2009 жылдан бері адам ұрлығының 900-ге жуық фактісі тіркелді - Қасымов

Комиссия мүшелері Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Барлық адамдарды күштеп жоқ қылып жіберуден қорғауға арналған халықаралық конвенциясына қосылуы кез келген адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі екенін атап өтті. 2016 жылдың наурызында БҰҰ Комитетінің оныншы сессиясында Қазақстан делегациясы конвенцияның қатысушысы ретінде міндеттемелерді орындау барысы жайында бірінші ұлттық баяндаманы қорғады.
Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, конвенция ратификацияланған 2009 жылдан бастап адамдарды ұрлағаны үшін қылмыстық жауапқа 456 адам тартылды. Белгілі болғандай, сегіз жылдың ішінде 888 адам ұрлау фактісі тіркелген, оның ішінде соңғы 3 жылда осындай 239 оқиға орын алды.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, азаматтардың бостандықтарын заңсыз айырғаны үшін 827 адам жауапқа тартылды, осы орайда 2009 жылдан бері 1643 адамды бостандығынан заңсыз айырудың фактісі тіркелді.
Сонымен қатар адам саудасы мәселесіне тоқталған министр, «осы қылмысты жасағаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ескерілген. Конвенцияны ратификациялағаннан бері адам саудасының 202 фактісі анықталды. Қылмыстық жауапкершілікке 123 адам тартылды. Адам саудасына қарсы іс-қимыл мақсатында ҚР ІІМ тарапы өзге де құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесе тиісті кешенді шараларды іске асыруда»,-деді.