15:39, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
2008 жылы шағын кәсіпкерлік субьектлеріне 1570,7 миллиард теңге несие берілді - Ұлттық банк
АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Өткен жылы банктер тарапынан шағын кәсіпкерлік субьектілеріне 1570,7 миллиард теңге несие берілген. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары. Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк өкілдері осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ұлттық банктің деректеріне қарағанда, 2008 жылы банктердің экономикаға несиелері бойынша негізгі борыштың жалпы көлемі 2,7 пайызға көтеріліп, 7454,1 миллиард теңгені құраған. Бұл ретте ұлттық валютадағы несиелер 0,1 пайызға көтеріліп, 4162,2 миллиард теңгені құрады, ал шетел валютасындағы несиелер 6,2 пайызға өсіп, 3291,9 миллиард теңгені құрады. Нәтижесінде, теңгедегі несиенің үлес салмағы 2007 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 57,3 пайыздан 55,8 пайызға дейін төмендеген. Сондай-ақ өткен жылы ұзақ мерзімді несиелер 5933,5 миллиард теңгені, ал қысқа мерзімді несиелер 1520,6 миллиард теңгені құраған.
Салалық бөлуде экономиканың сауда (22,8 пайыз), құрылыс (19,6 пайыз), өнеркәсіп (10,2 пайыз ) және ауыл шаруашылығы (3,4 пайыз) тәрізді салалары белсенді несиелендірілген.Банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген несиелер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 2007 жылғы желтоқсандағы 14,8 пайыздан 2008 жылғы желтоқсанда 16,1 пайызға дейін өскен, ал жеке тұлғаларға берілген несиелер бойынша 19,3 пайыздан 18,8 пайызға дейін төмендеген.