200 млн теңге қарыз: Қазақстандағы ең ірі сүт зауыты неге субсидия алмай отыр

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының әкімдігі өңірде сүт өнімдерін өндіретін ірі зауытқа субсидия төленбеуіне байланысты түсініктеме берді.

200 млн теңге қарыз: Қазақстандағы ең ірі сүт зауыты неге субсидия алмай отыр
Фото: pexels

Қазақ тамақтану академиясының «Amiran» зауыты әлеуметтік желіде бір жыл бойы субсидия болмағандықтан, бүкіл салаға қауіп төніп тұрғанын хабарлады. Компания мәліметінше, 2024 жылдан бастап жем-шөп пен сүтке арналған төлемдер жүргізілмеген, ал 2025 жылдан бері тұқым мен тыңайтқыштарға субсидия бөлінбеген. Мемлекеттің жалпы берешегі шамамен 200 млн теңгеге жеткен. Компания қазіргі уақытта шығынмен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының жауабына сәйкес, 2024 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 12,3 млрд теңге бөлінген. Алайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден түскен өтінімдер 22,5 млрд теңге болған. Бұл бөлінген қаржыдан екі есе көп болғандықтан, өтінімдер бойынша қарыз пайда болды.

Ал 2025 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 10,2 млрд теңге бөлінген. Алайда ол толық көлемде 2024 жылғы өтінімдер бойынша қарыздарды өтеуге жіберілген.

— 2025 жылдың басынан бастап, өзге бюджет қаржысының бөлінбеуіне байланысты биыл берілген өтінімдерге төлем жасалмады. Қаражат түсуіне қарай төлем кезек тәртібімен жүзеге асырылады. Бүгінгі күні мал шаруашылығын субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 9,2 млрд теңге болатын 1608 өтінім түсіп, мақұлданды, — деп түсіндірді басқарма басшысы Ғалым Тоқпейісов.

Оның айтуынша, «ЗКАП Амиран» ЖШС-нен сүт өндірісінің құнын арзандатуға жалпы 214 млн теңге болатын 12 өтінім, сондай-ақ ірі қара малдың асыл тұқымды аналық басын импорттауға 7,6 млн теңгенің бір өтінімі түскен — барлығы 221,6 млн теңге. Одан бөлек тыңайтқыш құны бойынша жалпы сомасы 21,9 млн теңге болатын 3 өтінім берілген.

— Аталған өтінімдер қабылданды және тізімінде тұр, қосымша бюджет қаражаты түскенде кезекпен төленетін болады, — деп атап өтті ол.

Ведомство басшысы қосымша қаржыландыру үшін ұсыныстар жолдағанын және мемлекет тарапынан барлық міндеттеме сақталатынын атап өтті. Қаражат түсуіне қарай төлемдер толық көлемде жүргізіледі.

Сонымен қатар нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге сәйкес, «Ауыл шаруашылығы жануарларының басына арналған жем-шөп шығындарының құнын арзандату» бағыты бойынша субсидиялар тек ерекше жағдайлар туындағанда ғана берілмек:

- Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 48-бабына сәйкес табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанда;

- Жем-шөп дайындауға кері әсер ететін ауа райы жағдайлары туындағанда. Бұл жағдай РМК «Қазгидромет» ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми ауа райы анықтамасымен расталуы қажет.

Алматы облысында 2024–2025 жылдары мұндай негіздер тіркелмеген, сондықтан бұл бағыт бойынша қаржыландыру бөлінбеген.

Еске салайық, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 15-тен аса елге экспортталады.

Соңғы жаңалықтар