18:25, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
2008 жылы облыс экономикасының нақты секторында оң өсім байқалды
АҚТАУ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Өнеркәсіптік өндіріс көлемі өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ағымдағы баға бойынша 1518797 миллион теңгені құраған.
Бұл 2007 жылғы көрсеткіштен 3,9 пайызға артық. Осы көрсеткіш тау-кен өндіру саласында тиісті кезеңмен салыстырғанда 4, өңдеу саласында 10,4 пайызға көп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық статистика департаментіне сілтеме жасап.Электр энергиясы, газ және су өндірісінде жеке көлем индексі былтыр 116,4 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі ағымдағы баға бойынша 3072,4 миллион теңге болды. Бұл 2007 жылға қарағанда 2,8 пайызға артық. Негізгі капиталға инвестиция былтырғы жылмен салыстырғанда 13,8 пайызға артып, 307299 миллион теңгеге жеткен. Сондай-ақ 2008 жылы тұтыну бағаларының индексі алдыңғы жылмен салыстырғанда 107,8 пайызға артты. Азық-түлік бағалары - 10,9, азық-түлік емес тауарлар бағалары - 6, ақылы қызметтер - 4,3 пайызға өсті. Өнеркәсіптік өнімдер шығаратын өндіруші-кәсіпорындардың бағалары өткен жылдың желтоқсан айында 2007 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 35,6 пайызға төмендеді.