2010 жылдың 1-ші тоқсанында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында индустриялық-инновациялық және инвестициялық жобаларды іске асыру басталмақ

АҚТАУ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Маңғыстау облысының әкімшілік ғимаратында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында іске асыру үшін белгіленген индустриялық-инновациялық және инвестициялық жобалардың тұсаукесері болып өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа жобалардың тұсаукесерінде Германияның «Funke Kunstoffe GmbH» компаниясының атқарушы директоры Питер Кох пен Қазақстанның «T.E.S.C.O» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Қанат Мыңбаев салынатын зауыттардың шығаратын өнімдерімен таныстырды.

«Біз Қазақстан рыногының мұқтаждары мен қажеттілігін қамтамасыз ету үшін полехлорвенилді профильдер мен фитингтер өндіретін зауыттың құрылысын салмақпыз.Шығарылатын бұйымдар KS Phоenix және KS Helios сияқты бір-біріне тәуелсіз екі терезелік-профильдік жүйелерден тұрады. 2010 жылдың бірінші тоқсанында құрылысы басталатын зауыттың құны 30,4 млн АҚШ долларын құрайды. Алғашқы кезеңде оның 18 миллионын игереміз»,- деді Питер Кох.

«Tulpar Energy Services» компаниясының басшысы Қанат Мыңбаевтың айтуынша, олар теңізде қолданылатын контейнерлер құрастыру мен теңіз платформалары үшін тұрғын модульдерді жасауды қолға алмақ.

Резеңке, пластмасса және дайын металл бұйымдарын шығаратын монтаждау кешенінің құрылысы 2010 жылдың бірінші тоқсанында басталады.

Құны 1,4 млн АҚШ доллары тұратын зауыт өз өнімдерімен мұнай-газ, көлік, азаматтық құрылыс және теңіз салаларын қамтымақ. Сонымен қатар аммиак пен түйіршіктелген карбамид шығаратын тағы бір ірі зауыт бой көтергелі отыр.

Жалпы құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын «Каспий Азот» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кешені құрамында азоты бар минералдық тыңайтқыштар өндірмек. Мұнай өңдеу де қолға алынғалы отыр.

«ХаКоОйл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дистилляттар мен мазуттың әртүрлі фракцияларын алу үшін мұнай мен құрамында мұнайы бар қалдықтарды өңдейтін шағын зауытты іске қоспақ.

Құрылысы алдағы тоқсанда басталатын зауыт мұнай еріткіштері мен тұрмыстық керосин, дизель отыны мен мазут шығарады.

«Caspian Contractors Trust» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің минералдық тыңайтқыштар өндіретін өнеркәсіптік кешені облыстағы ірі зауыттардың бірі болады.

1915,0 млн ҚШ долларына салынғалы отырған зауыт аммиак пен карбамид шығарып, өз өнімдерімен ауыл шаруашылығы мен химия өнеркәсібі салаларын қамтымақ.

Жаңа жобалармен танысу барысында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» мемлекеттік мекемесінің директоры Ерғали Қаюпов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне салынып жатқан №3 субаймақты электр энергиясымен қамтамасыз ету нысанының құрылысын аралатып көрсетті.

«Айком LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізіп жатқан кіші стансы басында «ҚазТрансАймақ»» акционерлік қоғамының Маңғыстау өндірістік филиалының директоры Ибулла Серді қысқаша сұхбат беріп, арнайы экономикалық аймаққа облыс басшылығының қолдауымен сағатына 8 мың текше метр көгілдір отын өткізе алатын 3029 метр газ құбырын өз қаражаттарына үш айдың ішінде тегін салып бергенін айта келіп, 87 млн теңге жұмсалған газ құбырының экономикалық аймақтың барлық нысандарын газбен толық қамтамасыз ететіндігіне сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар