2009 жыл - Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында соны серпілістер жасалуымен ерекшеленді

Облыста халықтың жан басына шаққанда орташа ақшалай табысы 14 пайызға артты. Облыс көлемінде инфляцияны ауыздықтау барысында қабылданған шаралар тұтыну рыногында бағаның тежелуіне оңды ықпал жасады. Аймақтың атқарушы билігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұтыну рыногын әлеуметтік маңызы бар тауарлармен толықтыру бағытында көптеген жұмыстар атқарды. Жыл басынан бері 59 сауда кәсіпорнымен 16 меморандумға қол қойылып, 57 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізілді. Осының нәтижесінде облыс Қазақстандағы ең арзан аймақтар қатарынан берік орын алды. Нақты цифрларға жүгінсек, тұтыну тауарлары мен қызметтердің баға индексі 2008 жылдың қаңтар-қараша айымен салыстырғанда, осы кезеңде 106,5 пайыз құрап, республикалық көрсеткіштен төмен деңгейде қалыптасты.
Жалпы, Сыр өңірінде халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей ықпал жасайтын макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жемісті жұмыстар атқарылғанын айрықша атап өткіміз келеді. Облыс бюджетінің 2009 жылға бекітілген кірістері 15,2 млрд. теңгені құраса, жыл соңына қарай оның нақтыланған кірістері екі еседен асып түсті. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 2009 жылға 55,7 млрд. теңге болып бекітілсе, жүргізілген нақты жұмыстардың нәтижесінде ол 108 млрд. теңгеге жуықтады. Оның 64,6 пайызы әлеуметтік саланың шығыстарын құрап отыр.
Елбасының ұстанымына сәйкес облыс әкімінің тікелей бастамасымен инвестициялық жобаларды қаржыландыру жалғасын тапты. Жергілікті билік бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің ағымдағы шығынын қайта талдаудан өткізіп, маңызды емес шығындарды біршама қысқартты. Облыстың негізгі саласы - өнеркәсіп бойынша барлығы 530 млрд. теңгеге жуық өнім өндірілді. Мемлекет басшысының ұстанған экономикалық бағытына сәйкес облыста шикізатқа тәуелді болмау үшін инвестициялық жобалар қарқынды түрде жүзеге асырыла бастады. Осының нәтижесінде жыл басынан бері жалпы құны 30,4 млрд. теңгені құрайтын 9 жаңа өндіріс іске қосылып, 775 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге облыста 2010-2014 жылдары жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар тізімі әзірленді. Бұл алдағы бес жыл ішінде шамамен 300 млрд. теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осының өзі Сыр өңірінің болашақта өндірісті аймаққа айналып, бюджеттің қосымша кірісін қамтамасыз етіп, халықты еңбекпен қамтуға негіз қалайтын басты буын болып саналады. Экономиканың нақты секторындағы жағдайды сараптан өткізгенде өңдеу өнеркәсібінде қол жеткен жетістіктерді айрықша атап өту маңызды. Нақты кезеңде өткен жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 11,5 пайызға өсті.
Аймақта Елбасының тікелей қолдауы мен бақылауында тұрған маңызды жоба - «Қызылорда қаласының жылу-энергия көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жемісті жалғасын тапты. Облыс әкімі «ҚазТрансГазАймақ» мекемесімен тиімді келіссөздер жүргізіп, газды жеке тұрғын үйлерге қосу бағасын бұрынғыдан үш есеге дейін арзандатуға қол жеткізді. Қазіргі таңда қаланың көптеген аудандарына газ желісі жеткізілді. Алдағы жылы 15 мың жеке үй секторын газға қосу жоспарлануда. Осы жылдың басынан бастап тұрғындар үшін берілетін газдың 1 текше метрінің бағасы 6 теңгеден 3,6 теңгеге дейін арзандады. Бұл Қазақстан өңірлеріндегі ең арзан бағалар санатына жатады. Ал желтоқсан айының басында «Аралгаз» ЖШС бастамасымен салынған Қызылорда қаласындағы сұйытылған көмірсутек газын тасымалдау теміржол терминалы халыққа қызмет көрсетіп, арзан бағамен газ баллондарын тұтынушыларға жеткізіп беруді бастады. Осының барлығы, сайып келгенде, дағдарыс жағдайында облыс жұртшылығының әлеуметтік тұрмыстық ахуалын көтеруге үлкен ықпал жасауда.
2009 жылы облыстың агроөнеркәсіп секторында толағай табыстарға қол жеткізілді. Салада 29,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда, 5,4 пайыз жоғары. Саланы қолдауға мемлекет тарапынан 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Күріш тұқымы шаруашылығын дамытуға, саланы ғылыми қамтамасыз етуге облыс әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Нәтижеде, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 156,1 мың гектарға жеткізіліп, 2008 жылмен салыстырғанда, оның көлемі 9,9 мың гектарға артты. Бұл соңғы 10 жыл көлеміндегі ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Күріштің әрбір гектарынан 42,9 центнер өнім алынды. Ал жиналған өнім республика қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.
Облыс халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар кезең-кезеңмен жүзеге асырылды. Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 52 жоба жүзеге асырылып, аяқсумен қамтамасыз ету мақсатына бөлінген қаржы көлемі 10 есеге өсті. Сыр өңірінде сондай-ақ тұрғын үйлерді іске қосу бойынша бұрын-соңды атқарылмаған жұмыс көлемі жүзеге асты. 2009 жылдың соңына қарай 191,4 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер салынып, оның көлемі 2008 жылмен салыстырғанда, 21,5 пайызға өсті. «Тұрғын үй» бағдарламасы шеңберінде 9 жалға берілетін және 6 ипотекалық тұрғын үйлер құрылысы жүргізілді. Жалпы, құрылыс саласы бойынша облыс жыл бойында республика деңгейінде жоғары көрсеткіштермен көрінді. «100 мектеп» бағдарламасы аясында 7 мектептің құрылысы белгіленіп, 6-ауының құрылысы аяқталды.
Әлеуметтік саланың маңызды буыны - денсаулық сақтау саласы бойынша қазір облысымызда 45 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың ішінде облыстық медицина орталығы жанынан 20 төсектік кардиохирургия бөлімшесінің ашылуы аймақ өңіріндегі басты оқиға болып саналады. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерге жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің қағидасы бекітілді. Нәтижесінде, 50 жас маман елді мекендерге барып, мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. Олардың әрқайсысына 1 млн. теңгеден әлеуметтік көмек көрсетілді.
Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы іс-шараларды қамтитын «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруда облыс жемісті көрсеткіштерге қол жеткізіп, республикада бұл бағыттағы жұмыстар лайықты бағасын алды. Қызылорда қаласының өзінде 108 көше күрделі және орташа жөндеуден өткізілді. Қызылордада соңғы 30 жыл бойы шешімін таппай келе жатқан тұрғындардың басты проблемасы - Қызылорда қаласындағы аспалы теміржол өткелінің құрылысына қаржы бөлініп, жұмыс басталып кетті. Биыл сондай-ақ 20 жылға жуық уақыт бойы жабық тұрған Арал ауданының, Қамыстыбас елді мекеніндегі және Шиелі кентіндегі теміржол өткелдерінің құрылысы қолға алынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Жалпы, «Жол картасының» инвестициялық жобаларының төрт бағыты бойынша 231 жобамен жұмыс жүргізілді. Жобалардың негізі мектептерді, емханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеуден өткізуге бағытталды.
Мемлекет басшысы Қызылордаға сапарында: «Бүгінгі Сыр бойында серпінді серпіліс бар», деп соңғы жылдары аймақта атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Сөйтіп, Елбасының Қызылорда қаласына сапары өңір жұртшылығын жаңа жетістіктерге жігерлендірген айрықша оқиға болды.
2009 жыл, сондай-ақ Қызылорда қаласының -190, облыстың 70 жылдығы үлкен салтанатты жағдайда, есте қаларлықтай терең мазмұнмен аталып өтілген жыл болды. Бұл салтанатқа жыл бойы үздіксіз дайындық жасалып, үлкен ұйымдастырушылық шаралар жүргізілді. Салтанатқа дайындық барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін ауқымды жұмыстар атқарылды. Мерекелік шаралардың соңы аудандардың мерейтойына ұласып, ол тағылымы мол өнегелі істердің ұйтқысына айналды.