2009 жыл қорытындысы: Қазақстандық банк саласындағы басты оқиғалар

Ы. Желтоқсанның 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Санаулы күндерден соң  2009  жылмен  де қоштасамыз. Қаржы сарапшыларының пікірінше, өтіп бара жатқан  жыл экономика саласы, оның ішінде қаржы әлемі үшін  дағдарыстан оңалуға бет бұру жылы болды. Бұл сөз тікелей Қазақстанның экономикасы мен  банктеріне де қатысты. Өйткені әлемнің бірқатар елдері, оның ішінде экономикасы озық деп саналатын
None
None

Еуроодақ елдерінің кейбірінде дағдарыстың әлі де дамылдар түрі жоқ. Ал Қазақстан экономикасының сауығуға бет түзегені көзге көрініп тұр.Былтыр жыл басталғанда сарапшылар бұл жыл былтырғыға қарағанда жайлылау болатынын айтса, жұлдызшылардың басым бөлігі әлемдік қор биржаларының негізгі белгісі сүзеген бұқа екендігін мысалға алып, әлем экономикасы сауығуға бет түзейтінін болжаған болатын. Қалай десек те, сол болжам рас болды. Былтырғы жылдың соңында әлемдік қаржы саласында дефолт болып, банкроттыққа ұшыраған банктер атын жиі естісек, биылғы жылы айтарлықтай өсім көрсетпесе де, есігіне дефолт деген жазу іліп, есігін тарс жапқан банк жоқ. «Тойдың болғанынан  боладысы қызық». Былтырғы жыл басталар алдында жоғарыдағы жақсы болжаммен қатар сарапшылар да, халық та бірқатар банктермен қоштасып, әлемдегі экономикалық ахуалдың құлдырайтынын жарыса айтқан еді.  Тәуба дерлігі сол, бұл болжам да, былтырғы жыл басында  әзілкештер айтқан «бұдан былай банкке барсаң, есігінде «ашық» немесе «дефолт» деген жазудың бірі тұрады» деген әжуа да орын алмады. Бірқатар елдердің үкіметтері қолға алған жедел шаралар нәтижесінде экономикалық тоқырау болған жоқ. Бұның ішінде тіпті көштің басында Қазақстан да бар. Ел үкіметінің дағдарысқа қарсы шаралары нәтижесінде бөлінген қаржы діттеген жеріне жетіп, қаржы саласына да, шағын және орта бизнеске де жан біте бастады. Бұлардың ішінде дағдарыс соққысы былтырғы жылы қатты тиген банктер де бар. Сарапшылар банктердің дағдарыс соққысына төтеп беруін ел үкіметінің 4 жүйе құрушы банкке қаржы салып,  банктер арқылы бизнесті несиелендіруге 3 миллиард доллар көлемінде  қаржы бөлгенінің, сондай-ақ қаржы нарығын  қадағалау шараларын қатаңдатқанынан көреді. Бұл ретте әрине банктердің топ-менеджерлерінің де еңбегі зор. Жалпы бір сөзбен баяндасақ, жабылған банк, қаңғырған халық жоқ.

Сонымен, өткен жыл Қазақстандық банктер үшін қалай басталған еді және банк саласында қандай айтулы оқиғалар орын алды?. Осыған аз-кем тоқталсақ. Жыл басында Қазақстанның қаржы әлеміндегі ең айтулы оқиғаның бірі - девальвация болғаны рас. Теңге 25 пайызға құнсызданды. Қазақстан үшін девальвацияның орын алуы ең бірінші отандық өнім өндірушілерді қолдау мақсатында жүзеге асырылды. Доллардағы тауар құны төмендеп, бұның салдарынан отандық тауар да арзан бола түсті. Бұл біздің тауардың шет елде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар өнімдерін экспортқа шығарушылар да үлкен ұтысқа ие болды. Нәтижесінде отандық  өнім өндіру мен жұмыс орындары сақталынып қалды. Бастапқыда бұл инфляцияны арттырып, девальвацияның екінші толқынын тудырады деген үрей тудырғаны рас. Алайда жыл бойы доллар курсы Ұлттық банк басшысы уәде еткен 150 ± 3 теңге көлемінде болды. Г.Марченконың айтуынша, осы курс бағамы келер жылдың 5-ші ақпанына дейін сақталады. Өтіп бара жатқан жылдың тағы бір оқиғасы инфляция көлемінің 3,5 пайызға төмендеуі. Инфляция көрсеткішінің биылғы жылдық мөлшері 5,8 пайыз болды. Бұл 2003 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін Ұлттық банк тарапынан ресми қайта қаржыландыру ставкасы бірнеше рет төмендетіліп, қазіргі кезде 7 пайызға тұрақтады. Нәтижесінде инфляция төмен. Сондай-ақ айтарлықтай оқиғаның бірі Үкіметтің 4 банкке - БТА, Қазкоммерцбанк, Халық, Альянс банктеріне көмек көрсетіп, қаржылай қолдау білдіруі болды. Осының нәтижесінде өтер жылдың ең басты оқиғаларының бірі болады деп болжанған, банкроттықтың қармағына ілініп кетеді делінген қос банк: БТА банкі мен Альянс банк өз кредиторларымен келісімге келіп, сыртқы қарыздарын қайта құрылымдауға келісім алды. Соңғысы бұны аяқтауға таяу. Жақында Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Альянс банктің басқарма төрағасы Мақсат Қабашев кредиторлар комитетімен келісім жасалынып біткенін, бұнымен банктің жаңа тынысы басталғанын айтты. Жалпы қайта құрылымдау 2010 жылдың наурыз айының аяғына дейін толық аяқталмақ.  Бұдан кейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ы банк акциясының 67 пайызына, ал кредиторлар комитеті қалған 33 пайыз акциясына ие болады. Қайта құрылымдау аяқталған соң банктің қарызы 150 миллиард теңгеге немесе 1 миллиард долларға қысқармақ. Мақсат Қабашев банктің жаңа жылдан соң несиелендіруді қайта жандандыратынын мәлімдеді. Сарапшылар пікірінше, бұл банктің шын мәнінде оңалып келе жатқанын көрсетеді. Ал былтыр алғашқылардың бірі болып банкрот болады делінген Альянс банк жағдайының  оңалуы Қазақстандық банк саласының оңалып келе жатқанының белгісі іспеттес.

