15:32, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
2008 жылы ІЖӨ-нің нақты өсімі 3,1 пайызды құрады - Б. Сұлтанов
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алдын ала бағам бойынша 2008 жылы ІЖӨ-нің нақты өсімі 3,1 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Астанада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен алқа мәжілісінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, өткен жылдың 11 айында халықтың табысы 3,4 пайызға өскен. Үкіметтің, Ұлттық банктің және жергілікті атқару органдарының инфляцияға қарсы саясаты 2007 жылға қарағанда инфляция деңгейінің төмендеуін қамтамасыз етті. 2008 жылы қызмет көрсету мен тауарлар бағасы 9,5 пайызға жоғарылады. Бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 9,3 пунктке төмен. Ал өнеркәсіптік өнімнің өндірістік көлемі 2,1 пайызға өсті.
«Сонымен қатар ішкі және сыртқы нарықта қазақстандық кәсіпорындардың өніміне сұраныстың төмендеуі өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің 2,6 пайызға қысқаруына әсер етті»,- деді Б. Сұлтанов.
2008 жылы экономиканың өсіміне шетелдік инвестиция деңгейінің сақталуы оң ықпал еткеніне тоқталған министр, «өткен жылы негізгі капиталдағы инвестицияның өсімі 4,6 пайызды құрады. Жалпы 2008 жылы сыртқы тауар айналымы 109 миллиард АҚШ долларына жетті және 2007 жылмен салыстырғанда 35,5 пайызға артты. Сондай-ақ экспорт өсімі - 49 пайызды, ал импорт 15,7 пайызды құрады», - деді .