2009 жылға өкпеміз жоқ - саясаттанушы Әзімбай Ғали

0-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Әлемдік экономикалық және қаржылық дағдарыс жағдайындағы тығырықтан шығып келе жатқан Қазақстанның жолы қазір түрлі  халықаралық қоғамдастықтар тарапынан оң бағаланып жүр. Біз осыған орай өз пайымын білдіру үшін белгілі саясаттанушы, тарих ғылымының докторы Әзімбай Ғалиды әңгімеге тартқан едік. 
None
None

    - Әзімбай аға, өтіп бара жатқан жыл Қазақстан үшін қандай болды?

    - 2009 жыл Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Біріншіден,  экономикалық салада дүниежүзілік дағдарыс болды. Сол дағдарыстан шығу бағдарламасын жүзеге асыру керек болды. Осы тұста ең үлкен қиыншылықтар банк секторында кездесті. Еліміздің үш банкі банкроттықтың аз алдында тұрған. Мемлекеттің араласуынан кейін олар  аяғынан тұрды десем болады. Жалпы еліміздегі банктердің жағдайы тиянақты деп есептелінетін, бірақ іс жүзінде ол толықтай олай болмай шықты. Мемлекеттік банк секторының ең жедел дамыған тұсы рейтингті пайдаланып шетелдік  арзан несиені халыққа пайыздық үстемемен үлестіру болатын.  Сондықтан осы тұста олар үлкен сынақтан өтті. Мемлекет көмектеспегенде, қаржылық жүйе өте қиын жағдайда болар еді.  Жекеменшік банктер авантюралық және батыл банк саясатының негізінде елімізді тақырға отырғыза жаздады. Дегенмен мемлекет жүйеқұраушы банктердің 25 пайыз акциясын алып қадағалайтын болды. Төменгі пайызбен  алып, үстемелеп кім-көрінгенге қайтарылмайтын несиелерді беру дұрыс саясат емес еді. Бірақ ондай кемшіліктерді АҚШ пен  Еуропаның өзге елдері де басынан кешкен болатын. Мемлекет банк жүйесіндегі өзіне тиесілі активтерін енді сатуы керек. Өйткені мемлекеттік сектор дағдарыста ғана жақсы жұмыс істейді, ал ақша табуға келгенде жеке меншік сектор икемдірек. Сондықтан оларға ескерту жасап, активтерді өздеріне қайта сату керек. Екінші мәселе - өндірістің құлауы, мұнайдың, уранның, түрлі-түсті металдардың, бидайдың өтімінің азаюы экономиканың тау-кен шикізаттарын сату жағдайына әсер етті. Құлдыраған металл мен  мұнай бағасы енді ақырындап көтеріліп, есімізді жиып жатырмыз. Оған біріншіден арнайы бағдарламалардың, екіншіден - мұнайдың бағасының қайта көтерілуі нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз.

     - Мамандар экономиканың өзге салаларында да ілгерілеушіліктер бар дегенді айтуда. Бұл туралы не дейсіз?

         - Қарап отырсақ, 2009 жылы экономикамызда бәлендей құлдырау болмаған екен, тіпті жарты пайыздай өсу бар. Сарапшылардың айтуынша, ол  0,1-0,7 пайыз көлемінде болып отыр. Ал көрші Ресейде құлдырау 8 пайызды құрауда. Инфляция онда  8 пайызды, Қазақстанда  6 пайыз көлемінде. Яғни біздің жағдайымыз оларға қарағанда айтарлықтай жақсы. Тағы бір қиындық, біздің ауыл шаруашылығымызда кездесіп отыр. Айталық, биыл көп бидай егіп, бағасының төмендеп кететінін бағдарламадық,  есесіне  өсімдік майы жеткіліксіздеу боп қалды.

         Құрылыс саласына келетін болсақ, ипотекаға көп қарыз берілді де көптеген құрылыс компаниялары  өздерінің тапсырыстарын орындай алмай, біраз басшылары сотталып  кетті. Енді дағдарыс болды екен деп құрылысты тоқтатпай, пәтердің бағасын төмендетпей және халықты да пәтерсіз қалдырмай қолға алған  осы істі жалғастыра беру керек.  Тағы бір жақсы бағдарлама - жол картасы деп аталды. Бұрын-соңды бітпеген әлеуметтік жұмыстар, жолдар, коммуникация, жылу беру жүйелері қайта жаңартылды. Жұмыссыз жүрген жандарға жұмыс көзі табылды.       Сондықтан бұл өте тиімді де пайдалы бағдарлама болды.

         Осы арада сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының  оң нәтижелерін атай кеткен жөн шығар. Оны кейбіреулері дұрыс бағаламай жүр. «Тым қатты кетті, «1937-38 жылдар қайта басталды» деп айтқандар да болды. Қай ел болмасын, ұрлық мемлекеттік секторда көп болады. Сондықтан мемлекеттік секторды қысқарту керек. Жемқорлықпен айналысып, келеңсіз жағдайға ұшыраған біраз жігіттер ұсталып, сотталды. Жемқорлықпен күрестің бір жақсы жағы - Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы 10 тармаққа көтерілді. Яғни дүниежүзі қауымдастығы, дүниежүзілік капитал Қазақстандағы күрестің шын екенін көрсетті.

     - Ккелер жылға қандай болжам жасайсыз?

       - Қазақстан  ЕҚЫҰ-ға басшылық етпек. Өз тәуелсіздігін алғанына 18 жыл өткен жас мемлекет  үшін бұл оңайға түспейді. Өйткені бір жағымызда Ресей, екінші жағымызда Еуропа елдері біздің сөзімізді сөйле дегендей болып тұр.  Қазақстан өзінің қағидалық ұстанымын көрсетіп, еш мемлекеттің жетегінде кетпеуге көп күш жұмсауы тиіс. Ал экономикалық мәселелерде басты оқиға Кеден одағының жүзеге асуы  болмақ. Оның жақсы жақтары да, жаман  жақтары да бар. Мысалы автокөлік нарығы қысылуы мүмкін.  Ресей өзінің өтпеген көліктерін бізге өткізіп, шетелден келетін көліктерді кіргізгісі келмейді. Сондықтан біз олардың көлігін алуға мәжбүр боламыз. Сонымен қатар Ресейдің, Беларустың импорттық ет, сүт өнімдері көбейіп кету қаупі бар. Оның алдын алу үшін  шағын және орта  кәсіпкерлікке белгілі жағдайда үкімет тарапынан көмек көрсетілуі керек деп ойлаймын.

        - Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар