды облысының Балқаш елді мекені қала мәртебесін алды.
22 жыл бұрын (1995) Түркияда Абай күндері өтті.
21 жыл бұрын (1996) қоғамдық «Азамат» қозғалысы құрылды.
17 жыл бұрын (2000) Ташкентте Қазақстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның президенттері аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша кездесу өткізді.
15 жыл бұрын (2002) Қарағандыда журналистердің облыстық 1-ші форумы өтті. Форум жұмысына 140-тан астам адам қатысты.
11 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығында Қарағанды аймақтық бөлімшесі аумағында екінші молекулярлы-генетикалық зертхананың ашылуы өтті. Қарағанды зертханасы соттар мен құқық қорғау органдарының кісі өлтіруді, ауыр дене жарақаттарын, зорлауды, танылмаған және бөлшектенген мәйіттерді, балаларды ауыстыру, жоғалту, ұрлауды тергеу жүргізу кезінде теңдестірушілік мақсаттары үшін молекулярлы-генетикалық сараптамадағы қажеттіктерді қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары осы сараптаманы талап етушілік бірнеше есе артты. Қазіргі уақытта сараптама әкелікті немесе аналықты анықтау сияқты азаматтық істерді шешуде де тиімді қолданылады. Молекулярлы-генетикалық зертхана ДНК-ны анықтау мен зерттеуге арналған қазіргі заманға сай арнайы құралдар мен реактивтер кешенімен жабдықталған. Төрт капиллярлы генетикалық талдау көмегімен сарапшылық зерттеудің бір бөлігі зерттеу тиімділігін арттыруға және сараптама жүргізу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған тәртіпте жүргізілетін болады. Қазіргі кезде барлық үш қазақстандық зертхана жабдықталған «Applied Biosystems» фирмасының генетикалық талдауышын аталған фирманың Қазақстандағы ресми өкілі «Медикус Евразия» ЖШС орнатты. Сонымен қатар осы фирманың мамандары Сот сараптамасы орталығының сарапшыларына оқыту семинарын өткізді. Алдағы уақытта сот молекулярлы-генетикалық сараптаманы тағайындау, өндірісті ұйымдастыру және сарапшы қорытындыларын бағалау мәселелері бойынша соттар мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған семинарлар өткізіледі. Алғашқы сот молекулярлы-генетикалық зертхана 2001 жылы Орталық Алматы зертханасында ашылған болатын, онда жыл сайын қылмыстық және азаматтық істер бойынша 300-ден астам зерттеулер жүргізіледі.
10 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ертіс», «Оңтүстік» және «Жетісу» атты үш әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Әлеуметтік кәіспкерлік корпорациялардың басты қызметі - инвестициялар тарта отырып, жергілікті жерлердегі жаңа жобаларды жүзеге асыру. Сөйтіп өңірдегі халықтың мұң-мұқтажын шешуге қол ұшын беру.
10 жыл бұрын (2007) Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайында өткен бильярд спортынан «Құрастырмалы пирамида» І Әлем Кубогы ашылу барысында Қазақстан Республикасының Бильярд спорты федерациясының президенті Аңсар Қаранеев «Пирамида» Халықаралық комитетінің «Алтын белгі» медалімен марапатталды.
Бильярд спорты федерациясының президенті Қазақстандағы бильярдтың дамуына өзінің үлесін қосқаны үшін аталған сыйлыққа ие болды.
7 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен жарық көрген «Қазығұрт» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Қазығұрт өлкесінің қасиеті жөнінде бұған дейін дәл мұндайлық толымды еңбек жарық көрген емес. Сондықтан да бүгін осы кемістіктің орны толды деп айтуға болады. Бұл кітаппен танысқан әрбір адам өзінің елі, халқы, жері үшін мақтаныш сезімде болады деп ойлаймын. Ал бұл дегеніміз біздің жиі айтып жүрген отаншылдық тәрбиесінің үлкен тетігі болып табылады», деді шара барысында сөз сөйлеген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Әбдірахманов.
Кітапта Қазығұрт өңірінің арғы-бергі тарихи жүйелі жазылған. Қазығұрт тауына қатысты Нұқ пайғамбардың кемесі жайлы аңыздың мәлім әрі беймәлім сырлары да әсерлі баяндалған. Түрік қағанатының билеушісі Истеми, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Александр Македонский, Тұман ханым, Абылай хан, Төле би сынды айтулы тарихи тұлғалардың өмірлеріне қатысты деректер Қазығұрт бойында өткен оқиғалармен ұштастыра суреттелген. Сонымен қатар ауданның таңғажайып табиғаты, жан-жануарлар әлемі, өсімдіктер дүниесі және әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани келбеті жайлы да нақты деректерді таба аласыз. Басылымдағы мәліметтер кез-келген азаматтың қажетіне жарары сөзсіз.