Ал БТА банкінің өкілдері өз кезегінде кредиторлар комитетімен негізгі келіссөздерді аяқтағанын мәлімдеді. 7 желтоқсан күні Лондонда БТА банк пен кредиторлар комитеті «Негізгі коммерциялық шарттарға» (Principal Commercial Terms Sheet) қол қойды. Банк басшысы Әнуар Сәйденовтың сөзіне қарағанда қайта құрылымдау аяқталған соң БТА банк Қазақстан экономикасының жетістігі үшін қызмет жасайтын, табысты, ашық, жаңа қалыпта жұмыс істейтін қаржы институты болмақ. Бұл енді 2010 жылдың, сосын болашақтың еншісіндегі мәселе. Бастысы биыл Сәйденовтың сөзінше банк банкрот болудан аулақ, ары қарай жұмыс істейді.

2009-дың банк саласындағы айтулы оқиғаларының тағы бірі - қазан айынан бастап банктердің жеке капиталының көлемі 3-тен 5 миллард теңгеге дейін арттырылды. Бұл өзгеріс сарапшылардың пікірінше 12, Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың пікірінше 7, Қаржы нарығы мен ұйымдарын бақылау, қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша 9 банкті тоқыратады. Өйткені қазіргі қиын ахуал кезінде капитал арттыру қиынның-қиыны. Сарапшылар бұны жоғарыда біз айтқан банк саласын реттеу, дәлірек айтсақ, тазарту пиғылымен жүзеге асырылып жатқанын айтады. (Бұл да дағдарыстан шыққан қорытынды) Бұл өзгерістерге сай капитал арттыра алмаған банктер қазан айында-ақ банкрот болуы немесе өзге банктермен бірігіп кетуі тиіс еді. Алайда бұл «өте айтулы оқиға» 2010 жылдың еншісіне қалды.

Бұнымен қатар банк саласындағы айтулы оқиғалар тізбегіне БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Мұхтар Әблязов пен Альянс банктің құрылтайшылары Марғұлан Сейсенбаев, олардың  сыбайластарының шет ел асуын жатқызуға болады. Айта кетерлік оқиғалардың тағы бірі - бірқатар банктер сыртқы қарыздарының басым бөлігін қайтарғанын хабарлады. Мысалы Халық банкінің басшылығы өткен аптада баспасөз мәслихатын өткізіп, сыртқы қарыздар берешегінің көлемі 1,2 млрд АҚШ долларға қысқарғанын мәлімдеді. Банктің сыртқы қарызы 2008 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес 2,7 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде болса, қазіргі уақытта 1,5 млрд АҚШ долларды құрайды. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында банк 300 млн АҚШ доллары сомасындағы синдикаттық заемды жауып, қазан айында 200 млн. АҚШ доллары сомасындағы еурооблигацияларды өтеген. Мұның сыртында, Банк қазан айында 400 млн АҚШ долларынан және 300 млн АҚШ долларынан тұратын екі синдикаттық қарызды өтеп болған. Қалған қарыздарын қайтарым кестесіне сәйкес 2013, 2017 жылдар өтейтін болады.

Жалпы өтіп бара жатқан жыл банк саласы үшін қиын жыл деп болжанғанын жоғарыда айттық. Алайда сонау бір дағдарыссыз жылдармен салыстырғанда қиын, ал болжанғаннан оңай болғанын айта кету керек. Бұл да өтіп бара жатқан жыл оқиғаларының бірі.  Бұл ретте Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының, банктерге көмегінің өте орынды болғанын айтқан ләзім. Осы Үкімет көмегі мен реттеу мен бақылауды  қатаңдатудың, тиісті шараларды қолға алудың арқасында биылғы жылдың еншісіне сарапшылар мен сәуегейлер жазған «өте ірі» оқиғалар орын алмай қалды. Алғаны  жоғарыда айтылды. Қалғаны 2010 жылдың еншісінде. Елбасы жақында бірқатар БАҚ басшыларымен кездесуінде биылғы жылдың Қазақстан экономикасы үшін  оңды нәтижелермен аяқталып жатқанын айтты. Ал алдағы 2010 жыл Қазақстан үшін ЕҚЫҰ төрағалығына отырып, Кеден одағы іске қосылатын, еліміздің 2010-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының алғашқы 5 жылдығы жұмыс істей бастайтын жыл. Сарапшылар пікірінше 2010 жылы әлемдік ірі қаржы көздері жартылай болса да ашылуы тиіс. Демек дағдарысқа дейінгі қаржы көздеріне қол жеткізуге аздап болса да мүмкіндік бар. Бұнымен қатар дағдарыстың сабағы биылғы жылы отандық банктерде де ішкі қаржы көздерімен жұмыс істеу тәжірибесі қалыптасты.  Осы қол жеткізген жетістіктер мен алда орын алар орынды оқиғаларды ойласақ, алдағы жыл еліміз үшін,  экономика үшін, оның ішінде біз сөз қылған банк саласы үшін даму жылы боларына үміт бар.

Соңғы жаңалықтар