2009 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыссыздықтың өсуіне жол бермейді және белгіленген бағдарламалар арқылы жаңа жұмыс орындарын жасақтайды

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғандай, ақпанның 2-сінде өткен Үкімет отырысында 2008 жылдың негізгі қорытындылары талқыланып, 2009 жылдың міндеттері анықталды. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің атқарған шаралары мен алдағы міндеттер тақырыбы бойынша ҚазАқпарат ақпараттық-анықтамалық материалды ұсынады.
None
None
2008 жылы ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемінің өсуі қарқыны 17 пайызды құрады. Еңбек өнімділігі де арта түсті. Негізгі капиталдағы инвестиция 21 пайызға, ал орташа айлық мөлшері 21,5 пайызға жоғарылады. Өңделгеннен кейінгі астықтың жалпы көлемі 15,6 миллион тоннаны құрады және оның сапасы өткен жылдарға қарағанда айтарлықтай жоғары болып шықты. Сонымен қатар экспорттық мүмкіндік 6 миллион тоннаны құрады. Мал шаруашылығы бағытында мал басы өсімінің қарқыны мен бұл саладағы өнім өндірісінің көлемі өткен жылдардың деңгейінде сақталып, 5-7 пайыз төңірегінде болды. Атап айтқанда, мал табындарының генетикалық әлеуеті оңалып, асыл тұқымды мал басының саны орташа есеппен 8-10 пайызға өсті. Өткен кезеңнің барлық қиындықтарына қарамастан, жалпылай алғанда қайта өңдеу бағытында өндірістің тұрақтылығы сақталды. Өңдеу саласының өсімі индексацияны есептегенде 0,5 пайызды құрады. 11 айдың ішінде ауыл шаруашылығы өнімі экспорты мен оның өңделген өнімінің көлемі 57 пайызға жоғарылап, 2,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Осы арқылы экономиканың аграрлық секторы экспорттық-импорттық операцияларда оң сальдоға қол жеткізді. Астық бойынша экспорттық арналарды кеңейту жұмыстары жалғасты. Сондай-ақ Ресей нарығында қазақстандық еттің экспорты басталды. Астық, өсімдік майы, күріш, ет, құрғақ сүт секілді әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорлары құрылды және олардың экспортына шектеу енгізілді. Ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты бизнес құрылымдардың жауапкершілігін арттыру мақсатында тиісті меморандумдарға қол қойылды. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының негізін қалайтын дақылдарға бөлінетін субсидияның мөлшері артты. Астананың азық-түлік белдеуінің шекаралары бекітіліп, елорданың азық-түлік нарығындағы ахуал талданды және аталған белдеудегі өндірісті дамытудың басым бағыттары анықталды. Қазіргі кезде Ұлттық холдинг жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден астам қаржыға 54 бизнес жобаны несиелендірді. Осы тектес азық-түлік белдеуін Алматы маңында да құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бір ауыл тұрғынына есептегенде елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру көлемі 60 пайызға өсті. Өз кезегінде бұл құрылыс көлемін, әлеуметтік, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымдарды қайта жөндеу шараларын арттырып, ауылды жерлерде телефон орнату жұмыстарын қамтиды. Ауылды жерлердегі кадрларларды бекіту мәселесін шешу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Алдағы уақытқа қойылған міндеттерге тоқталсақ, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің күшімен агроөнеркәсіптік кешеніндегі басым бағыттарында озық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, Астана мен Алматы маңында азық-түлік белдеуін құру бойынша басталған жұмыстарды аяқтау, көктемгі егіс науқанын жоспарланған көлемде және жоғары сапамен оңтайлы мерзімде өткізу, отандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтағы өтімділігін қамтамасыз етуде қажетті жағдайды қалыптастыру, халықаралық стандарттарға сәйкес мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды мәселелер ескерілген. Қаңтар айында Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ведомство алдына бірқатар қосымша тапсырмаларды жүктеді. «Мұнай және қымбат металдар бағамдарының арзандауына қарамастан ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша кейбір бюджеттік болжамдарды қайта қарастырмақпыз. Ал еліміздің ауыл шаруашылығы саласына бекітілген қаржылық ресурстар қайта қаралмауы тиіс», - деді Премьер-Министр. Отандық ауыл шаруашылығы тауарларын шығаруда әлемдік стандарттарды сақтауға шақырған Үкімет басшысы, «еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы экспорты баратын елдер протекционистік саясатты жүргізуді бастауы мүмкін. Сондықтан біз барлық санитарлық және ветеринарлық нормаларға қатысты жоғары деңгейді сақтап қалуымыз шарт. Егер талаптар сақталмаса онда бұл экспорт жабылып қалады», - деді. Мұнымен қоса Кәрім Мәсімов ауыл шаруашылығында жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуді, сондай-ақ белгіленген бағдарламалар арқылы жаңа жұмыс орындарын жасақтауды тапсырды.
Соңғы жаңалықтар