«Қазығұрт» кітабының таныстырылымына көрнекті ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, тарихшылар, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
6 жыл бұрын (2011) Мәскеудегі қазақ диаспорасы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінде Кеңес Одағының батыры, даңқты қолшбасшы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Аңызға айналған батыр» атты кітаптың тұсаукесерін жасады.
6 жыл бұрын (2011) Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі мен Эстония Республикасының Ұлттық мұрағаты арасында Мұрағат істері саласындағы ынтымақтатық туралы келісімге қол қойылды.
5 жыл бұрын (2012) Павлодардағы ішкі істер департаментінің ғимаратында қызметтік парызын өтеу барысында қаза тапқан 9 ішкі істер және ішкі әскер қызметкерлеріне арналып ескерткіш орнатылды.
2 жыл бұрын (2015) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына барған сапарында Қарасай ауданының тарихи-өлкетану мұражайын аралады. Мұражай қорында 2 мыңнан астам жәдігер бар. Олардың 900 жуығы негізгі қорға 1000-нан астамы қосымша қорға тиесілі.
Бір жыл бұрын (2016) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пошта байланысы саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған «Пошта туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңына қол қойды.
Бір жыл бұрын (2016) Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және алғысын жариялау қағидаларын бекіту туралы өкімге өзгеріс енгізді.
93 жыл бұрын (1924) Түркия Республикасының бірінші республикалық Конституциясы қабылданды.
25 жыл бұрын (1992)22 жылдық үзілістен кейін Севильде (Испания) «ЭКСПО-92» бүкіләлемдік көрмесі ашылды.
ЕСІМДЕР
66 жыл бұрын (1951) Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты ХВАН Вадим Терентьевич дүниеге келді.
Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Көркем академиясының корреспондент мүшесі, профессор А.Жуканың шеберханасынан дәріс алған. Ол Алматы қаласындағы «Арасан» емдеу-сауықтыру кешенінің авторы (сәулетшілер Мұрат Оспанов, Көпсекбай Төлебаевтармен бірлесіп). «Қазақстан» қонақ үйінің жобасын жасауға қатысқан.
65 жыл бұрын (1952) суретші-әрлеуші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Бүкілодақтық жаңғырту ғылыми-зерттеу институтының (Мәскеу) түлегі Қырым АЛТЫНБЕКОВ дүниеге келді. Ғылыми-жаңғырту зертханасының директоры. Қазақстанда, Ресейде және Францияда ежелгі қорғандарды қазуға қатысты. Ағаштан жасалған қолданбалы өнер заттарын жаңғырту жөніндегі кітаптардың авторларының бірі, осы проблема бойынша халықаралық конференцияларға қатысқан.
Ол 1 000-нан астам ежелгі тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтірді, «Алтын адамны» (Алматы облысы) неғұрлым дәл жаңғырту жөніндегі жұмыстарға қатысты, ежелгі сармат көрсемінің қару-жарақтары мен берел көсемінің аттарының әсем безендірілуі сияқты бірегей жұмыстарды атқарды.
64 жыл бұрын (1953) философия ғылымының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент-мүшесі, Шымкент қаласының құрметті азаматы Өмірзақ Пердебекұлы МЕЛДЕХАНОВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ химия-технология институтын, Ташкент мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын «Шымкентқұрылыс» тресінен бастаған. 1989-1992 жылдары - «Шипагер» фирмасының президенті. 1992-1998 жылдары - «Қазфармбиоөнеркәсіп» мемлекеттік концерні, «Фармбиоөнеркәсіп» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары, бас директоры. 1993-1996 жылдары - Шымкент химия-фармацевтика зауытының директоры. 1998-2000 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы. 2000 жылдан «Оңтүстікмаш-К» біріккен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қадағалау кеңесінің төрағасы болған.
«Құрмет» орденімен, медальмен марапатталған.
62 жыл бұрын (1954) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тортай дүниеге СӘДУАҚАС келді.
Ақмола облысында туған. Қарағанды университетінің филология факультетін бітірген. 1979-1995 жылдары «Жазушы» баспасында редактор болған. Ақынның «Тұңғыш», «Жартастағы жаңғырық», «Жұмбақтас», «Биші қайыңдар», «Айнакөл айшықтары» жыр жинақтары, «Наурызбай би және туған өлке тарихы», «Ел мен жер» атты тарихи-танымдық кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында шет ел жазушылары И.Франко, И.Драч, Я.Колас, Мен До Нук, Г.Блэнаур, Дж.Катичтың және моңғол ақындарының шығармаларын, сондай-ақ Ю.Поройковтың «Қас қағым сәт» атты кітабын тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынды.
55 жыл бұрын (1962) Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әли БЕКТАЕВ Әбдікәрімұлы дүниеге келді.
1962 жылы 20 сәуірде туған, қазақ. Білімі жоғары. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын бітірген. Инженер-механик, саясаттанушы. Экономика ғылымдарының кандидаты. Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір ауданы, С. Сейфуллин атындағы ұжымшардың бас инженері, Қазақстан Компартиясы Сайрам аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Сайрам ауданындағы Фрунзе атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы, Қазығұрт аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары, облыс әкімшілігінің Жастар ісі, спорт және туризм басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысының Сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялар басқармасының басшысы, облыстық мемлекеттік қызмет департаментінің директоры, Қазығұрт ауданының, Түркістан қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген. «Құрмет» орденімен марапатталған.
55 жыл бұрын (1962) Оңтүстік Қазақстан облысы білім беру саласындағы бақылау жөніндегі департаменттің басшысы Кәрімбек Арыстанбекұлы ҚҰРМАНАЛИЕВ дүниеге келді.
54 жыл бұрын (1963) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қытайтанушы Дүкен МӘСІМХАН дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасында туған. Бейжің орталық ұлттық университетін бітірген. 1993-2002 жылдары - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі. 2002 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті қызметтерін атқарады. Ақынның «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар» жыр жинақтары, «Жыр-жебе» монографиясы, «Сарап» ғылыми мақалалар жинағы жарық көрген.
44 жыл бұрын (1973) «Оңтүстік Мұнайгаз» АҚ президенті - ШИЛКОВ Андрей Александрович дүниеге келді.
36 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі VI шақырылымының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі ИМАШЕВА Снежанна Валерьевна дүниеге келді.
Ол Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы Бекей ауылында туған. 2001 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
2001.08-2001.09 - «Банк Туран Алем» ААҚ-ның Ақсай филиалы бөлшек кредиттеу маманы;
2001.10 - 2003.07 - Нотариустың көмекшісі;
2003.08 - 2005.04 - «Жаик Холдинг» ЖШС-ның заң кеңесшісі;
2005.05 - 2011.09 - «Аксайэнерго» ЖШС-ның заң кеңесшісі, өткізу бөлімінің бастығы;
2011.09 - 2016.03 - «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ның Бас директоры;
2016 жылғы 24 наурызынан бастап - алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
Отбасын құрған, екі баласы бар.
33 жыл бұрын (1984) Таэквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2002), таэквондодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері (2008) ЧИЛМАНОВ Арман Константинович дүниеге келді.
Қарағанды облысының Теміртау қаласында туған. Атырау мұнай-газ институтын инженер-мехника мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылдан бастап қазірге дейін Атырау облысының Балалалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің спортшы-нұсқаушысы. Таэквондодан 5 дүркін ҚР чемпионы (2000-2005); Иран (Тегеран, 2004), Германия (Бонн, 2005) халықаралық турнирлерінің, ҚР халықтары спартакиадасының (Шымкент, 2001), Каспий маңы елдері универсиадасының (Атырау, 2003) жеңімпазы, Азия чемпионатының (Амман, 2002), Азия ойындарының (Пусан, 2002), әлем чемпионатының (Қытай, 2007; Дания, 2009), XXIX Олимпиада ойындарының (Пекин, 2008) қола жүлдегері. «Құрмет» орденінің иегері (2008).
126 жыл бұрын (1890-1959) Квебектің (Канада) 1936-1939 және 1944-1959 жылдардағы премьер-министрі, кәсіби заң қорғаушы ДЮПЛЕССИ Морис Ле Нобле дүниеге келді.
Еңбек жолын Квебектің Консервативті партиясынан бастаған. 1935 жылы Дюплесси Квебектің Консервативті партиясын және Ұлттық либералды қозғалысты біріктіріп Ұлттық Одақтың негізін қалады. 1936 жылы Дюплесси өзінің жаңа партиясымен бірге Квебек парламентінің сайлауында Луи-Александр Ташро басқарған Квебектің Либералды партиясын жеңіп және премьер-министр атанды. 1944 жылы Дюплесси сайлауды жеңіп 1939-1943 жылдардағы үзілістен кейін тағы да премьер-министр болды.