16:22, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
2009 жылдың бірінші тоқсанында жалпы сомасы 450 миллион доллар болатын серпінді жобаларды қайта қаржыландыру жоспарланып отыр
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қоры 2009 жылдың бірінші тоқсанында жалпы сомасы 450 миллион доллар болатын индустриялық, инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларды қайта қаржыландыруды жоспарлап отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Индустриялық, инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларды іске асыру туралы айтатын болсақ, бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспары шеңберінде 2008 жылы Қазақстанның Даму Банкі екінші деңгейдегі банктердің 350 млн. доллар көлеміндегі жобаларын қайта қаржыландырды. Енді осы жылдың бірінші тоқсанында 400 млн. доллар шамасындағы жобаларды қайта қаржыландыру жоспарланып отыр», деді бүгін Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов. Оның айтуынша, тұрақтандыру шараларының жаңа жоспары аясында қордың қарауында қазір жалпы сомасы 16,7 млрд. доллар болатын 20 жоба жатыр, ал оның ішінде мемлекеттік қолдаудың жалпы ауқымы 4 млрд.доллар. «Бұлар энергетика, көлік инфрақұрылымы, мұнай-газ салаларына, өңдеу өнеркәсібіне қатысты жобалар. Осы жобаларға шетел инвесторларын тарту жоспарлануда», деді ол.