20 жастағы алматылық шеберлер «Алтын адамның» көшірмесін жасады

Шеберлердің алтын адам образын таңдауының өз себептері бар. Олардың айтуынша, жас ханзада қазақ даласында мемлекеттіліктің негізін қалаған алғашқы тұлға.
Жаңа көшірмені жасауға жас мүсіншілер 2 ай уақытын сарп етті.
«Біз Мемлекеттік мұражайдан, кітаптардан материал жинадық. 700-ге жуық ұсақ детальдардан тура көшірмесін жасап шығардық. Біздің жұмысымызға қалалық Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшылығы көмектесті», - деді мүсінші Қайрат Арндт.
«Жас ханзада 18 жасында жер қойнына берілген. Қазіргі «Алтын адамды» осы жастағы жастардың жасауы біз үшін өте маңызды. Бұл жастағы қазіргі ұрпақ дәрменсіз әрі жауапкершілікті сезіне де бермейді. Бұрынғы бабаларымыз болса он сегізінде батыр болып, ел мен жердің қамын ойлаған. Бұл жастарға шабыт берді. Алтын адамның көшірмесін жасауға «ОрдаИнвест» корпорациясы қаржылай қолдау көрсетті»,- дейді қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Санжар Боқаев.
«Алтын адамның» жаңа көшірмесі Есік қаласына бұрылар жерде орналасқан «Фауна» фермасының жанында орналасады.
Тарихи деректерге қарағанда, Алтын адамның билік еткен ордасы осы өңірде болған.