16:17, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
2008 жылы мемлекет әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке 566,5 млрд. теңге жұмсады-Б. Сапарбаев
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2008 жылы мемлекет әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке 566,5 млрд. теңге шығын жұмсады.

Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға артық. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің былтырғы жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісінде бұл туралы ведомство басшысы Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Осының нәтижесінде әлеуметтік төлемдердің деңгейі артты. Былтыр ең төменгі зейнетақының мөлшері - 12 мың 700 теңге, орташа мөлшері - 18 мың 400 теңге, жоғары мөлшері - 26 мың 700 теңге болды. Зейнетақы төлемдері 2007 жылмен салыстырғанда орта есеппен 1,5 есеге артты. Бұған қоса 164 мыңға жуық адам жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы алуда», деді алқада Б. Сапарбаев.Министр 2008 жылы мемлекеттік- әлеуметтік жәрдемақылардың да орташа мөлшері ұлғайғанын атап өтті. Өткен жылы 1 миллионнан астам адам арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алған. Бұдан бөлек ана мен балаға берілетін жәрдемақылар мөлшері едәуір ұлғайып, бүгінде 350 мыңға жуық отбасы осындай көмек алып отыр. Б. Сапарбаев 2008 жылғы қаңтардың 1-нен бастап жүктілігі және босануы бойынша және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша сақтандыру енгізілгенін еске сала келе: «Осыған байланысты әлеуметтік қордан былтыр 25 млрд. теңге жұмсалды», деді. «Осылайша, 4 млн. 300 мың адам немесе еліміздің халқының үштен бірі ай сайын және уақтылы республикалық бюджеттен әлеуметтік төлем алып тұрды», деді ол.