17:48, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
2008 жылы атқарушы биліктің қызметінде әлеуметтік бағдар басым болды
АСТАНА. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Өткен 2008 жылы да әлеуметтік сала Үкіметтің басты назарында болып, елді әлеуметтік тұрғыдан қорғау, әл-ауқатын арттыру, халықтың әлжуаз жіктерін қолдау бағытында жүйелі істер атқарылды.Атқарушы биліктің 2008 жылы әлеуметтік саланы қолдаудағы жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы Жолдауынан туындаған тапсырмалары
аясында іске асырылды. Жолдауда Президент Қазақстан қоғамының барлық жіктері мен әлеуметтік топтарының әлеуметтік көңіл-күйін ұдайы жақсарта түсу мемлекет саясатының алдыңғы сапында болып келгенін және солай болып қала беретінін айтып, мемлекеттің әлеуметтік саясаты жұмыс орындарын ашуға және еңбекке қабілетті халықты ел экономикасына тартуға бағдарланған жағдайда ғана тиімді болатынын атап көрсеткен еді. Сондықтан Үкіметтің әлеуметтік саясаты былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік орнықтылықты сақтауға, өмір деңгейін арттыруға және адами ресурстарды дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталды. Бұрынғы жылдардан айырмашылығы әлеуметтік басымдықтарды жүзеге асыру әлемдік қаржы дағдарысының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуі және экономиканың нақты секторында өсім қарқынының белгілі бір тежелуі жағдайында жасалды. Мұндай жағдайда жұмыспен қамтуды сақтау және кірістерді ұстап тұру, әлеуметтік көмекті көрсету және халықтың мейлінше әлсіз санаттарын қолдау айрықша маңызға ие болды. Әлеуметтік міндеттерді орындау үшін Елбасының тапсырмасы бойынша, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру толық көлемде сақталды. Тапсырмалар «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң бойынша жүзеге асырылды. 2008 жылы әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға 622,9 млрд. теңге (2007 жылы 503 млрд. теңге) көлемінде шығыстар қарастырылды. Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында жұмыс орындарының қысқаруына және экономиканың нақты секторында жаппай жұмыстан босатуға жол берілген жоқ. Еңбек рыногындағы жалпы жағдай айтарлықтай орнықтылығымен және халықтың экономикалық белсенділігінің өсімімен сипатталды. Жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың және экономиканың нақты секторын дамытудың аясында 2008 жылдың 10 айының ішінде 236 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды, оның тең жартысынан астамы ауылды жерлерде. Үкімет дағдарыс кезінде өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және жұмысшыларды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша экспортқа бағдарланған бірқатар кәсіпорындармен, ірі компаниялармен жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған құжаттарға қол қойды. Мәселен, былтыр кәсіпорындармен барлығы 110 меморандум және жұмыс берушілердің бірлестіктерімен 10 келісім жасалды. Құжатқа қосылғандардың ішінде «Қазақмыс» корпорациясы, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы, «Қазхром» компаниясы, «Соколов-Сарыбай» кен байыту өндірістік бірлестігі сынды ірі ойыншылар, облыстарының әкімдіктері, жергілікті кәсіподақтар, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бар. Меморандумдардың басты мақсаты - еңбек қатынастарында тараптардың мүдделерін барынша қамтамасыз ету және экономикалық тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік шығындарды төмендету болып табылады. Құжат бойынша оған қосылған кәсіпорындарында толық емес жұмыс уақытын енгізу, жұмыскерді бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысының үштен екісінен кем емес төлеммен уақытша басқа жұмысқа ауыстыру, өндіріс тоқтаған және тоқтауға мәжбүр болған жағдайда айлық жалақысының 50 пайызынан кем емес мөлшерде өтемақы төлеу сынды жайттар қарастырылған.
Тағы бір атап өтерлігі, жұмыскерлерге (міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға) жұмысынан айырылып қалу қаупі туған кезде 4 ай бойы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер жүргізілетін болады. Өткен жылы Мемлекет басшысының әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін көтеру жөніндегі тапсырмасы да тиянақты орындалды. 2008 жылдан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері жоғарылатылды, № 2 тізім бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі және босануы, бала бір жасқа толғанға дейін бала күтімі жөніндегі әлеуметтік төлем енгізілді. Базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері 3 мың теңгеден 4 мың 810 теңгеге дейін ұлғайтылды, бұл бүгінде күнкөріс минимумының 40 пайызын құрайды. 2008 жылғы қаңтардың 1-інен бастап жүргізілген ұлғайтулардың нәтижесінде зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері бір ширекке (на треть) ұлғайтылды және базалық зейнетақы төлемдерін қосқанда 18 мың 470 теңгені құрады. