20 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 20 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

81 жыл бұрын (1942) қазақтың белгілі жазушысы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат ИСАБЕКОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1967-1968 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор, 1968-1970 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-1976 жылдары «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1976-1980 жылдары «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі, 1980-1988 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы, 1988-1992 жылдары Қазақ теледидарының бас директоры, 1992-1995 жылдары «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры, «Мәдениет» журналының бас редакторы болып істеген.

Алғашқы әңгімесі «Жолда» 1963 жылы жарияланды. Кейін «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер», (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983) деген атпен жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды.

Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. «Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңді күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «МұңлықЗарлық», «Амал мен айла» т.б. пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды.

Таңдаулы пьесалар жинағы «Жеті желкен» деген атпен 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындылары бойынша «Гауһартас» (реж. Ш. Бейсембаев, 1975), «Дермене» (реж. А.Әшімов, 1986), «Тауқымет» (реж.Ұ. Қолдауова) көркем фильмдері түсірілді.

Қазақстан Жазушылар одағының М. Әуезов атындағы сыйлығының, «Мұрагерлер» пьесасы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты.

52 жыл бұрын (1971) Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Амантайұлы АЛПЫСОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында Неждановка ауылында туған. 1993 жылы Абай атындағы Алматы Ұлттық университетін, ал 2005 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітірді.

1993 жылы Алматы қаласының №156 орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болды. 1999 -2001 жылдары «Бектауата» ЖШС-де бухгалтер қызметін атқарды. 2001-2004 жылдары Алматы облыстық Қоршаған ортаны қорғау департаментінің жетекшісі, бас маманы, инспекторы, кейін бөлім бастығы болды. 2004 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы әкімнің орынбасары болып тағайындалды. 2008-2012 жылдары Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары болды. 2012-2015 жылдары Алматы облысы әкімінің бұйрығы бойынша Талдықорған қаласының әкімі лауазымына тағайындалды. 2015-2017 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінде мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2017-2019 жылдары ҚР Президенті әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 2019-2021 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болды.

2021 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Нұрланұлы ЖИЕНБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. «Тұран» университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2002–2005 жылдары ҚР Қаржы министрлігі жүйесінде еңбек еткен. 2005 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істеді. ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған. 2012-2013 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2013-2019 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2019 жылдың шілдесінен қазан айына дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары болды.

2023 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы Ербол ҚҰМАРБЕКҰЛЫ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. 2003 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша, 2006 жылы Экономика және құқық академиясын «экономист» мамандығы бойынша, 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «саясаттанушы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2004 жылы Алматы қаласында Қаржы полициясы департаменті тергеу бөлімінде инспектор болып бастаған. Ұзақ жылдар бойы Қаржы полициясында, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде еңбек еткен. 2018-2019 жылдары Шымкент қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары болған.

2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

38 жыл бұрын (1985) «АМАНАТ» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Владимирович КАНКУРОВ дүниеге келді.

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең туған.

М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша, Д. Қонаев атындағы университетті «Құқықтану» мамандығы бойынша, Орталық Азия университетін «Компьютерлік технологиялар және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2005 жылы «Мүлікті техникалық түгендеу» ЖШС маманы, бас маманы, 2005-2006 жылдары «Мүлікті техникалық түгендеу» ЖШС директоры, 2006-2011 жылдары «ПСТК Bitelecom» АҚ-да, 2010-2011 жылдары «Қазақстан-2030» ҚР Президентінің Бағдарламасын қолдау» Қоғамдық қорының вице-президенті, 2011-2013 жылдары «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2013-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары, 2018 жылы «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2023 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар