17:39, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
2009 жылдан бастап Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалары Үштігінің құрамына кірді ? Е.Ашықбаев
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2009 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ төрағалары Үштігінің құрамына кірді.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап көрсеткеніндей, ЕҚЫҰ ережелеріне сәйкес Үштікті Ұйымның қазіргі, алдыңғы және кейінгі төрағалары құрайды. Биылғы жылы ЕҚЫҰ Үштігіне Грекия (қазіргі төраға), Финляндия (2008 жылғы төраға) және Қазақстан (2010 жылы) қатысады. Үштік ұйым жұмысының барлық өлшемдерінің, яғни әскери-саяси, экономикалық және қоршаған ортаны сақтау, гуманитарлық іс-қимылдарды үйлестірудің маңызды құралы болып табылады. Сондай-ақ, Ұйым қызметіндегі сабақтастықты қамтамасыз ететін және Ұйымды басқаруда қазіргі төрағаға кеңес беретін орган болып табылады. Үштік мүшесі ретінде Қазақстан аталмыш органның жоғары деңгейдегі барлық кездесулеріне қатысады. Ал үстіміздегі жылдың соңғы айларынан бастап ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық форумы мен Басқару мен қаржы жөніндегі консультативтік комитетке төрағалық ететін болады. «Сондай-ақ биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Жерорта теңізіндегі әріптестерімен Ынтымақтастық жөніндегі Топқа төрағалық ететін болады. Бұл орган ЕҚЫҰ-ның 56 мүше-мемлекеті мен Алжир, Египет, Израиль, Иордания, Марокко және Тунисті біріктіреді. Қазақстан төрағалық ету кезеңінде Жерорта теңізі өңірлерінің ЕҚЫҰ-мен жақындасуына, диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуге ниетті. Өңірдегі сенім шараларын нығайту, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау сияқты мәселелерде тәжірибе алмасу да көзделуде. Сонымен бірге, Топқа қатысушы мемлекеттерді үстіміздегі жылы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезіне шақыру жоспарланып отыр.