2009 жылы Ресей мен Украинада өнеркәсіп өндірісі құлдыраса, Қазақстанда өсім байқалды

рецессияға жол берілмеді. Керісінше 2009 жыл Қазақстан экономикасының тарихында банк секторының тұрақтандырылғанымен, құрылыстағы қордаланып қалған проблемалардың шешілгендігімен, агроөнеркәсіп кешенінің кемелденуімен, өнеркәсіп өндірісі саласындағы көрсеткіштердің жақсарғандығымен, инвестициялық саясатқа секем түспегендігімен, сондай-ақ индустриялық-инновациялық дамудың даңғыл жолға түскендігімен қалды. Жалпы еліміз 2009 жылды әлеуметтік экономикалық тұрғыдан алғанда табысты аяқтады. Мемлекетіміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына көз тіге отырып, 2009-ды шын мәнінде дағдарыстан дамуға бет алған кезең болды деп бағалауға толық негіз бар. Жыл қорытындысы бойынша ел экономикасы қалпына келе бастағанын көрсетіп отыр. 2009 жылдың 11 айының ішінде 2008 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бірқатар салаларда көрсетіштердің өсімі байқалды. Мәселен, өнеркәсіп өндірісі - 0,7 пайызға, тау кен өнеркәсібі- 5,7 пайызға, газ конденсатын қосқанда мұнай өндіру - 8,0 пайызға, табиғи газды өндіру - 9,0 пайызға ауылшаруашылығы - 10,6 пайызға, жолаушылар тасымалы - 1,8 пайызға, байланыс қызметі - 8,0 пайызға өссе, негізгі капитала салынған инвестиция 2,3 пайызға ұлғайған. Жыл қорытындысы бойынша инфляция 6,2 пайызды құрайды деп болжануда. Бұл 2003 жылдың қыркүйегінен бергі ең төменгі деңгей болып табылады. Жұмыссыздықпен күресте де айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алдық. Бұған ең алдымен «Жол картасы» бағдарламасы зор көмегін тигізді. 2009 жыдың қараша айында жұмысыздық деңгейі 6,5 пайызды құрап, 2008 жылдың қарашасымен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармақа төмендеді. Республикамыздың экономиасында 2009 жылдың қараша айында 7,9 млн. адам жұмыс істеді, бұл оның алдындағы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,7 мың адамға көп. Жылдың күрделі болғандығына қарамастан, елімізде құны - 3 млрд. АҚШ доларынан астам 170 өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жоба іске қосылды. Ол кәсіпорындарда қосымша 9 мың тұрақты жұмыс орындары құрылды. Бұл цифрларға көз жүгірте отырып Қазақстан 2009 жылы туындаған қауіп-қатерлерді лайықты еңсере білді деп айтуға толық негіз бар.
Дағдарысқа қарамастан, ел экономикасы дамуда, тұрақсыздық жоқ. Үкімет экономиканы қолмен басқару режімін жалғастыруда. Бұл да оң нәтижесін бере бастады. Алдын-ала нәтижелер бойынша, Қазақстан 2009 жылы 0,5 пайыздан 1 пайызға дейінгі мөлшерде Ішкі жалпы өнімнің оң өсіміне шығып отыр. 2009 жыл жақын шет елдерде экономиканың құдырауымен аяқталандығын ескерсек, былтыр Қазақстанның аз да болса оң өсімге қол жеткізуін ел басшылығының, жалпы қазақстандықтардың айтарлықтай табысы деп сануға болады. Мәселен, Ресей Үкіметінің алдын ала бағалауы бойынша, 2009 жылы Ресей экономикасының құлдырауы 8,7 пайызды құрайтын болады. Ал, Украина экономикасы 12-14 пайыз шегінде құлдырайды деп болжанып отыр. Егер бұрындары Украина экономикасы жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші бойынша бұрынғы КСРО республикаларының ішінде екінші орынды иеленіп келсе, қазіргі уақытта Қазастандағы жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнім украиналық көрсеткіштен 2008 жылы бір жарым еседен астамға өсіп кетті. Сайып келгенде, бұның барлығы дағдарыс жағдайында шын мәніндегі зор жетістік. Бұл Қазақстанның экономикалық сясатының дұрыстығының бір айғағы іспетті.