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері (мүгедектігі, асыраушысынан айырылу жағдайы, жасы бойынша) 2008 жылы 2007 жылмен салыстырғанда үштен бірге өсті. 2008 жылғы қаңтардың 1-інен бастап қазіргі әлеуметтік тәуекелдерге қосымша (еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу) жүктілігі және босануы, жұмыс істейтін әйелдер үшін бала бір жасқа толғанға дейін бала күтімі жағдайында әлеуметтік сақтандырудың жаңа түрлері енгізілді. Әлеуметтік қолдау жүйесінде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесін дамыту маңызды басымдықтардың бірі болып қалды. Бұған қоса 2008 жылдан бастап бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері 2 есеге ұлғайып, 35 мың 40 теңгені құрады, бір жасқа дейінгі бала күтімінде отыратын әйелдерге берілетін ай сайынғы жәрдемақы 1,6 есеге ұлғайтылды. Осы тұста балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау өз жемісін беріп, елімізде сәбилердің туылу көрсеткіші артқанын атай кеткен жөн. Мәселен, 2008 жылдың 9 айында Қазақстанда 270 мыңнан астам бала өмірге келіпті, бұл 2007 жылға қарағанда 30,7 мыңға көп. Енді көші-қон саясатына қатысты бірер сөз. Бұрынғы жылдардағыдай былтыр да Үкіметтің көші-қон саясатында этникалық көші-қонды реттеуге айрықша назар аударылды. Осы саясаттың арқасында қазіргі таңда 687 мыңнан астам сырттағы қандастарымыз тарихи отанына оралды. Олардың ішінде тең жарымынан астамы еңбекке қабілетті жастағылар. Шеттегі қандастарымыздың тарихи отанына оралып, бейімделуі және ықпалдасуы үшін қазынадан жыл сайын 11 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінуде. Көші-қон әлеуетіне жүргізілген талдау келешекте этникалық көші-қон ағымының ұлғаюы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Әртүрлі бағалаулар бойынша қазіргі таңда шет мемлекеттерде 3,5 миллионнан 4,5 миллионға дейін қазақтар тұрады.Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтырғы жылы Үкімет «Нұрлы көш» бағдарламасын әзірлегені белгілі. Бұл бағдарлама этникалық қазақтарды, Қазақстанға оралуға ниет танытқан бұрынғы азаматтарымызды және ішкі мигранттарды ерікті негізде аймақтарға жайғастыруға және жайластыруға жәрдемдесуге мүмкіндік береді. Аталмыш бағдарламада Қазақстанға оралуға ниет білдірген отбасыларды қабылдау механизімі өзгертілген. Мысалы, бағдарлама ең алдымен жылына шамамен 60 мың мигрант отбасыларын қабылдауға есептеліп отыр. Олар «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасы аясында жаңа кәсіпорындар ашылуы жоспарланған аймақтарға бір тегіс жайғастырылады. Екіншіден, Үкімет ақшаны өз бетімен табу үшін механизм әзірледі. Үшіншіден, аталмыш бағдарлама әмбебап, ол тек оралмандарды ғана емес, ішкі мигранттарды да қолдауға арналған. Атап өтерлігі, қоныс аударушыларды өңірлерде орналастыру ықшам елді мекендердің құрылысын салу арқылы жүзеге асырылады. Барлығы 11 ықшам елді мекендерді салу жоспарланып отыр. Олардың әрқайсында кем дегенде 300 отбасы тұратын болады. Бұл ретте қоныс аударушылардың тікелей қатысуымен типтік елді мекендердің құрылысын салу тәжірибесі қолданылатынын айта кетейік. Осы орайда 23 бала бақша, 9 мектеп, 334 шақырым жолды төсеу, 400 шақырымға жуық су құбырының желісін және 299,1 шақырым электр желісін салу көзделіп отыр. Дағдарыс Қазақстан экономикасының нақты секторына да салқынын тигізгендіктен, Үкімет өткен жылы қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қабылдауды да назардан тыс қалдырмады. Нан мен негізгі азық-түліктік тағамдарының бағасының өсіміне байланысты жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, сондай-ақ демеушілік көмектердің есебінен өңірлік деңгейде өтемақылық төлемдер, аз қамтылған отбасыларды төмендетілген баға бойынша ұнмен қамтамасыз ету, оларға қоғамдық көлікте жеңілдетілген жол ақысын ұсыну сияқты шаралар жүзеге асырылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жергілікті бюджет қаржысы және кәсіпкерлердің демеушілік көмегі есебінен 200 мыңнан астам адам өтемақылық төлемдер алған. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен облыстарда коммуналдық рыноктар ашылып, 140 әлеуметтік дүкендер, 1,5 мыңнан астам сауда орындары, 350-ден астам дәріханалар құрылған. Олардан зейнеткерлер, мүгедектер және халықтың басқа да әлеуметтік қорғалатын жіктері төмендетілген бағада азық-түліктер мен дәрі-дәрмектер сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Міне бұл Үкіметтің әлеуметтік саланы қолдау саясатында былтырғы жылы атқарған жұмысының бір парасы. Атқарушы билік әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында әлеуметтік салаға қатысты тышқан жылы жасаған жұмыстарын 2009 жылы да жалғастыратын болады. Биылдан бастап еліміз 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық бюджетпен жұмыс істей бастағаны белгілі. Елбасы Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, мұнда да әлеуметтік салаға бөлінетін шығыстардың көлемі артып отыр. Мәселен 2009 жылғы бюджет бойынша 2007 жылға қарағанда зейнетақылардың орташа мөлшері 25 пайызға, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға ұлғайып, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін 9 пайызға арттып отыр. Бұдан бөлек тарихи атажұртына көшіп келу үшін оралмандарға бөлінетін жыл сайынғы квота биыл 5 мың отбасына дейін ұлғайтылды. Үкіметтің дағдарысқа қарсы нақты бағдарламасының және әлеуметтік саланы қолдауға қатысты саясатында нақты ұстанымның барын ескерсек, 2009 жылы да қазақ елінің әлеуметік көңіл-күйі көтеріңкі болатынына, ұнжырғасының түспейтініне сенім бар.