«2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы Мәжіліс депутаттарының қолына тиді

АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ Үкіметтен Мәжіліске «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы келіп түсті.
None
None

Қыркүйектің 9-ы күнгі Палатаның жалпы отырысында осы заң жобасын өндіріске алу жөнінде қаулы шықты. Енді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті бұл заң жобасы бойынша жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлерінің болжамы және ел Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларының негізінде дайындалған.

2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері базалық сценарий кезіндегі орта мерзімді кезеңге арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде әзірленіп отыр.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы әлемдік экономика дамуының болжамды үрдістері, әлемдік тауар нарықтарындағы жағдай және қазақстандық экспорттың негізгі ұстанымдарына әлемдік бағаның болжамы негізінде әзірленді. Макроэкономикалық болжамды әзірлеген кезде 2009-2010 жылдардағы дағдарысқа қарсы шараларды іске асырудың әсері ескерілді.

2009 жылы әлемдік ЖІӨ төмендеуінен кейін халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша 2010 жылдан бастап әлемдік экономика біртіндеп жанданады және қалпына келеді деп күтілуде. Әлемдік экономиканың және энергоресурстар мен шикізатқа сұраныстың қалпына келуіне қарай халықаралық ұйымдар мұнайға, металға әлемдік бағаның біртіндеп көтерілуін болжайды. Әлемдік экономиканың даму перспективаларын ескере отырып, қазақстандық экспорттың негізгі тауарларына әлемдік бағаның күрт өсуі күтілмейді.

Дамудың базалық сценарийі мұнайға әлемдік баға (Brent) 2009-2010 жылдары бір барреліне орташа алғанда 50 АҚШ доллары деңгейінде, 2011-2012 жылдары 60 АҚШ доллары деңгейінде болады деп болжап отыр.

2009 жылы экономиканың өсу қарқыны 0,1 пайызға дейін құлдырағаннан кейін нақты ЖІӨ-нің өсу қарқынының 2010 жылы 2,4 пайыздан 2012 жылы 2,9 пайызға дейін біртіндеп ұлғаюы болжанып отыр.

Нақты сектордағы өсу және көрсетілетін қызметтер көлемінің өсуі орта мерзімді кезеңдегі экономканың өсуіне ықпал ететін болады.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің өсімі 2010-2012 жылдары 3,3-4,0 пайызды құрайды. Өнеркәсіп өнімі көлемінің орташа жылдық өсімі 2010-2012 жылдары 3,3 пайызды құрайды. Тау-кен өндірудегі сияқты, өңдеу секторындағы өндіріс көлемінің ұлғаюы да өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсуіне ықпал ететін болады.

Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 2009 жылы 75,0 млн.тоннадан 2012 жылы 83,0 млн.тоннаға дейін ұлғаяды.

Өнеркәсіп өндірісінің ұлғаюы құрылыс және қызмет көрсету көлемінің өсуіне ықпал етеді. Құрылыс көлемі қарқыны өсімінің 2010 жылы 1,0 пайыздан 2012 жылы 2,5 пайызға дейін, қызмет көрсету көлемінің тиісінше - 2,0 пайыздан 2,8 пайызға дейін ұлғаюы болжануда.

Әлемдік сұраныстың және қазақстандық экспорттың негізгі тауарлық құрамдас бөліктеріне әлемдік баға деңгейінің жоғарылауы және экономиканың өсу қарқынының ұлғаюы экспорт пен импорт көлемінің артуына ықпал ететін болады.

Соңғы жаңалықтар