200 сарапшы қылмыстық сот төрелігі жүйесін талқылап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда төрінде 200-дей сарапшы Орталық Азия өңіріндегі қылмыстық сот төрелігі жүйесін дамыту мәселесін талқылауда. Бұл туралы ЕҚЫҰ ДИАҚБ Демократияландыру департаментінің басшысы Константин Вардзелашвили айтты.

сот жиыны
Фото: ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі

«Орталық Азия үшін қылмыстық сот төрелігі бойынша сарапшылардың 9-шы форумына» Орталық Азия елдерінен 200-дей сарапшы, одан бөлек өзге де халықаралық сарапшылар қатысуда. Біз қылмыстық сот төрелігі саласындағы реформаларды дамытуға бағытталған бірқатар сұрақтарды талқылау үшін бас қосып отырмыз. Сондай-ақ, осы реформаларды жүзеге асыру барысында кездесетін кедергілерді де талқылаймыз. Сотқа дейінгі тергеуді, адам құқығын қорғаудағы стандарттар, заң үстемдігін қамтамасыз етуді қамтитын қылмыстық сот төрелігі саласындағы мемлекеттік саясат та назардан тыс қалмайды. Қамаудағы адамдарды азаптау, азаптауға жол бермеу үшін озық стандарттарды қолдау тақырыбына да тоқталамыз», - деді форум модераторы әрі ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Демократияландыру департаментінің басшысы Константин Вардзелашвили.

Оның айтуынша, бұл форумды ҚР Жоғарғы соты, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы ұйымдастырып жатыр. Сондай-ақ, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бас комиссарының кеңсесі, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, БҰҰ даму бағдарламасы, ЕҚЫҰ-ның жергілікті кеңселері (Астана ғана емес, ОА елдерінде орналасқан Душанбе, Ашхабат, Бішкектегі кеңселер де) бұл шараны өткізуге атсалысқан.

Айта кетейік, бұған дейін Орталық Азиядағы қылмыстық сот төрелігі бойынша сарапшылардың 9-форумы өтіп жатқанын жазған едік. Шара екі күнге созылады.

 

Соңғы жаңалықтар