Жалпы 2009 жылы ТМД- ның ірі экономикаларында декаплинг, яғни даму қарқынындағы айырмашылықтар жалғасты. ТМД-ның мемлекетаралық статистикалық комитетінің деректері бойынша, Украинада өнеркәсіп өндірісінің құлдырауы 2009 жылдың 11 айында 26,4 пайызды, Ресейде - 13,3 пайызды құраған. Ал бұл мезгілде Қазақстан ағысқа қарсы жүзе білді. Егер 2009 жылдың бірінші жарты жылдығында 2008 жылдың деңгейінен өнеркәсіп өндірісі көлемінің қалып қоюы 2,7 пайызды құраса, 10 айдың қорытындысы бойынша қалып қою 0,7 пайыздық өсіммен алмасты. Бұған өткен жылы жалпы құны 2,5 млрд. доллардан астам 22 ірі инвестциялық жобалардың табысты аяқталғаны себепші болды. Бұдан бөлек тағы 69 ауқымды жоба жүзеге асырылуда, бұлар бойынша инвестицияның жалпы көлемі - 32 млрд. доларды құрайды.
Үкімет өткен жылы өңдеуші өнеркәсіпті қосымша қолдау туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ол бойыша экономиканың өңдеуші секторын қолдауға бас-аяғы 80,5 млрд. теңге бағыттау көзделіп отыр. Оның 42 млрд. теңгесі мемлекеттің қаржысы, 8,5 млрд. теңгесі басқа көздерден тартылады. Осы шараладың арқасында үш мыңдай жұмыс орындарына қолдау көрсетіліп, өңдеуші өнеркәсіпте қосымша 3500 жаңа жұмыс орындары құрылмақ.
Әлемдік дағдарыс ел экономикасына әсер еткенімен, инвестициялық тартымдылығына титтей де көлеңкесін түсіре алмады. Бұлай деуімізге Қазақстанның дағдарысқа қарамастан инвесторлар үшін ұзақмерзімді инвестициялық тартымдылықты сақтай алғандығы дәлел. 2009 жылдың қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға 3897,1 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл 2008 жылдың қаңтар-қараша айларымен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары. Бұдан бөлек, биыл халықаралық ынтымақтастық аясында Оңтүстік Корея, Қытай, Италия, Франция, Түркия және Беларус компанияларымен Қазақстан аумағында құны 25 млрд. АҚШ долларынан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластық жасалды
Мамандар 2009 жылды жайдан жай дағдарыстан дамуға бет алған жыл деп санап отырған жоқ. Елбасының тасырмасы бойынша бұл күндері бес жылдық Мемлекеттік үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол 2010 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін қабылданатын болады. Атап өтерлігі оны жүзеге асырудың құралдары, яғни өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы және индустрияландыру картасы, салалық бағдарламалар бекітілді. Бұл ретте мемлекеттік экономикалық саясаттың дәйектілігі сақталды. Бұл саладағы қолданыстағы құжаттар оңтайландырылатын болады. Үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы маңызды бағдарлама әрі таяудағы бес жылдағы Қазақстаның бүкіл экономикасының негізгі бағдары болмақ. Еліміз үшін маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 2010-2014 жылдарға арналан Индустриялау картасы аясында барлық қажетті ресурстарды жұмылдыру және туындаған проблемаларды шұғыл ешу үшін штабтар құрылмақ. 2010 жылы 44 жаңа жобаны жүзеге асыру жопарланып отыр. Олардың құрылысына 121 мыңнан астам жұмысшылар мен инженерлер тартылады. Биыл іргелі 70 жоба іске қосылады. Бұлар 2010 жылы ел экономикасын ілгерілету үшін атқарылатын жұмыстардың бір парасы ғана.
Тәуелсіздіктің 18 жылдығына арналған салтанатты жиында Президент: «2009 жылы біз экономиканы құлдыраудан мемлекеттік қаржы құюлар, экспорттық тауарларға бағаның аздаған өсімі және ішінара ішкі сұраныс есебі арқасында сақтап қалдық. Үкіметке біздің одан арғы барлық іс-қимылымызды егжей-тегжейлі саралау қажет. Міне, 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы осы мәселеге, әсіресе алғашқы бес жылда жауап беруі тиіс», деген болатын. Үкімет ендігі күш-жігерін осы мақсатқа жұмылдырмақ және атқарушы билік сенім үдесінен шыға алады деген ойдамыз.