2000-шы жыл Түркiстан төрге шыққан жыл

Республиканың мұнайдан түсетiн табыс көрсеткiшi сол жылы жедел көтерiле бастады. Статистикалық деректер бойынша, Қазақстанда 2000 жылы 35 млн. тонна мұнай өндiрiлген. Экспорт көлемi 4,2 млрд. АҚШ долларына тең болыпты. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында елiмiз қаржы тапшылығынан үлкен қиындықтарға ұшыраса, 2000 жылдары керiсiнше мұнайдан түскен мол қаржыны игеру айтарлықтай проблемаға айналды. Өйткенi, бюджет түсiмдерi артқанымен экономиканың басқа салаларында оған лайықты көлемде тауар өндiру мен қызмет көрсету болған жоқ. Ал, ауыл шаруашылығы мен экономиканың басқа да нақты секторларының жағдайы әлi де нашар-тын. Мұндай жағдайда мұнайдан түскен қаржыны оңды-солды жұмсап, әлеуметтiк мәселелердi шешу, жалақыны еселеп арттыру немесе сол жылдары кейбiр саясаткерлер айтқандай миллиардтаған долларды халыққа жәй ғана таратып бере салу кешiрiлмес қателiк болар едi. Өйткенi, ондай жасандылыққа жол берiлген жағдайда экономиканың «қызып кетуi», сөйтiп жаппай құнсыздану орын алып, халық арасында инфанталистiк писхология белең алуы мүмкiн едi. Сондықтан осындай проблемалардан құтылу үшiн «қара алтынды» молынан өндiре бастаған осы жылы Қазақстанның Ұлттық мұнай қоры құрылды.
«Қазақстанға мұнай долларынсыз немесе ел айтатындай «мұнай инесiне» дағдыланбай-ақ өмiр сүруге үйрену қажет. Өндiрiс таппаған ақшаны әлеуметтiк салаға жұмсауға немесе жалақыны жөнсiз көтеруге әуестенбеу, оны әлдебiр «қиын күндерге» сақтау өте маңызды. 2000 жылы бiз құрған Ұлттық қор, атап айтқанда, осы мақсатты көздейдi және жөнсiз жойымпаздық пен құнсыздану қысымын төмендетудiң негiзгi құралы болып табылады» деп жазады бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кiтабында.
Расында Ұлттық қор құру туралы шешiмнiң дұрыс болғанын уақыттың өзi дәлелдеп бердi. Бүгiнде бұл қорда Ұлттық банктiң резервтерiн қоса есептегенде 120 миллиард АҚШ доллары көлемiнде қаржы бар. Соның арқасында Қазақстан әлемдi шарпыған экономикалық дағдарыстар кезiнде де тұрақтылығынан айырылмай, керiсiнше индустриалды-инновациялық дамуға ден қойып отыр.
2000 жылы тәуелсiз Қазақстанның халықаралық саясаттағы қадамы да нық болды. Әлем елдерiнiң назары Нью-Йоркте өткен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Мыңжылдық Саммитiнде болса, дәл осы жаһандық басқосуда Қазақстан Президентi Н.Ә.Назарбаев алғашқылардың бiрi болып сөз сөйлеп, «Қауiпсiздiк және ынтымақтастық - ғаламдық және аймақтық аспектiлер» тақырыбында арнайы баяндама жасады.
Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2000 жыл «Мәдениеттi қолдау жылы» деп жарияланды. Бұл сонау өтпелi әрi күрделi кезеңде жабылып қалған мұражайларды, кiтапханалар мен мәдениет сарайларын қайта ашуға сеп болды. Мұны мына деректерден-ақ аңғаруға болатындай: Сол жылы елде 468 кiтапхана, 239 мәдениет үйi күрделi жөндеуден өтсе, жаңадан 5 театр өз жұмысын бастаған. Елордада К.Байсейiтова атындағы ұлттық опера және балет театры, ҚР Президентiнiң мәдени орталығы, ҚР Мемлекеттiк мұражайы ашылды.
Жаңа ғасырдың алғашқы жылында халық ауыз әдебиетiнiң небiр жауһарларын топтастырған 100 томдық жинақ, Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткiштерiнiң 10 томдығы, академик Ә.Марғұланның шығармалары жинағының 14 томдығы жарық көрдi. Халқымыздың көрнектi тұлғаларының рухын ардақтап, олардың ұлтқа сiңiрген еңбегiн мәңгi есте қалдыру және жас ұрпаққа үлгi ету жолында да талай жұмыс iстелдi. Айталық, Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлының, Павлодарда Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, Атырауда Бейбарыс Сұлтан мен күй атасы Құрманғазының, Алматыда Абылай ханның ескерткiштерi ашылды. Осы жылы Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұмысын бастады.
2000 жыл туралы сөз қозғағанда айтпай кетуге болмайтын екi жайт бар. Оның бiрi - осы жылы тұтастай түркi жұртының бесiгiне айналған шежiрелi Түркiстан қаласының 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейiнде тойланып, бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар түркi мемлекеттерiнiң басшылары да түгелдей қатысты. Бiр кездерi Қазақ хандығының астанасы болған, исi түркiнiң рухани ордасы саналатын киелi Түркiстан қаласының осынау мерей тойы халқымыздың ұзақ жылдар бойы жаншылған рухының көтерiлiп, қайта түлеуiне ықпал еттi. Қала бердi, бұл оқиға түркiтектес халықтардың бiрлiгiн нығайтуға, Қазақстанның тарихы тереңде жатқан ел екенiн әлемге танытуға да қызмет еткенi есiмiзде.
2000 жылды ерекшелеп тұратын айшықты оқиғаның екiншiсi де Түркiстанмен байланысты. Олай дейтiнiмiз, сол жылы Түркiстанның тумасы, даңқты батырымыз марқұм Бекзат Саттарханов қазақ жiгiттерi арасынан тұңғыш рет бокстан Олимпиада ойындарының жеңiмпазы атанды. Иә, жас мемлекеттiң атын да, атағын да әлемге танытқан спорттағы жетiстiктiң негiзгiсi ХХVII Сидней Олимпиадасында көрiнiс тапқан болатын. Осы Олимпиадада Саттархановпен бiрге боксшы Ермахан Ибрайымов және желаяқ қыз Ольга Шишигина жеңiс тұғырына көтерiлсе, жерлесiмiз Мұхтархан Дiлдәбеков пен әйгiлi боксшы Болат Жұмадiлов және еркiн күрес шеберi Ислам Байрамуков күмiс жүлдеге ие болды. Сөйтiп, Ер Бекзат бастаған сайыпқырандардың арқасында Сиднейде бүкiл әлем қазақ халқының жеңiмпаз рухы мен өр мiнезiне бас идi.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