20 жылда Нұр-Сұлтанның климаты қалай өзгерді

«Қаланың аумағы артып, тіршілігі қызған сайын климаты өзгеріп келеді. Сонымен бірге маңайындағы климатқа да әсер етеді», - деді Нұрлан Абаев ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтандағы ең суық ай – қаңтар: орташа температура -14,2 °С. Түнде температура -20 °С-тан төмен болса, күндіз -10 °С деңгейінде болады.
Елордадағы ең ыстық ай – шілде: орташа температура 20,8 °C. Түнде температура орта есеппен 15,0 °C, ал күндіз 26 °C болады.
1936 жылдың 22 шілдесінде қалада ауа температурасы +41,6 °C болған екен. Бұл - әзірге қаладағы рекордтық температура.
«Жиырма бірінші ғасырда ең жоғары температура (+40,1 °С) 2005 жылдың 7 шілдесінде байқалды. Ең төменгі температура (-40,6 С°) 2012 жылы 15 желтоқсанда тіркелді», - дейді маман.
1-кестеде 1980-2000 және 2001-2020 жылдардағы орташа айлық ауа температурасы келтірілген.
Кестеге сенсек, кейінгі 20 жылда ауаның орташа жылдық температурасы 0,5 °С-қа көтерілген.
1-кесте. 1980-2000 және 2001-2020 жылдардағы ауаның айлық орташа температурасы
Кезең | I | II | III | IV | V | VI | VII | VIII | IX | X | XI | XII | Жыл |
1980-2000 | -14.1 | -14.5 | -8.7 | 5.0 | 13.4 | 19.5 | 21.1 | 18.6 | 12.1 | 4.2 | -6.7 | -12.1 | 3.2 |
2001-2020 | -14.4 | -13.9 | -6.6 | 5.9 | 14.1 | 19.6 | 20.8 | 19.0 | 12.5 | 4.6 | -5.5 | -12.0 | 3.7 |
«Соңғы 20 жылда желдің жылдық орташа жылдамдығы 3,6-дан 2,8 м/с дейін төмендеді. Желдің басым бағыты оңтүстік-батыстан оңтүстік бағытқа өзгерді», - дейді сарапшы.
Ол, сондай-ақ жылдың барлық айларында тынық ауа райы көбейіп келе жатқанын атап өтті.
2000 жылға дейін тымық күндер саны 35-51 аралығында болса, қазір 55-81 аралығына жеткен. Әсіресе тамыз айы тыныш өтетін болған.
2 кесте. Боранды күндер саны
Боранды күндер саны | |||||||||||||
Кезең | I | II | III | IV | V | VI | VII | VIII | IX | X | XI | XII | Жыл |
1980-2000 | 6 | 6 | 4 | 2 | 2 | 4 | 4 | 4 | 27 | ||||
2001-2020 | 3 | 3 | 2 | 1 | 1 | 1 | 3 | 14 | |||||
Шаңды жел соғатын күрдер | |||||||||||||
1980-2000 | 1 | 2 | 2 | 2 | 2 | 2 | 11 | ||||||
2001-2020 | 2 | 2 | 2 | 1 | 1 | 1 | 9 |
2-кесте бойынша, жылдың барлық маусымдарында ауа-райы қолайсыз күндер азайып келеді.
Мысалы, боран мен шаңды дауыл 2001-2020 жылдар аралығында екі есе азайған (27 күннен 14 күнге дейін). Шаңды жел соғатын күндер саны 11-ден 9-ға қысқарған.
«Деректерге сүйенсек, кейінгі 20 жылда қаланың қысқы климаты «қатал» режимнен «орташа қатал» режимге ауысып келеді», - деді Нұрлан Абаев.